Қоғам

Көк байрағымызды Өскеменнің көшелерімен алып жүрді

 Көк байрағымызды Өскеменнің көшелерімен алып жүрді


Шұғылалы күннің астында қалықтаған қыраны бар көк байрақ, ортасында шаңырақ бейнеленген пырақты Елтаңба, бойды шымырлатар Әнұран. Еліміздің егемендігін айшықтайтын осы бір қасиетті рәміздердің ресми түрде бекітілгеніне биыл 27 жыл толып отыр.

Осыған орай Өскемендегі «Нұрлы жол» саябағында «Біздің Ту! Біздің Елтаңба! Біздің Әнұран!» патриоттық іс-шарасыболып өтті. Қалалықтар мен шаһар қонақтары үшін сүйікті демалыс орындарының біріне айналып үлгерген баққа осы күні жұртшылық көп келді. Саябақ ортасындағы монумент түбінеөскемендік мекемелер мен кәсіпорындардың жұмысшылары, түрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жастар қауымы, мемлекеттік қызметшілер, спортшыларжиналды.

Іс-шара алдында төрге мемлекеттік рәміздер – Ту мен Елтаңба шығарылды. Жүргізушілер осы сәтте нышандардың қабылдану тарихы, оның сипаттамасы туралы мәлімет беріп өтті.

Көк байрағымыздағы күн – байлықтың, ал қыран еркіндіктің белгісі, сап тұсындағы қошқармүйіз оюы шексіз өмірді білдіреді. Аспан түсті көгілдір түс – бейбітшіліктің символы. Біздің көк туымыз әлем елдеріне жақсы таныс. Оны танытуға, әсіресе, саңлақ спортшыларымыздың қосқан үлесі зор. Дүниенің өзге жұрттары Қазақстан десе, бірден күні бар көк жалауды еске түсіреді.

Елтаңбамыз да көпшілікке етене таныс. Ол әлемдегі ең әдемі гербтер ондығынан ойып тұрып орын алады. Елтаңбаның қақ ортасындағы шаңырақ мемлекеттің іргетасы –отбасын айшықтайды, ал қанатты пырақтар – Есік қорымынан табылған сақ патшасының бас киімінен алынған элемент. Мүйізді әрі қанатты жылқылар – көне сақтар пайымында ерлік пен қайсарлықтың белгісі. Ал герб шекесіндегі бесжұлдыз еліміздің әлемнің бес құрлығына бірдей ашық екенін, бес құрлыққа да танылғысы келетінін әйгілейді.

Бір қызығы, Елтаңбаның алғашқы эскизінде жұлдыз болмаған, оны Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев гербтің ресми түрде бекітілер кезінде енгізіпті. Расында да қақ төбесіндегі жұлдызсыз нышанның толық емес екені байқалады.

Әнұранға келер болсақ, қазіргі қолданыстағы «Менің Қазақстаным» – Тәуелсіз Қазақстанның екінші ресми гимні. Ол 200 жылы қабылданған-ды. Оған дейінгі Әнұран да ерекше өр рухта болатын. Бірақ, сонау 60-шы жылдары жазылып, халықтың жүрегіне терең ұялаған, 86-ның қаһарлы желтоқсанында жастардыңқайратын шыңдаған Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтің осы өшпес туындысы гимн атануға барынша лайық болатын. Оның сөздеріне Елбасымыз біраз өзгерістер енгізді. Содан бері жаңа Әнұран жұртшылықпен біте қайнасып кетті.

Салтанатты шараға оралар болсақ, 27943 әскери бөлімінің офицерлері үстінде алтын бүркіт қалықтаған монумент түбіне рәміздердіәкеп қойған соң жас әнші, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Мәулен Ахметқалиев шығып, Әнұранды әуелете шырқады. Жиналған көпшілік қоса әндетті. Бұдан кейін көпшілік алдында қала әкімі Жақсылық Омарсөз сөйледі.

– Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, қастерлеу – біздің қасиетті борышымыз. Әрбір қазақстандықтың жүрегі «Менің Туым, менің Елтаңбамы, менің Әнұраным, менің Қазақстаным!» деп соғуы керек, – деді Жақсылық Омар жиналғандар алдында.

Салтанатты шарадан соң саябақта жергілікті шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті, әсіресе полиция департаментінің хоры шырқаған әндер жиналған қауымға ерекше әсер қалдырды.

– Бүгін біз ауқымды акция өткіздік. Жүз шақты жас белсенділер көлемі 12 де 24 метр болатын үлкен туды Өскеменнің басты көшелерімен алып жүрді. Түс ауа қасиетті Байрағымыз «Алтай, «КС-111», «КС-112» катерлерімен Ертіс өзенін бойлап өз саяхатын жалғады. Бұл керемет бір көрініс болды, – деді Өскемендегі жастар ресурстық орталығының жетекшісі, қалалық мәслихат депутаты Ринад Ахметжанов

Ұлық мейрам Өскеменде кең көлемде аталап өтті. Айталық, ниет білдіргендерқаладағы «Қазақстан» деген жазуы бар тауға жүгіріп шығудан жарысты. Бұл таудың ең ұшар басына тұғыр орнатылып, оған еліміздің көк байрағы тігілген, Елтаңбамыз орнатылып, Әнұран мәтіні бедерленген. Сондай-ақ шаһардың барлық ықшам аудандарында, мекемелер мен мектеп жанындағы лагерьлерде Әнұранды бірігіп орындау ұйымдастырылды.

Мейрам «Отанды жүрекпен сүю!» жастар акциясымен түйінделді. Іс-шара барысында қаланың қоғамдық орындарында жұртшылыққа көк жалаушалар таратылды.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button