Қоғам

Көк байрақтың үстіне кір жайғандар кімдер?

Көк байрақтың үстіне кір жайғандар кімдер?

Мемлекеттік рәміздерді құрметтемегендерге шара қолданыла ма?
Исі қазақ баласының жүрегін елжіреткен көк байрақ алыстағы қандастарға қол жетпес арман болса, жақындағыға қолтығынан сүйер демеу болған.

Кешегі жау жырта алмаған байрағымызды бүгін өзіміздің жыртып жүргеніміз өкінішті, әрине. Олай дейтініміз, өткен жылы теледидардан бір сенбілікте шымкенттік жұмысшылардың басқа нәрсе табылмағандай мемлекеттік жалаумен қоқыс тасып жүргендерін көрсетті. Әрине, шымкенттік жұмысшылардың бүкіл қазақ елінің намысын арқалаған қара нардай қайыспас ұлдарымыздың байрақты бәсекелерде желбірете көтеріп жүрген көк байрағымызбен қоқыс шығарғандары, сөз жоқ, елдің намысына тигені анық. Қазақстанда тұрып, осы елдің отын оттап, суын ішіп жүрген, кез келген мемлекет тұрғыны ел рәмізінің қамқоршысы болғанның орнына, асыңды ішіп, аяғыңды теуіп, иесін қапқан бөлтірікке айналғандай әрекеттері жаныңды ауыртады. Тіпті, қайсыбір кәсіпкерлеріміздің өзі сапасы сын көтермейтін ұсақ-түйек заттар мен киім кешектерге мемлекеттік рәміздеріміздің суретін жапсырып, жарнамалап жататындары бар. Мұндай жәйттар туымыздың мәртебесін түсірмегенде қайтеді? Сауданың жолын тауып, тақыр басқа да тарақ сатқан саудагерлеріміз басқа жарнама ойлап тапса мүмкін мұндай жайттар азаяр ма еді?
Ата заңымызда «Мемлекеттік рәміздеріміз заң бойынша қорғалады» деп жазылған. Бірақ өзіміз тұрып жатқан Өскемен қаласының өзінде тоғыз жолдың торабына орналасқан Әуезов көшесінің бойындағы үйлердің балкондарының тақтайшаларына жабыстырылып қойған жалауымыздың бетіне «көрдіңдер ме?» дегендей кір-қоңдарын жайып қоятындар бар екен. Қарап тұрып ұяласың. Ұялып қана қоймайсың, кәдімгідей жүрегің ауырады. Ары-бері өткен жолаушылардың кейбірі мазақ қылғандай миығынан күліп өтіп жатады.
Бұған күлетін ештеңе жоқ. Керісінше күліп тұрып аяғыңнан шалатын, тойып секірген тоғышарларға тосқауыл болсақ, мұндай келеңсіздіктер орын алмас еді. Сондай-ақ, қала төңірегіндегі алыс-жақын орналасқан қайсыбір елді мекендердің мектептері мен мекеме орындарында да елдігіміз бен ерлігіміздің символы болған көк байрағымыздың кетеуі кетіп, күнге күйіп сетінеп кетсе ауыстырылмай тұратындығын көріп жүреміз.
«Ел болам десең, туыңды биік ұста!», – деп бабаларымыз текке айтпаса керек. Құзырлы органдар заң бұзушыларды қатаң түрде жауапқа тартса, көпшілік көңіліне кірбің ұяламас еді.

Таунар Қайрат

Осы айдарда

Back to top button