Қоғам

Көк байрақты желбіретіп, Астанаға жаяу барып қайтты

Көк байрақты желбіретіп, Астанаға жаяу барып қайтты


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жер-жаһанның әр қиырындағы қазақ біткеннің басын қосып, бір мүддеге жұмылдыруға бағытталған саясаты ұшарға қанат таппай жүрген қаншама қандасымызға қанат бітірді!

Ата-тегін ұмытпай, тілін таза, дінін берік ұстанған туысқандарымыз Отанға оралуда. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегендей, «Нұрлы көш» бағдарламасының арқасында өз жұртына оралған бауырларымыз әр салада кәсіппен шұғылданып, Отанымыздың көркейіп гүлденуіне, сан мен сапамыздың артуына толассыз үлес қосып жатыр.

Сондай жанның бірі – Өскемен қаласына қарасты Шығыс кентінің тұрғыны Ғалымжан Тоқтарұлын бүгінгі мақалада тілге тиек, ойға арқау, көпке мысал етпекпіз.

Ғалымжан Тоқтарұлы 1988 жылы Қытай Халық Республикасы Жеменей ауданында туған. Отбасын құрған, бір баланың әкесі. 2010 жылы шекараның бергі бетіне өтіп, атының қазығын Шығысқа қаққан. Ата-анасы Қытай Халық Республикасында ұстаз болып, 30 жыл жұмыс істеген. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың «Материалтану және жаңа материалдар технологиясы» мамандығын бітірген. Жастайынан ауыр атлетика, марафон сияқты спорттармен шұғылданыпты. Қазір Өскемендегі қалалық халыққа қызмет көрсету мекемесінде жұмыс істейді.

Ғалымжан «Отанға алам емес, берем деп келу керек» деген Елбасы сөзін өмірлік ұстаным етіп алған. Әлемді өзіне жалт қаратқан «ЕХРО-2017» көрмеге тарту ретінде Астанаға жаяу жетіп, елді сүйсінтті.

Көк байрағымызды жанына серік етіп, алыс сапарға шыққан Ғалымжанға жол бойындағы ауылдардың үлкендері бата беріп, кішілері ақжол тілеп, қой сойып ақ тілектерін білдірді.

Біздің атпал азаматтар, батыр да батыл жігіттеріміз жайсаң көңілді қолдаушы, ақеділ халқы тұрғанда егеменді қазақ еліміз ешнәрседен жеңіліп, ешнәрседен кем болмақ емес. Біз бірлігімізбен іргеліміз, біз Ғалымжандай жанкешті азаматтарымызбен қуаттымыз. Қазақстан барда, оның көреген ұлт көшбасшысы барда арамыздан ұлтжанды да қайсар жастар шыға бермек. Қазақ елі жасасын, Елбасымыз аман болсын! Еліміздің атақ даңқын асыратын осындай жастарымыз көбейе берсін!

Сарқыт Зарлықанқызы
Сағыр ауылы,
Ұлан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button