Көкбай көркейіп келеді
Абай ауданындағы тірек ауылдарының бірі – Көкбай. Ұлы Абайдың ақын шәкіртінің атын иеленген елді мекен тірек ауылы атанғалы бері тіпті ажарланып кетіпті. Бір байқағанымыз, шаруасы шалқып, тіршілігі түзелген тұрғындардың да көңіл күйі көтеріңкі. Шынында да Көкбайдағы көп дүние басқа ауылдарға да үлгі болатындай екен.
Мәдениет үйі менмұндалап тұр

Көкбайға барған адамның көңілі көркейіп қалады екен. Сұлтанмахмұтша айтсақ, «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп мақтана көрсететін дүние Көкбайда көп көрінеді. Ауылдық округтің бас маманы Гүлғайша Ақшолақова бізге жұмыс бабымен аудан орталығына кеткен әкімнің орнын жоқтатпай, ауылды аралатып шықты.
Ең алдымен, ауылдық мәдениет үйіне бардық. Еңселі ғимарат анадай жерден-ақ менмұндалайды. 2009 жылы «Жол картасы» бағдарламасы аясында семейлік «Нагель» құрылыс компаниясы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген мәдениет үйі аудан орталығы Қарауылдан кейінгі ең ірі өнер ошағы болып саналады. Қазір мәдени шаралардың бәрі осынау жаңа заман талабына сай жаңарған өнер ошағында өтеді.
– Бұрын әр жерді сағалап жүрсек, қазір 180 адамға шақталған мәдениет үйіміз бар. Мұнда 12 адам жұмыс істейді. Ауылымызға көрші ауылдың өнерпаздары да келіп, концерт қойып тұрады. Жақында Семейдегі «Дариға-ай» жастар театры келмекші, – дейді Көкбайдағы мәдениет үйінің меңгерушісі Жұмағали Қожабек.
Десе де, мәдениет саласында істейтін қызметкерлердің алатын жалақысы туралы сұрағанымызда Жұмағали сәл қысылып қалды. Ауыл өнерпаздары небәрі 18-19 мың теңгені қанағат тұтады екен. Сонымен қатар, мәдениет үйінің меңгерушісі Жұмағали Қожабек өнер ошағына дыбыс күшейткіш аппараттар мен аспаптардың да қажет екенін тілге тиек етті.
Саябақ та, футбол алаңы да бар

Көкбай ауылындағы тағы бір көз тартарлық орын – саябақ. 2012 жылдың мамыр айында жөнделіп, пайдалануға берілген саябақтың қызығын қазір көкбайлықтар көріп отыр. Әсіресе, жаздың күндері ауыл тұрғындарының бас қосатын жері – осы. Әдемі сахнасы да бар. Ауыл-аймақ көлеміндегі небір мәдени, спорттық іс-шаралармен қатар бұл жерде жастардың би кештері де ұйымдастырылады. Осыдан бір-екі жыл бұрын саябаққа отырғызылған ағаштар да желкілдеп өсіп қалыпты. Саябақтағы «Ұлылар тұғыры» мен «Ел ағаларына» арналған стеллаларды да мұнда келушілер қызыға тамашалайды. Мұны ауылдан шыққан ардақты азаматтарды аялаудың үздік үлгісі деуге болатындай.
Саябақтың жанынан заманға сай футбол алаңы орын теуіпті. Біз барғанда мұнда ауылдағы «Балауса» балабақшасының бүлдіршіндері ойнап жүрді.
– Балалар осы жерде ойнағанды жақсы көреді. Әрі бұл жер қауіпсіз, – дейді балалар бақшасының тәрбиешісі Еркеш Қазкенқызы.
Кәсіп болса, нәсіп те болады
Көкбай ауылдық округінің бас маманы Гүлғайша Ақшолақованың айтуынша, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында бұл ауылда 48 адам шағын несие алыпты. Солардың бірі – Берік Өміртаев. 2013 жылы аталған бағдарлама бойынша 1 миллион теңге несие алып, дөңгелек жөндеу шеберханасын ашқан Беріктің қолы қазір жүріп тұр.
Беріктің әкесі Өміртай Ғалиев те кәсіптің көзін тапқан адам. Ол «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы арқылы екі миллион теңге несие алып, ауылда 250 адамға арналған «Болат ата» деп аталатын тойхана салып, 4-5 адамға жұмыс тауып беріп отыр.
Ауылда кәсібін дөңгелетіп отырғандардың тағы бірі – Оразғазы Әбілқасымов. Өмір бойы дәнекерлеуші болып жұмыс істеп келе жатқан Оразғазы аға бұл істің қыр-сырын жақсы біледі. 2000 жылдан бастап жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, тірлік жасап келеді. Өткен жылы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша 1 миллион теңге несие алған Оразғазы бұл қаржыға шеберханасын кеңейтіп алыпты. Аттың тағасы дейсіз бе, шеге дейсіз бе, ою-өрнекті қақпалар мен темір пештер дейсіз бе, он саусағынан өнер тамған шебер бәрін жасайды. Тіпті, жылу жүйесін тартқызу үшін кейде семейдегілер де оны аттай қалап шақырып алатын көрінеді.
– Негізі мен үш миллион теңге несие сұрағанмын. Бірақ бұған да қанағат. Жасайтын дүниелерімнің бағасын алдын ала келісеміз, жұрттың жағдайына да қараймын. Қатып қалған баға жоқ, – дейді темірден түйін түйген шебер.
– «Еңбек етсең, ерінбей, тояды қарның тіленбей» дейді ғой Абай атамыз. Өз кәсібіңді сүйсең, нәсіп те болады. Ең бастысы, өз өнеріңді сүйе білуің, бағалай білу керек. Өнер мен еңбек ұштасып жатса, жұмыстан бір нәтиже шығады, – дейді тағы да.
Дәріхана қажет-ақ
Бұл ауылда 2008 жылы 50 балаға арналған «Балауса» балабақшасы ашылған. Ата-аналар небәрі екі жарым мың ғана теңге төлейді. Бірінші топ 1-3 жас аралығындағы балаларға арналса, екінші топта 3-5 жас аралығындағы балалар тәрбиеленеді. Төрт үйірме жұмыс істейді. Барлығы 22 адам жұмыспен қамтылған.
Ал Көкбай ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда екі жоғары білімді дәрігер, төрт орта білімді медицина қызметкері қызмет етеді. Екі кісілік күндізгі стационар жұмыс істейді. Мекемеге 2010 жылы жаңа жедел жәрдем көлігі берілген.
– Күнделікті қабылдауға сырқаттанған адамдар көп келеді. Тұрғындардың көбін қан қысымы, жүрек-қан тамырлары аурулары мазалайды. Ауыл тұрғындарына жүректің, қант диабетінің дәрілері тегін беріледі, – дейді ауылдық дәрігерлік амбулатория меңгерушісі Гүлмира Қорбаева.
Ауылда дәріхана жоқ. Тұрғындар дәрі үшін аудан орталығы Қарауылға немесе Семейге баруға мәжбүр. Бұл мәселе әне-міне шешімін тауып қалады деп үміттенгендеріне де көп болды.
– Ауылда жоғары білімді фармацевт маман бар. Бірақ неге екенін кім білсін, дәріхана ашуға бір нәрсе кедергі болып отыр, – дейді Гүлмира.
Жиһаздарды өздері жасап алады

Көкбай ауылындағы орта мектепте 310 бала білім нәрімен сусындауда. Қазіргі күні бұл мектепте 47 мұғалім еңбек етеді. Бірақ шалғайдағы ауылдағы осынау мектептегі игі жаңалықтар бізді бей-жай қалдырмады. Бір атап айтарлығы, бұл мектептің өзінің жиһаз жасау цехы бар. Парта, орындық секілді оқушылар мен мұғалімдерге қажетті жиһаздардың барлығын дерлік ешкімге алақан жаймай өздері жасап алатыны құптарлық-ақ іс.
– Егер сатып алатын болсақ, бір парта 12-20 мың теңге тұрады. Ал өзіміз жасасақ бір парта небәрі екі, екі жарым мың теңгеге ғана түседі, – дейді мектеп директоры Жарқын Жаукенов.
Кейде көрші ауылдағы мектептерден де жиһаз жасауға тапсырыс түседі. Жиһазға керекті материалдарын өздері әкелсе, оларға тегін-ақ жасап беруге әзір.
Осылайша бұл мектеп 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуге әзірлікті бастап та кеткенге ұқсайды.
-Жаңа білім беру жүйесіне көшкенде мектебіміздің оқушылары қолөнер шебері, жиһаз жасаушы мамандығын қоса меңгеріп шығады, – дейді Жарқын Тұрсынғазыұлы. Сонымен қатар, алдағы уақытта шаштаразшылар мен тігіншілерді, дәнекерлеушілерді әзірлеуді де жоспарлап отыр.
Мектепте теплопон қондырғысы орнатылған. Жарқын Тұрсынғазыұлы мұның тиімді екенін, температураны қалағаныңша реттеуге болатынын айтады. Керек болса қосып, қажет емес болса, өшіріп қоясың. Бұрын осы мектепті жылыту үшін бір қыста 500 тонна көмір кететін.
Жалпы, бұл мектеп 1979 жылы пайдалануға беріліпті. Өткен жылы мектептің есік-терезелері мен еденін, жарық жүйесін жөндеуге бюджеттен 50 миллион қаржы бөлінген. Мектептің жанындағы интернатта алыс елді мекендерде тұратын 25 бала тұрып, білім алады. Сонымен қатар, биылдан бастап мектепте жылыжай да жұмыс істеп тұр. Онда мектеп ауласын көгалдандыру үшін әртүрлі гүл тұқымдары отырғызылып та қойыпты. Көгалдандыру демекші, мектеп ауласындағы ағаштан жасалған түрлі мүсіндер әдемі-ақ. Жаз кезінде аулада «Астана –бас қалам» атты шағын қалашық бой көтереді екен.
Мектеп директоры Жарқын Жаукенов бізге «Қазақстан жолы» кабинетін де көрсетті.
– Елбасымыздың «Мәңгілік ел» болу идеясын оқушының санасына қазірден бастап сіңіру қажет, – дейді мектеп басшысы.
Мейрамтай Иманғали