Киіз үйге сұраныс жоғары
Соңғы кезде бизнес саласында ұлттық құндылыққа деген ұмтылыс басым, құлшыныс жоғары. Көптеген жас кәсіпкер бизнесін жаһандық сұранысқа негіздей отырып, ұлттық құндылықпен ұштастыруға тырысуда. Қазақтың ұлттық тағамдарын, бұйымдарын, өнері мен мәдениетін дәріптей жүріп, пайдаға кенеліп жүргендердің қатары көп.
Мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грантты ұтып алып, ұлттық құндылықпен ұштасыра бизнеске айналдырған кәсіпкерлердің бірі – зайсандық Тоқан Ұланбек. Кәсіпкер өткен жылы 560 мың теңге қайтарымсыз грант алған. Тиынды теңгеге айналдыру берекелі қолға байланысты болса керек-ті. Киіз үй жасаудың шебері Тоқан Ұланбек осы бір азғантай қаржыға өзіне керекті құрал-сайманның біразын сатып алған.
– Жалпы, бұл кәсіпті 2019 жылы бастаған едім. Ал грантты өткен жылы алдым. Қазіргі таңда Қазақстанның түкпір-түкпірінен тапсырыстар түсіп тұрады. Атырау, Орал, Нұр-Сұлтан және өзіміздің өңірден. Соңғы кезде Алакөл саяхат орнынан көбірек тапсырыстар түсіп жатыр. Тапсырыс берушілердің талаптарына қарай да жасап береміз. Біреулер сегіз қанат, біреулер алты және 12 қанат қылып жасатып жатады. Жалпы, жылына 30-дан астам киіз үй істеймін. Киіз үйге сұраныс көп, – дейді зайсандық кәсіпкер Тоқан Ұланбек.
Мүмкіндік болса, киіз үйдің шаңырағынан көкке көз жіберіп жатқанға не жетсін, шіркін! Болмағанда киіз үйді туризмнің тетігіне пайдаланып, өзгеге дәріптесек, артық болмасы анық. Бұл бастама – бизнес жолында да ұлттық құндылықтың ұпайын түгендеуге болатындығының дәлелі. Кәсіпкердің ісіне береке бергей.
Алтай Ғали-Асқар