Кітапты майшаммен оқудың сиқыры неде?
Ұлттың тілі таза, тіні мықты, болашағы баянды болсын десек, тал бесіктегі тәрбиенің тағанын берік еткеніміз абзал. Ол үшін білімнің бірінші баспалдағы саналатын балалар әдебиетіне басымдылық беру қажет екені түсінікті еді. Стратегиялық маңызы зор осындай шараны қолға алған еліміз биыл «Балалар әдебиеті жылын» жариялады. Осы бір игілікті бастаманы іліп әкеткен облыстық Пушкин атындағы кітапхана 2 сәуір –Халықаралық балалар әдебиеті күніне орай «Кітаппен жарқын әлемге» тақырыбында апталық өткізді.
Ұлттық кодтың қайнар көзі мен бастауы – ертегі мен аңыз, тақпақ пен жаңылтпаш, әңгіме мен әлди екені әуелден белгілі. Елінің ертеңіне алаңдаған бабаларымыз сол бір дәсүрлі үрдісті үзбей жалғап келген еді. Алайда жиырмасыншы ғасырдың жылымығы ұлттық рухтың діңгегін босатып, ділімізді бұзып, тілімізді шұбарлап кетті. Енді сол бір ежелгі үрдісті жаңғыртып, жалғау үшін жасалып жатқан жанталас ұлттың болашағы жолындағы негізгі әрекеттердің қатарынан. Осы бастамаға орай Пушкин атындағы кітапхана қызметкерлері апталық аясында балалар әдебиетінің авторларымен кездесу өткізіп, кітап көрмелерін ұйымдастырды.
– Бүгінгінің балалары кітап оқымайды деген әңгіме қазіргі уақытта көп айтылатыны белгілі. Елді алаңдатқан осы бір үрдіске қарсы игілікті іс-шаралардың легі биыл басталды. Балалардың болашағын ойлаған еліміз «Балалар әдебиеті жылын» жариялады. Бастама аясында апталық ұйымдастырып, бірқатар іс-шаралар атқарып жатырмыз. Бүгінгі таңда қызық әрі қажет деген балалар әдебиетін насихаттап, балалар жазушыларымен сұхбаттар өткізілуде. Кітапхана тарапынан бала тәрбиесі мен біліміне қатысты істің барлығын жасауға тырысудамыз. Апталық аясында өткен шаралардың көбінің видео нұсқасын кітапханамыздың әлеуметтік желідегі парақшасында сақтап қойдық. Оқиын, білейін деген адамға білімнің қайнар көзі көп екенін айтқым келеді. Ең басты мақсатымыз – балалардың кітапқа деген қызығушылығын оятып, оқи білетін оқырман қалыптастыру, – дейді балалар оқуы және әлеуметтік бағдарламалар орталығының жетекшісі Нұргүл Құдайбергенова.
Наурыздың 29-ында басталған апталықтың алғашқы қонағы болып Динара Шәйжүнісова есімді автор көгілдір экран арқылы көпшілікпен жүздесті. Автордың «Super қыз» атты туындысы ибалы да иманды әрі қылықты қыз тәрбиесі мен біліміне арналыпты.
Ары қарай жалғасын тапқан апталық аясында 30 наурыз күні «VITA мир» кітап дүкені жаңадан келіп түскен туындылармен таныстырды. Кітап көрмесіне жасалған онлайн шолу барысында бүлдіршін оқырмандарға арналған танымал кітаптардың тізімі ұсынылды. Кітап дүкеніне көп бара бермейтін оқырманға онлайн түрде жасалған шолудың қаншалықты әсер еткенін дөп басып айту қиын, десе де онлайн таныстырылымнан ой түйген болар деп үміттенеміз.
«Ауылдан шыққан миллионер»
Сөз өнерінің ішіндегі күрделі жанрлардың бірі – балалар әдебиеті. Өйткені «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиердей» етіп жазу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Осындай жауапкершілігі күшті жанрда қалам тербеп жүрген санаулы жазушылардың бірі – Сәуле Досжан да апталықтың қонағы болды. Кітапхана қызметкерлері апталық аясында әлеуметтік желі арқылы жазушымен сұхбат өткізді. Қаламгер қазіргі балалар әдебиетінің жетістігі жайлы сөз етті.
– Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», «Жекпе-жек» шығармалары – осыдан 60 жылдай бұрын дүниеге келген шығармалар. Бұлар – соғыстан кейінгі балалардың тағдыры мен балалық шағы. Арада жарты ғасыр уақыт өтсе де, осы шығармалармен қатар оқылатын көлемді көркем шығармалар көп жазылмапты. Өлеңдер мен тақпақтарды жоққа шығарып отырған жоқпыз. Дәл осындай шығарманы дүниеге әкелуді мен көп жылдар армандадым. Одан бөлек, қазіргі қоғамның ойлау жүйесі өзгерді. Тәуелсіздіктің балалары да ордабұзар отызға келіп қойды. Сондықтан қазіргі балаларға қоғамдағы нарықты түсіндіре алатын шығармалар қажет екені белгілі.
Маған өткен жылы 2 сәуір – Халықаралық балалар кітабы күні Ұлттық академиялық кітапхана басшысы хабарласып, шетелдік автордың «Кішкентай ханшайым» ертегісін оқып беруімді өтінді. Алайда мен одан бас тартып, өзім сол күні «Тышқан жылғы дүрбелең» деген ертегі жазып, соны оқып бердім. Сол күннен бастап мен күн сайын әлеуметтік желіде жазған ертегілерімді балаларға оқып беріп отырдым. Осы әрекетім мені көп жылғы арманыма қол жеткізіп, «Ауылдан шыққан миллионер» атты шығармамды жазып шықтым. Жылдар бойы санамда жүргендіктен бе, екі-ақ аптада жазып біттім, – дейді жазушы Сәуле Досжан.
Бұл шығарманы 150 мыңнан аса оқырман оқып, бестселлер кітаптардың қатарына қосылған. «Бай болсам» деп армандайтын балаға нарық жолын көрсете білетін шығарманы Назарбаев зияткерлік мектебінің балалары қызыға оқыпты.
Сонымен қатар мәңгілік құндылықтарды насихаттап, махаббат пен достық, жақсылық пен мейірімділікті сөз ететін «Меченый» атты философиялық астарлы әңгіменің авторы Игорь Морозовпен кездесуге аптаның бір күні арналды. Балық пен балықшы туралы әңгіме желісі бойынша балықшы өзі қармаққа ілініп, түйткілдің түйінін шешуге тырсады.
Көгілдір экранға байланған балаларға кітап оқытудың жолын көздеген кітапханашылар педагог-психологты да сұхбатқа тартты. «Баланың кітап оқуға деген сүйіспеншілігін қалай арттыруға болады?» деген сұрақтың төңірегінде өрбіген сұхбат барысында оқырманға ой салар көптеген әдіс-тәсілді психолог М.Давыдова тәпсірлеп берді.
Ертегі тыңдап өскен ұрпақтың есті болатынын ескеретін уақыт жеткен секілді, сондықтан да кітап оқуды баланың басты қағидасына айналдыруымыз қажет.
Шам түбіндегі ертегі
Бір аптаға жоспарланған шара барысында балаларға бірқатар рухани базарлық дайындалыпты. Соның бірі – арнайы залда ашылған «Шам түбіндегі ертегі» клубы. Көзбен көріп, көңілмен сезіндік. Қазіргі қоғам қараңғылық заманының жетістігі ғана деп қарайтын шамның да бір сиқыры бар сияқты. Қараңғы бөлмеде шам жарығында отырып ертегі тыңдау әлдеқайда әсерлі екен. Жан-жағы қап-қараңғы болғандықтан ба, баланың назары тек ертегі айтушыда болады. Назары басқа жаққа аумағандықтан санасы да ертегіні тез сіңіріп алатынын аңғардық. Біз бұдан көз алдында қызылды-жасылды дүние көп болғандықтан да баланың кітапқа деген қызығушылығы аз болатын шығар деген ой түйдік.
Рухани шаңырақта өткен апталық аясында Г.Х.Андерсен ертегілерінің желісі бойынша театрландырылған қойылым да қойылды. Қойылым сахнасы «Сиқырлы кітаптар әлемі» атты кітап көрмесімен көмкерілген. Ертегі кейіпкерлерін сомдаған актерлер ежелгі аңыз бен ертегі арқылы балаларды еліте отырып, кішкентай оқырмандарды көрмедегі ғажайып кітаптармен таныстырады. Көрмеге халық ауыз әдебиеті, авторлық ертегілер, қызықты әңгімелер, балалар әдебиетінің алтын қорынан алынған шытырман оқиғалы әдебиеттер, сондай-ақ отандық және шетелдік авторлардың заманауи нақышта жазылған кітаптары қойылыпты.
Еліміз егемендік алғаннан бері кітап басу мәселесі бас қайғыға айналғаны белгілі. Сондықтан да болар, кейде іздеген кітабыңды кітапханадан, тіпті кітап дүкенінен таппай қалатын кез болады. Осы орайды пайдалана отырып, «Облыстық кітапханада оқырмандарын қанағаттандыра алатын қоры бар ма?» деген сауал қойдық кітапхана қызметкерлеріне.
– А.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының жалпы қоры 373 мыңнан аса басылымды құрайды, оның ішінде балалар мен жасөспірімдерге арналған басылымдар – 10968 дана. Балалар мен жасөспірімдерге арналған кітаптар қазіргі таңда біршама жақсы шығып жатыр. «Фолиант», «Алматы кітап», «Аруна», «Балауса» және тағы басқа баспалардан жарық көрген кітаптардың сапасы жақсы. Жаңадан жарық көрген балаларға арналған кітаптардың ішінде Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» атты кітабы, жастайынан нарық талабын біліп өскен баланың өмірдегі жетістіктерін баяндайтын Сәуле Досжанның «Ауылдан шыққан миллионер», Саят Қамшыгердің аудармалары, «Ертегісіз өткен балалық», «Тастамашы, ана» кітаптары бар. Биыл кітапхананың балалар бөлімі «Қасым» баспа үйінен қайтадан басылып шыққан Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», М.Әуезовтің «Көксерек», О.Бөкейдің «Қар қызы», Ә.Балтаның «Үйітілген байпақ», С.Мұратбековтің «Қылау» және орыс классикасының туындыларымен толықты. Сонымен қатар «Big Dream» ЖШС баспасынан жарық көрген балаларға арналған интерактивті «Астрономия», «Анатомия», «Қазақ жерін мекендеген алып жануарлар», «Alippe» тәрізді 3D, 4D кітаптармен, «Фолиант» баспасынан шығатын әлемдік классикасының туындыларын оқимын деген оқырман болса, кітапханамызда бар. «Алматы кітап» баспасынан қазақ және ағылшын тілдерінде жарық көрген «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпостық жырлары да қорымыздан орын алған, оқырман сұранысына ие кітаптар, – дейді кітапхана директорының орынбасары Меруерт Емелбаева.
Оқимын деген оқырманға ХХІ ғасырда білімнің қайнар көзі баршылық, тек ынта мен ниет болса болғаны.
Қызырбек Дүргінбайұлы