Қоғам

Киіз үйді керемет жабдықтап береді

Киіз үйді керемет жабдықтап береді


Шар қаласында қазақтың әрбір ұлттық мерекесінің сәнін келтіретін киіз үйге қажетті жабдықтарды тігетін шағын цех бар.

Онда «қошқармүйіз», «түйемойын», «дөңгелек жапырақшалар», «түйетабан», «шырмауық» сияқты ою-өрнектерден түскиіз, текемет, алаша, сырмақ, құрақ-көрпе, туырлық, желбау тәрізді жабдықтарды тігеді. Осыдан 24 жыл бұрын құрылған цехта бұдан бөлек, ұлттық нақыштағы көйлектер мен қыз жасауы, сондай-ақ, өндіріс орындары мен кәсіпорындардың жұмысшыларына арналған киімдер тігіледі. Өзіндік жаңашылдығымен ерекшеленетін қазақтың қолөнер туындылары жармалықтар тарапынан үлкен сұранысқа ие. Қазір цехта 10 адам жұмыс істейді. Тігіншілердің орташа еңбекақысы 40-50 мың теңгені құрайды. Ал тапсырылған жұмыс көлемі дер кезінде орындалып, тұтынушының көңілінен шығып жатса, қосымша үстемақы төленеді. Аталмыш цехтың басшысы Сәния Аутханованың айтуынша, киіз үй жабдықтарының бағасы тапсырыс берушінің қойған талабына байланысты екен.

– Біз әрбір тапсырысты ерекше етіп орындауға тырысамыз. Өйткені, тұтынушының көңілі толса, еңбегіміз де жемісті болмақ. Киіз үйге қажетті жабдықтарды жасау үшін алдымен киіз басамыз. Әрине, оны алдымен сабау, шабақтау, булау, білектеу сияқты процедуралардан өткіземіз. Одан кейін оюлап өрнек саламыз. Бұл шаруа көп уақытты алады. Өйткені, қазақтың әрбір оюының өзіндік мән-мағынасы бар, сондықтан оны орнымен пайдаланған жөн. Сонымен қатар, біз ұлттық нақыштағы көйлектерді жібек пен барқыт сияқты қымбат мата түрлерінен тігеміз, – дейді Сәния Аутханова.

Жарма ауданында Сәнияның тігін цехынан шыққан отандық өнімдерді кәдесый ретінде алатындар көп. Сондықтан келешекте тігіншілер ұлттық нақышпен безендірілген әмиян, сөмке мен белдіктер тігуді қолға алмақ. Тігін ательесіне келген адамның көңілін қайтармауға тырысатын Сәния Аутханова тұтынушының қалтасына салмақ түсірмеуге тырысады.

– Сәнияның қолынан шыққан киіз үйге қажетті жабдықтар заманауи стильде жасалған. Әркім өз талғамына байланысты тапсырыс беріп, үйіне қажетті жабдықты тіктіре алады. Қазақтың ұлттық нақыштағы осындай дүниелерін әзірлеумен айналысып, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген Сәнияға алғысымыз шексіз, – дейді тұтынушы Гүлнәз Әмірова.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button