ТОП

«Киелі Алтай» фотокөрмесі

Облыс орталығындағы А.Пушкин атындағы кітапханада Катонқарағайдың әсем табиғатын сипаттайтын «Киелі Алтай» фотокөрмесінің ашылу салтанаты өтті.

«Киелі Алтай» фото-турын 2019 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Shygys Aqparat» медиахолдингі мен Берел мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы ұйымдастырған болатын. Экспедицияға Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарынан,  Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан кәсіпқой фотографтар  қатысқан еді. Олардың қатарында  «Фотоөнер» ҚҚ президенті Асылхан Әбдірайым, ардагер-фотограф Нұрманбет Қизатұлы, National Geographic шеф-фотографы Ерболат Шадрахов, «Shygys Aqparat» медиахолдингінің фотокорреспонденті Тілеубек Шаяхмет болған-ды.

Фотокөрмені экспедиция мүшесі, суретші, фотограф, «Егемен Қазақстан»  газетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша тілшісі Мерей Қайнарұлы ашты.

Мұнда келушілер National Geographic, «Егемен Казақстан» газеті, «Shygys Aqparat» медиахолдингінің фототілшілері түсірген туындыларды тамашалап қайтты. Фотокөрме өлкеміздің бірегей табиғи пейзажының қайталанбас ландшафттарынан ләззат алуды, киелі жерлердің сұлулығы мен ұлылығын ұлықтап, рухын сезінуге мүмкіндік береді. Фотографтар төр Алтайды, оның ішінде тылсымға толы мекен Берелді, көркемдігін айтып жеткізуге сөз жетпейтін Қаракөл, «Австриялық жол» сынды өлкеміздегі тарихи жерлерді аралап, тұнып тұрған тұмса табиғатты тамаша суреттерімен бейнелеген.

Фотожұмыстардың бірегей галереясын кітапхананың өлкетану топтамасындағы кітап көрмесі толықтырады, олар – қазақстандық археолог-ғалымдар Зейнолла Самашев, Әбдеш Төлеубаев, Алдар Горбуновтың монографиялары, көркем фотоальбомдар, суретті жолсілтемелер, Шығыс Қазақстанның табиғаты мен байлығының алуан түрлі құпиялары мен жұмбаққа толы сырын түсінуге көмектеседі.

Фотоэкспозиция кітапханада мамыр айының соңына дейін ашық болады.

Назгүл Мұқаметқанова

Осы айдарда

Back to top button