Киіз үй – космостың көшірмесі

Жаңа ғасырға бет бұрған шақта жаһандық үрдіс қазақты жайлаудан түсіріп, көптеген салт-дәстүрлерімізді ысырып тастаған-ды. Тәуелсіздік алғаннан кейін көмескілене бастаған әдет-ғұрыптарымызды жаңғыртып, ұлттық құндылықтарды ұлықтау жолында мемлекет тарапынан бірқатар бағдарламалар жүзеге асып келеді. Биыл да Наурыз мейрамын мерекелеудің мазмұны артып, әр күнге атау беру арқылы кең көлемде тойлау қолға алынып отыр. Соның бірі – Жайлау күні.
Жайлау десе, көз алдымызға алты қанат ақшаңқан киіз үйдің сұлбасы елестейді. Өйткені көшпенділер өркениетінің осы бір өнер туындысының қазір жұрнағы ғана қалды. Десе де санамызда көшпенділердің байырғы баспанасы киіз үйдің киесі мен иесі туралы түсінік көп. Әуелгі қазақ «Ұранымыз – Алаш, керегеміз – ағаш» деген аталы сөз қалдырған. «Киіз туырлықты, ағаш уықты қазақпыз» деген де сүбелі сөз бар. Қазақ ұл-қызына бата бергенде «Шаңырағың биік, керегең кең, босағаң тең» болсын деген. Жалпы, қазақ халқы шаңырақты қасиетті санаған. Сондықтан да ұрпақ тараған үлкен үйді «қара шаңырақ» деп әспеттеген. Адам басын санауды ырымдап «пәленшенің әулеті пәлен шаңырақ болыпты» деген сөз сол адамның үрім-бұтағының өскендігін көрсеткен. Қай уақытта болмасын қазақ киіз үйдің киесіне бас иіп, иесіне сәлем берген. Киіз үймен байланысты аталы сөздердің астарына тоқталып, алдымен киелі шаңыраққа қарайық. «Шаңыраққа қара!» дейтін осы бір шектеу шектен шыққандарға ғана айтылып жүргені анық. Біз осы тіркесті ескерту ретінде ғана қарап, этиканың шеңберімен шектеп тастағандаймыз.
Әуелгіде қазақтың көне дүниетанымы тоғысқан қазыналы қара шаңырағын нұсқап, тентегін тезге салған бабаларымыз тыйымының тереңіне не жасырды екен?! Құрылымына сана-салтын, әдет-ғұрпын тоғыстырған қазақтың киіз үйінің астарлы ақиқаты көп. Үйдің жасалу барысының жаһандану ғасырындағы ғалымдарды таңғалдырған тұсы да болған. Киіз үй – бір тал шеге қағылмай, ешбір темір қосылмай жасалған әлемдегі жалғыз баспана. «Отауың орда болсын» деген тілекпен отау көтергенде ең әуелі шаңырақ көтеріледі. Шаңырақ көтерілгенде тыныштық орнауы шарт. Оның мәні – шаңырақ көтерілгенде, оған космостың құрылымы көшіріліп, Тәңірдің нұры құйылады. Жеті уық байланған соң барып шаңырақ көтерген адам бақаннан шаңырақты босатып, сыртқа шығады. Жеті уық шаншылғаннан кейін бақанын алмаса, «жетесізсің бе!» деп жекіп жатады. Осы бір күмбез пішінді шаңырақ күн астына көтерілгенде «шаңырағың биік болсын», «шаңырағыңа шаттық қонсын» деген тілектер айтылып жатады. Осы айтылған тілектің барлығы шаңыраққа қонақтайды екен. Шаңырақ тәңір мен адам арасындағы ақпарат алмастырушы рөлін атқарады. Қазақтың қара шаңырақты сақтауы да сондықтан. Бабаларының бата-тілегі, өсиет-өнегесі, киесі сақталған, сіңген деп білген. Сондықтан да қара шаңырақтың киесіне ұрынып, тәңірдің қаһарына қалмасын деп, «Шаңыраққа қара!» деп ескерту жасаған.
Әуелгі бір аңызда қасиетті Қас Сақтың жанын шаңырақты айнала ұшқан ақ бүркіт көкке алып кетеді. Аспантекті бабаға бірнеше мәрте есіктен кірген ажал жолай алмаған екен. Әзірейілді шаңырақтың киесі мен космостық байланысы өткізбесе керек. Қара шаңыраққа қатысты осындай аңыздар, толғамдар мен тіркестер, ырымдар мен тыйымдар көп-ақ. Көкке көтерілген кез келген шаңырақ – жер әлемнің кіндігі, космостың құрылымы. Сол төңіректің иесі. Жер иесі. Жан иесі. Әр ұрпақты шаңырақ киесімен, тәңір иесінің қаһарынан тентегін тежеп, «Шаңыраққа қара!» деп ескертіп отыруы осыдан шыққан.
Ел жайлауға көшкенде…
Жаздың қамын қыс ойлайтын қазақтың жайлауға дайындығы наурыз айынан басталады. Көктем келіп, қар көбесі сөгіле бере үй жабдығын жөндеуге кіріседі. Киіз үйінің керегесін көктеп, уығын қаламдайды. Биылғы 15 наурыздың «Жайлау күні» деп аталуының астарында осындай байырғы танымды таныстыру жатыр. Қазіргі таңда «Жайлау күні» деп атап, ағаш егіп, іс-шара өткізгеніміз болмаса, бұрынғы мәні басқаша болатын. Ел жайлауға көшердің алдында қыстауды айналдыра әр жерден от жағатын болған. Жағылған оттың арасымен малды айдап, артынан түйелі көшті өткізген. Бұл дәстүр «Отпен аластау» деп аталған. Көшер алдында мал-мүлікті пәле-жаладан, ауру-сырқаудан арылту мақсатында жасаған әрекет. Ал көштің алдында жүретін түйенің қомы мен шомын ою-өрнекпен көмкеріп, ерекше етіп сәндеген. Түйенің басына қырғауылдың қауырсындарынан төртбұрышты тәж типті қарақара таққан. Оны «Тәңір түйе» деп, көшті «Қарқаралы көш» деп атаған. Ол түйенің бұйдасын сол ауылдың жас келінін, немесе сыйлы әйеліне ұстатқан. Міне, осылай жайлауға да сән-салтанатпен, жөн-жоралғымен жол тартатын болған. Бұл үрдістің қазір жұрнағы мен жұқанасы ғана жазбаларда сақталып отыр.
Осы бір байырғы баспанада қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениеті шоғырланып, ғылымы мен білімі астарланғанын айтпай кетуге болмас. Киіз үйдің құрылымы мен құрылысын қысқаша тарқата кетейік. Жалпы, киіз үйдің құрылымынан көшпенді халықтың ғарыштық білімін, аспан әлемімен байланысын аңғаруға болатындай. Өз заманына сай өркениет жолындағы танымы мен талғамы, шеберлігінің ерекшелігі назар аудартады. Тарихқа тереңірек үңілер болсақ, ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы мемлекеттердің Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда деп аталуының өзі осы киіз үйге байланысты екенін Шоқан Уәлиханов жазған. Сондықтан да киіз үй құрылымының сәулет, сурет, қолөнер, құрылыс қатарлы бірқатар өнерден туған туынды екенін ескерген жөн. Өзге жұрт жылжымалы құрылыс деп таныған киіз үй ағаш, киіз, ши, қайыс, күміс қатарлы заттардан жасалады. Біздің ұлттың дүниетанымында киіз үйдің қалмақы және қазақы дейтін екі түрі бар. Қазақ киіз үйі толық күмбезді, қалмақ үйдің төбесі шошақ келеді. Киіз үйдің көлемі кереге санына қарай анықталады. Үш қанатты – қара үй, төрт қанатты – қоңыр үй, бес қанатты – боз үй, алты қанатты – ақ үй, сегіз қанатты – ақ ала орда, он екі қанатты – ақ орда, он сегіз қанатты – ақшаңқан, 24 қанатты – алтын үзік, отыз қанатты алтын орда деп аталады. Бертінгі жылдары қазақтың осындай киіз үйлері дүниежүзілік, халықаралық этнографиялық көрмелерде де көпшіліктің көзайымына айналып, жоғары бағаланып келген.
Шаңырағына шаттық пен ақ тілек, бата мен кие қонған ақ ордамыз өркениет көшінде өз формасын өзгертті. Рухани жаңғырып, ұлттық кодымызды дөп басамыз десек, «қара шаңырақты» қайта жаңғыртқанымыз жөн сияқты. Өйткені осындай құрып бара жатқан әр уақыттағы өркениет жетістіктерімен бірге, тілдік қорымыздағы сөз де жойылып барады. Қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрінің, ілімі мен білімінің түп тамыры киіз үйдің өрнегінде екенін ұмытпауымыз керек.
Үйді айналу және айналмау
Көк жайлаудың көркі – киіз үй. Сәні мен салтанатын айттық, енді этикасы мен эстетикасына тоқталайық. Ордалы жұрттың «От қағу» деген дәстүрі бар. Бұл – алғашқы күн күркірегенде және жайлауға қонғанда жасалатын дәстүр. Алғашқы күн күркірегенде шөмішке ақ құйып алып үйдің іргесін айнала шашып шығады. Ол ақ мол болсын, өрт, қуаңшылық жоқ болсын дегені. Өйткені жаз айында жаңбыр аз болса, малдан сүт кетіп, жерді өрт шалатыны заңдылық.
Ал енді керісінше үйді айналмауды да ырым мен тыйым етіп саналарында бекіткен. Жүйрік жетектеген атбегілердің ауыл айналуға болмайды деп бастапқы бағытын бетке ұстап аттанғанын талай көрдік. Үй айнала жүгіреміз деп үлкендерден де ұрыс естідік. Үлкендердің «үй айналма, жаман болады» деп тыйым салуының астарында үлкен мән бар. Бұл тыйымның «күлің көкке ұшсын», «бетің тіліңгір», «бетін жырту», «көзіңнен қанды жас аққыр» қатарлы қарғыс мәнді тіркестермен төркіндес екенін тарихи деректер айғақтайды. Ертедегі түркілердің жерлеу рәсіміне қатысты Сүй патшалығы тарихында былай жазылыпты: «Түріктер жерлеу салтына қатты мəн береді. Олардың жерлеу салты үш сатыға бөлінеді: алдымен мəйітті киіз үйге қояды, өлген адамның туыс-туғандары қой, жылқы сойып, мəйіт қойылған киіз үйдің алдына ас береді. Одан кейін атқа мініп, үйді жеті рет айналады. Мəйіт қойылған үйді бір рет айналып, есік алдына келгенде пышақпен беттерін тіліп, қанды жастарын ағыза, дауыстап жылайды. Осы ырымды жеті рет қайталағаннан кейін аяқтасады». Бұл деректер бүгін мәні ұмыт бола бастаған біраз тіркестің мазмұнын ашып беретіндей. «Үй айналмау», «бетін жыртып жылау», «бетің тіліңгір», «көзіңнен қанды жас аққыр» қатарлы қарғыс мәнді тіркестердің түп төркінін айғақтап тұрғандай.
Жайлауда қалған құндылықтарымыз көп-ақ. Ал құрдымға кеткен киіз үймен бірге қаншама салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз бен сүбелі сөздеріміз архаизмге айналып кетті. Біз қолымыздан келгенінше Ұлыстың Ұлы мейрамы қарсаңында ұмыт болған құндылықтарды ұрпақ санасына салуды жөн көрдік. Қадыр Мырза Әлі ақын:
«Біртұтас боп тұрғанмен әлі ғалам,
Басқашалау өсірді сені қалаң.
Киіз үйді, жайлауды, даланы ұқпай,
Ұқпайсың ғой, ұқпайсың мені, балам!» – деп түйіндепті «Базына» атты өлеңін.
Қызырбек Дүргінбайұлы