Қоғам

Кітапханадағы жайдары жаз

Мейрамтай Иманғали

Мектеп жанындағы лагерьлерде демалып жатқан бүлдіршіндер үшін Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхана арнайы бағдарлама әзірледі. «Жаз жайнатып, күн күлдіріп» демалып жатқан балаларға бұл бағдарлама ерекше қуаныш сыйлады.

«Кітапханадағы жайдары жаз»  атты бағдарлама аясында  қызықты шаралар ұйымдастырылуда. Бүлдіршіндер бірде мультфильм тамашалап, мультистудияда «Жаз қызықтары» тақырыбында өздері мультфильм түсіруді үйренсе, «Homo Legens» алаңқайында жаңа кітаптармен және журналдармен танысады.  Сондай-ақ бүлдіршіндер танымал балалар жазушыларының кітаптарын оқып, ой-пікірлерін ортаға салады. Мысалы, жақында кітапханаға келген бастауыш сынып оқушылары жазушы К.Чуковскийдің кітабымен  танысты. Жазушы шығармасындағы мейірімді дәрігер Айболит, қабағы қашан да қатулы жүретін Мойдодыр, көңілді Цокотуха секілді басқа да қызықты кейіпкерлер балаларға ерекше көңіл-күй сыйлады.

Сондай-ақ еліміздің Мемлекеттік рәміздері күніне орай  бүлдіршіндер кітапханадағы «Менің туым! Менің Елтаңбам! Менің Әнұраным!»  интерактивті көрме-инсталляцияны тамашалап, мемлекеттік рәміздердің тарихымен танысты.

Бұдан бөлек «VR-киіз үй», «Summer fun with Language», «Homo Legens», «Мен мультфильм жасаймын», «Ойна да күл», «Комикстегі шытырман оқиғалар», «Ертектер әлеміне саяхат», «Оқымысты балақай», «Ойлан, тап» сияқты алаңқайлар балалар үшін өте қызықты.

– Маған әсіресе «VR-киіз үйдегі» сиқырлы көзілдірік өте ұнады. Көзілдірікті кигенде, көне Өскеменнің көшелеріне қалай топ ете қалғаныңызды байқамайсыз. Сонымен қатар осы көзілдірік арқылы жазушы Оралхан Бөкейдің туған жеріне сапар шегіп, ғажап табиғатты тамашалауға болады. Кітапханаға келгеніме өте ризамын, – дейді  №48 мектеп жанындағы лагерьде демалып жатқан Асхат есімді балақай.

–  «Кітапханадағы жайдары жаз» – балаларға арналған бағдарлама. Біз бұл бағдарлама аясында балаларға 13 түрлі қызмет түрін ұсынамыз. Каникул басталғалы біздің кітапханамыз балалардың күміс күлкісіне бөленді. Әсіресе 1 маусым күні таңертеңнен кешке дейін балалармен бірге болдық. «Монтессори» балабақшасы, «Нұр-Сана» білім беру орталығы және №2 орта мектеп жанындағы лагерь бүлдіршіндері «Кітапханадағы жайдары жаз» бағдарламасы аясында 12 алаңқайда ұйымдастырылған қызықты шараларға қатысты, – дейді кітапхана қызметкері Таунар Қайрат.

Айтуынша, балалардың жазғы демалысын көңілді әрі пайдалы өткізу мақсатында ұйымдастырылған бағдарлама жаз бойы жалғаспақ.

Осы айдарда

Back to top button