Киелі бесік

Бұл бесіктің ішіндегі бала қуғын көрген жылдары құздан құлағанда да, сел ағызғанда да, үй өртенгенде де аман қалыпты. Ол оқиғаларды ауыздан-ауызға таратушылардың бірі баланың суішері бар десе, бірі бесіктің киесі бар деседі. Қалай болғанда да бір тылсымның бары анық.
Киелі бесіктен ата, бала, немере, шөбере қатарлы бірнеше буын аяқтаныпты. Сондықтан да болар, алғашқы ақиқаттар аңызға айнала бастаған. Ақсақалдардың айтуынша, бесік 1897 жылы жасалған. Өйткені алғашқы оқиғаның кейіпкері Мүсілім ақсақал сол жылы туыпты.
Екінші сәбиіне аяғы ауыр ана баласын бесікке бөлеп, жуас түйелердің біріне тиелген жүктің үстіне байлап қояды. Қуғын көрген жұрт түнімен құлама құзды жағалай көшеді. Ай жарығымен келе жатқан көштің соңғы түйесі құздан аяғы тайып ұшып кетеді. Құлама құздың биіктігі бірталай болса керек. Жаңа туған жас сәби де бесігімен бірге түйе үстінде кетеді. Етегі жасқа толған ана еңіреп қалады, ал жұрт баланы өлдіге санайды. Десе де көшбасшысы баланың сүйегін тауып әкелуді жігіттерге тапсырады. Тау сілемін айналып шатқалдың ішіне түскен жігіттер мерт болған түйенің жемтігін алыстан көреді. Құздан құлаған түйеге тиеген жүктен ештеме қалмағанына көз жеткізген жігіттер кенеттен шырылдаған сәбидің үнін естиді. Құдайдың құдіреті болар, бесік түйедей тастың жанында бүтін қалпында жантайып жатыр екен деседі. Бала да дін аман. Қуанған жұрт баланың періштесі қақтыға балайды.
Алайда артынан жұрт тағы бір оқиғаға куәгер болады. Көнекөздер күздің басы болатын деседі. Апталап жауған жаңбырдың соңынан сел түсіп, тау етегіндегі ауылдың үстін басып өтеді. Желідегі құлын ағытылып, үйшіктегі қозы шыққанымен, бесіктегі бала ұмыт қалыпты. Үйдің іргесінде тұрған бесікте жатқан баланы сел ағызып алып кетеді. Таудан құлай аққан сел өзенге барып құяды. Түнімен баланы іздеген жұрт таңға жуық қозыкөш жерден су ортасындағы аралдағы талға ілініп қалған бесікті табады. Барса, ішіндегі бала пысылдап ұйықтап жатыр екен. Сол күні жұрт «бұл киелі бесік екен» деп қайтады.
Бұдан кейін бұл киелі бесікке бірнеше бала жатып, аман-есен аяқтанады. Тағы бірде осы бесікте жатқан бала үй өртеніп, оттың ішінде қалып қойыпты. Ол жолы да бесіктегі бала аман қалған екен. Отқа оранған үйіндінің арасынан бесіктегі баланы аман алып шығады. Сол кезден бастап бесік ауылдың қадірлі әрі қасиетті дүниелерінің біріне айналады.
Бесік бірнеше буынды аяқтандырса да, қасиетін жоғалтпапты. Бірде жаудан қуғын көрген жұрт Қытай асып бара жатып бораған оқтың астында қалады. Көш арасындағы бесік өңгерген әйелдің атына және өзіне оқ тиіп жерге құлайды. Жан сауғалаған әйел бесігін сүйрете барып бір тастың түбін паналапты. Ертеңінде ес жиған ел жау шапқан жерден оққа ұшқан азаматтарын жерлеуге іздеп келіп, тастың түбінде баласын емізіп отырған әйелді көреді. Сөйтсе, бесікке сүйенген жаралы әйел баласын емізіп отырып жан тәсілім етіпті. Ал бала өлі анасының емшегін сорып жатыпты. Ең ғажабы, жөргегін бірнеше жерден оқ тесіп өтсе де, бала аман қалған. Бұл да сол киелі бесікке бөленген бала болатын.
Бүгінгі күнге шүкір етеміз! Шаңырағымыз шайқалып, бесігіміз сынған күндер артта қалды. Бүгінде Тәуелсіздік бесігінде тербеліп күн кешудеміз. Бірнеше буын ұрпақты ажалдан аман алып қалған киелі бесік бірнеше жыл бұрын мұражайлардың біріне тапсырылған деседі. Бұл күнде иесі жоқ бесіктің киесі бар ма екен?!
Қызырбек Дүргінбайұлы