Қоғам

Көк байрағымыз Өскеменнің барлық тұсынан менмұндалайды

Көк байрағымыз Өскеменнің  барлық тұсынан менмұндалайды

Бүгін – Мемлекеттік рәміздер күні

Бұдан бес жыл бұрын аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ бастамасымен Өскеменнің күн шығыс іргесіндегі таудың ең ұшар басына еліміздің көк байрағы тігіліп, баурайына үлкен әріптермен «Қазақстан» деп жазылған болатын.
Екі жылдан кейін тау үстіндегі алаңға амфитеатр салынып, аталмыш жазу және мемлекеттік Ту жаңартылған-ды. Ол жерге электр желісі тартылып, жазу мен байрақ түнде де көрініп тұратындай болды. Сондай-ақ, жалау саптың ұзындығы 40 метрге дейін ұзартылып, тудың көлемі едәуір ұлғайтылды. Содан бері Өскемендегі көк байрақ еліміздегі ең үлкен тулардың бірі болып саналуда. Теңіз деңгейінен 522 метр биіктікте желбіреп тұрған оның ені – 12, ұзындығы – 24 метрді құрайды. Ал ені 15, ұзындығы 30 метр болатын ең үлкен Ту Астанадағы «Атамекен» кешенінде тігілген. Айта кетерлік жайт, «Қазақстан» деген тау баурайына жазылған үлкен жазу елімізде тек Өскеменде ғана бар.
Кеше біз тауға көтеріліп, мемориалдық кешеннің ахуалын көріп қайттық. Қазір мұнда тудың тұғыры мен одан сәл төменде орналасқан ел атауын қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталыпты. Мемориалдық кешендегі мемлекеттік рәміздер – Елтаңба мен Әнұран да жаңаланған. Ал ең басты жаңалық – ауа райының қолайсыздығына байланысты алып туды көтеріп-түсіру енді арнайы электр қозғалтқыш арқылы жүзеге асырылатын болған. Бұл уақыт жағынан да аса тиімді. Осыған дейін көк байрақты тұғырына көтеру үшін кем дегенде жарты сағат кететін.
Мердігер ұйым – «ЮА Трансстрой» серіктестігінің мамандары кешенді ретке келтіру жұмыстарын сәуір айында бастапты. Жаз айларында мұнда келушілердің саны еселеп артады, шетелдік қонақтар да көптеп келеді. Сондықтан адамдар демалатын ағаш үйшіктердің іші-сырты жөнге келтірілген. Тауға көтерілетін жол бойындағы орындықтар боялып, тақтайшалардағы жазулар да жаңартылған. Мемориалдық кешен аумағы абаттандырылып, қау шөптер де қырқылыпты. Сонымен қатар, колонналардың жарылған тұстары сыланып, сынған плиталар ауыстырылған, жарықтандыру жүйесі жөнделген. Желдің жиі соғуына байланысты бұл жұмыстарды жүргізу де оңайға соқпаған көрінеді. Келешекте тауға Аблакетка кенті жағынан көтерілетін жол салу көзделуде.
Ел рәміздерінің қабылданғанына бүгін 22 жыл толып отыр. Осынау айтулы күн Өскеменде де кең ауқымда әрі ерекше ықыласпен мерекеленбек. Қала әкімі баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша, іс-шаралардың бір парасы осы тауда өткізіледі. Атап айтқанда, қала спортшылары арасында шыңға шығудан жарыс ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ, бұл күні мұнда жылдағы дәстүр бойынша мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданған жас мамандар еліне адал қызмет етуге салтанатты түрде ант береді.

Көк байрағымыз Өскеменнің  барлық тұсынан менмұндалайды

Қазір Өскеменге келетін қонақтардың жиі баратын орындарының бірі осы кешен десек қателеспеспіз. Ол ел арасында «Қазақстан» тауы деген жанама атқа да ие. Аспанмен тілдескен жалау мен жарқыраған жазу қаланың қай тұсынан болсын көзге оттай басылып, менмұндалап, елдігімізді айғақтап, рухымызды асқақтатып тұрғандай. Ұрпақ бойына ұлттық патриотизмді ешқандай насихатсыз-ақ, тек осындай символикалар арқылы да сіңіруге болады екен.

– Бұл – қаламыздың беткеұстар орны. Тауға, әсіресе, жастар жағы көп баратынын байқадым. Анадайдан мен мұндалаған қазақтың қасиетті көк байрағын көргенде, ұлттық рухың асқақтап, жүрегіңді мақтаныш сезімі билейді. Елтаңбада айбынымызды асырып тұр. Әнұран мәтіні тақтаға айшықты жазылған. Тау баурайындағы «Қазақстан» жазуы да көңіліңді көкке өрлетіп әкетеді. Осы жерге келген сайын мен еліміздің тәуелсіздігінің баянды болуын тілеймін ішімнен, – дейді С.Аманжолов атындағы ШҚМУ студенті Алтынай Рүстемова.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button