Киелі мекен – Кіндікті

Ерлан БАПАНОВ, ТАРБАҒАТАЙ
Жадыратқан тірлікті,
Шыққан талай кіл мықты.
Көңілі дархан халқының,
Киелі мекен – Кіндікті.
Иә, бұл өңірдің тұмса табиғатын, кең пейілді адамдарын бір ауыз өлеңге сыйдыра да алмаспыз. Осы күнде көп елге жетпей жататын береке-бірлік деген асыл қасиетімізге кірбің түсірмеген ауылдардың бірі де, бірегейі Кіндікті десек, артық айтқандық емес. Бұған жуырда алты алашқа сауын айтып, дүркіретіп өткізген Ауыл күні мерекесінде көзіміз анық жетіп, көңіліміз марқайып қайттық.
Ұлттық рухымызды оятқан осынау ұлы тойға қаладан да, көршілес ауыл-ауданнан да келушілер қатары аз болмады. Ешқандай жасандылықсыз, жайдары қалыптағы игі іс-шараның мәні де, мәнері де бөлек болды.
Бастысы, ұлттық спорт ойындары санамызды сілкінтіп, жадымызды жаңғыртқаны анық. Сәні келіскен сәйгүліктер шабысына сүйсінген жұрттың қошеметі мен қиқуына қарап, рухани жаңғырудың айнымас мысалы осы ма дерсің!
Болар елдің баласындай иықтасып, ұлттық ойындарға қомақты жүлде қорын тағайындай білген Кіндікті тұрғындарының мырзалығына сырттан келген қонақтар «бәрекелді!» десіп жатты.
Қазақтың ұлттық ойындарының қай-қайсын алсаңыз да, бей-жай қалдырмасы анық. Ұлттық спорт түрлері жастың да, жасамыстың да ерекше қызығушылығын тудырды. Төзім мен күш-қайраттың сыналар сәті қой көтеріп жарысуда ма дерсің. Бірінен-бірі асыра орындап, алқалаған қауымға айрықша көңіл күй сыйлады.
Кіндікті төрінде небір бозкілемнің баһадүрлері айқасқа түсті. Көрермендердің риясыз қошеметі балуандарға рух пен жігер берді. Ұлттық брендіміз – қазақ күресінің насихатын арттыратын да осындай ұлы тойлар екендігі белгілі.
Қарсыластарын алып та, шалып та жыққан Ерсін Советбеков Ауыл күнінде өгіз балуан атанды. Сәйкесінше, екінші орынға Таңжарық Махмұтханұлы, үшінші орынға Елдос Нұриманов табан тіреді. Бұл оғландардың барлығы ардагер балуан Дәурен Айтқазиннің төл шәкірттері.
Бұл күні ерлер мен әйелдер арасында жаяу жүгірістен өткізілген сайыс та, қарсылас қақпасынан саңылау іздеп теңбіл допты ұршықша иірген футбол бәсекесі де аса тартысты өтті. Ақылымен айласын асырған командалар жеңіс тұғырынан көрінді. Бұқаралық спорттың жаппай өріс алуына ауыл жастары осылайша үлестерін қосты.
5 шақырымдық бәсекеде Көкжыра ауылының «Ботагөз» атты тайы үздік үштіктен көрінсе, Үштөбе ауылы үкілеп қосқан «Қарлығаш» атты тай екінші келді. Алдына қара салдырмаған Көкжыра ауылының «Қаратал» атты жүйрігі мәрені бірінші болып қиды. Бәйге иелеріне үшінші орынға 40 мың теңге, екіншіге 80 мың теңге, бірінші орынға теледидар тапсырылды.
Құнан жарысының да жүлдесі сарапқа салынды. Жарма ауданы, Қапанбұлақ аулынан баптап қосылған жүйрігі үшінші келіп, 50 мың теңге еншіледі. Аягөз қаласынан қатысқан «Айтұлпардың» да жұлдызды сәті туып, мәреге екінші жетті. Иесі 100 мың теңге олжалап қайтты. Аягөз ауданы, Сарыарқа аулының «Қаракөз» атты тұлпары аузымен құс тістеп, топтан озық шықты. Бірінші келген ат иесіне теледидар сыйға тартылды.
Аламанда атой салған Жарма ауданының сәйгүліктері шашасына шаң жұқтырмады. Жүлделі үш орынды да осы аудандағы Жарық ауылының бәйгелері еншіледі. Үшінші орын иегеріне 100 мың теңге, екінші орынға тоңазытқыш және 50 мың теңге қаржылай сыйлық, Бас жүлде иесіне 1 тай, 100 мың теңге ақшалай сыйлық табысталды.
Осылайша, Кіндіктінің Ауыл күні ұлттық ойындарымызды әспеттеген рухани жаңғырудың, елмен елді жақындастырған ауызбіршіліктің тойы болып көптің есінде қалды.