Қоғам

КӨК ТЕМІРДІ КӨКТЕ ОЙНАТҚАН АРУ

КӨК ТЕМІРДІ КӨКТЕ ОЙНАТҚАН АРУ

Ол әулеттің кенжесі болғандықтан ба, ауылды жерге тән үйдің де, түздің де шаруасын талғап-таңдамай-ақ атқара беретін. Қыстың күні жауған қарды күреп, жаз айларында салт атқа мініп, мал бағу, қорадағы малдың қыйын ойып, ала таңнан сиыр сауып тастау қаршадай Жадыраның үйреншікті ісі болып кеткен.
Содан да болар ол өзі қатарлас құрбыларынан анағұрлым шымыр, шиыршық атқан ширақ болып бойжетті. Ес білгеннен ұл балалармен ойнайтын. Солармен күресіп, солармен бірге доп қуып, қажет болса атқа міне сап, жүйтки жөнелетін. Кенже қызының ер балаға тән қайсарлығы мен әне-мінеден ыға қоймайтын өжеттігіне, қаршығадай қағілездігіне сүйсінген отағасы Шәдең баласының беті қайтып, сағы сынбасын деп еркелетіп, еркін өсуіне жол берген. Әке үміті алдамапты.
Жадыра жақында ғана гір көтеру спортынан еліміздің алтыншы мәрте чемпионы атанып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері куәлігіне қол жеткізді. Өткен жылдың күзінде Ресейдің Тюмень қаласында өткен Әлем чемпионатынан да олжалы оралған. Біз халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында кешегі Балуан шолақ бабасына ұқсап, гірдің тасын көкте ойнатып жүрген аруға жолығып, әңгімеге тартқанбыз.
– Мен Зайсан ауданының Дайыр ауылында дүниеге келгенмін. Мектепті де сол жерден бітірдім. Үйдегі бес баланың кішісімін. Асқар деген егізім бар. Әкем Шәден – біз ес білгелі бес уақыт намазын оқып, дін жолын ұстанған діндар адам. Анам Сағила – үй шаруасындағы қарапайым қазақ әйелі. Қолының ісмерлігі бар. Қыз балаға тән дәмдеп тамақ пісіруден бастап, сиыр сауып, тігін тігу секілді өнерлерді меңгеруде сол кісінің мектебінен өттім. Он-он бір жасымнан анама қолғабыс бола бастадым, – дейді жетінші сыныптан жеңіл атлетиканың жүгіру түрімен айналысқан спортшы қыз.
Жадыра мектеп бітіргесін Өскеменге оқуға келіп, таеквондошы Қуаныш Ысқақовтың жетекшілігіндегі шығыс жекпе-жегімен шұғылдана бастайды. Сөйтіп, үш жылдың шамасында біраз жаттығулар мен сынақтардан өтіп, әжептәуір тәжірибе жинақтап дегендей, енді үлкенді-кішілі жарыстарға қатысуға рұқсат алғанында жаттықтырушысы Алматыға қоныс аударады да, уақытша спорттан қол үзуге мәжбүр болады.
– Бірде, қаладағы автобустардың бірінде қазіргі гір спортындағы жаттықтырушым Әділ аға кездесіп қалды. Ол кісіні Зайсанда жеңіл атлетикамен айналысқан уақыттан танушы едім. Амандық-саулықтан соң өздерінің спорт клубына шақырды. Біраз ойланып, келісімімді бердім. Осылайша гір спортына ойламаған жерден келдім, – деп есіне алады Жадыра осыдан бес жыл бұрынғы жайтты.
Ол біздің «сонда сен бұрын-соңды темір-терсек көтеріп көріп пе едің? Табиғаты нәзік қыз балаға бірден көк темірмен алысу оңай болмаған шығар алғашқыда? – деген сауалымызға:
– Мен жастайымнан ауылда өстім де, кез келген ауыр жұмыстарды істей беретінмін. Мысалы, қыстың күндері құдықтан су алуға барғанда 40 литрлік су толы фляганы шанаға салу керек. Кей күндері ересектер немесе ауыл балалары көмектесіп жібереді. Ал ешкім болмай қалса, біреудің жәрдемін күтіп тұратын емес, су толы бөшкеңді әрі ырғап, бері ырғап жүріп, шанаға салып аласың. Сөйтіп жүріп әжептәуір шыңдалып алғанымды да байқамай қалыппын. Алғаш спортзалға келіп, 16 келілік гірді басымнан асыра бірден бес мәрте көтергенімде сол жерде жүрген ер балалар мен жаттықтырушылардың барлығы қайран қалған. Сөйтсем, алғаш жаттығуға келген қыз балалар 16-ны былай қойғанда, сегіз келілік гірдің өзін бір-екі мәрте әзер көтеретін көрінеді, – дейді бұл күнде гір көтеру спортының шебері атанған Жадыра Шәденқызы.
Жалпы, кез келген спорт түрі белгілі бір биіктіктерді бағындыру үшін көп тер төгуді қажет ететіндігі белгілі. Жақында ғана спортшыға қойылатын талап-шарттардың (норматив) барлығын орындап, халықаралық дәрежедегі спорт шебері куәлігін алған Жадыраның да көк темірге әуес болғалы біраз уақыты мен маңдай терін сарп еткені рас.
– Менің бұл жетістіктерге жетуіме, түрлі дәрежедегі жарыстарға барып-қайтуыма жаттықтырушыларым Владимир Гелерт, Думанай Мусин және Әділ Әбдіғалиев ағалардың еңбегі зор, – дейді бапкерлеріне ризашылығын білдірген алғыр шәкірт. – Сол кісілердің осы гір спортының қыр-сырына қанықтырып, өз білгендерін бүкпесіз үйретуінің арқасында ұсақ-түйек жарыстарды айтпағанда, алты мәрте ел чемпионатында топ жардым. 22 мемлекеттің спортшылары қатысқан Әлем чемпионатына қатысып, үшінші дәрежелі медаль жеңіп әкелдім. Көкшетауда өткен Қазақстан чемпионатында халықаралық спорт шеберлігінің нормативін орындадым. Ал оның куәлігін Қостанайда өткен ел біріншілігінде алтыншы рет чемпион болып тұрғанымда табыс етті. Бес жыл мерзімге бұл көрсеткіш аз ба, көп пе білмеймін.
Әлі есімде, ең алғашқы жеңіс дәмін осыдан төрт жыл бұрын Астана қаласында таттым. Ол кезде гір көтеру спортымен шұғылдана бастағаныма әлі жыл тола қоймаған еді. Сол жарыста 24 келілік гір тасын 70 мәрте басымнан асыра көтеріп, жарыс жеңімпазы әрі спорт шеберлігіне үміткер болып оралдым. Ал менің салмағымдағы қыздардың барлығы да шеберліктерін 16 келілік гірмен сынады. Мен жаттығу барысында 16 келілік гір тасын әр қолыммен жүз-жүзден екі жүз мәрте көтеруге қол жеткізгесін, бапкерімнің кеңесімен 24 келілік гір тасына көшкен едім.
Кейіпкеріміз сіз бен біз ойлағандай, күндіз-түні көк темірмен алысып, ақ тер, көк тер боп, өз жанын өзі жей бермейді екен. Бір мезгіл жаттығулары пен мектептегі мұғалімдік жұмысынан қолы қалт еткенде бала күнінде анасынан үйренген дәмі тіл үйірер құймақ пен манты тағамын әзірлеп, тіпті, қазіргі қыз балалардың қолынан келе бермейтін тігіншілік өнерге де уақыт табатын көрінеді.
Біздің халық қолынан бір емес, бірнеше өнердің түрі келетін дарынды жандарды «сегіз қырлы, бір сырлы» деп әспеттеп жатады. Осы мадақ шабыты келгенде жыр да жазып тастайтын, кез келген азаматыңмен ат үстінде жарысуға әзір тұратын, бүгінгінің темір тұлпары – автокөліктің де тізгінін қолына ала білген, тіпті, суға жүзуден де ешкімге есе жібермейтін Жадыраның өзіне сұранып-ақ тұрғандай.
Армансыз адам бола ма? Жадыраның да көкейінде жүрген армандарының бірі – болашақта өз атындағы спорт клубын ашып, қазақтың талантты ұл-қыздарын спорттың бір емес, бірнеше түріне баулу.
Айтпақшы, Жадыраның егізі Асқар қазір үйлі-баранды көрінеді. Жұбайы Айжан екеуінің екі баласы бар, ақар-шақар отбасы. Болашақта қазақтың сертке байлар семсердей бір азаматына адал жар, балаларына мейірімді ана болу да Жадыраның болашақ армандарының бірі.
Шойын темірді бұйым құрлы көрмей, ұршықша иіріп жүрген қазақтың шымыр қызы көздеген мақсаттары мен көңілдегі армандарына жетеріне сенімді.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button