Қоғам

Кітап оқудан көшбасшы кім?

        «Оқуға құштар мектеп» жобасының аясында мектеп оқушыларының кітап оқуға ұмтылыстары артып, кітапханамыз «Үздік мектеп кітапханасы» байқауында жүлделі орынды иеленді.

Кітапханашы Нәзира Қыдырханқызының 35 жыл тынымсыз қажырлы еңбегінің нәтижесінде оқушылар, мұғалімдер және ата-аналар мектеп кітапханасымен тығыз байланысып отырады. Нәзира Қыдырханқызы әр оқушымен ерінбей, талмай жұмыс істеп, оқыған кітабының мазмұнын сұрауға да уақыт тауып, сыныптар арасында «Кітап оқу лидерін» анықтап отырады. Мәселен, 4 А сыныбы 921 кітап оқып, «Көшбасшы сынып» дәрежесін иеленді, сынып жетекшісі Лаура Серікқызы жас та болса мықты маман.

Мектепте «Bookcrossing» бұрыштары төрт жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оқушылар, мұғалімдер, қамту қызметкерлері мен ата-аналар кітап алмастырып отырады. «Бірге оқимыз», «Оқырман отбасы», «Менің үйімнің кітапханасы» сияқты  тақырыптарда сыныптар бейнероликтер әзірлеп, тәрбие сағатын өткізіп отырады. 7 Б сыныбы, жетекшісі Әлия Болатқызы, 3 А сыныбы, жетекшісі Риза Кенжетайқызы, 8 А сыныбы, жетекшісі Бәтима Нұрланқызы, 11 А сыныбы, жетекшісі Жанар Кеңесбекқызы роликтер әзірлеу барысында белсенділік танытты. «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы өтіп, 144 кітапты оқырмандар сыйға тартты. «Оқы және жеңіске жет» облыстық викториналық байқауының нәтижесінде оқушыларымыз Сымбат Дүйсен, Диас Әбітаев, Көркем Асқарқызы мен Шолпан Серікқазы жүлделі орындарды  иеленді.

Осындай жүйелі іс-шаралардың нәтижесінде оқушыларымыздың кітап оқуға деген құштарлығы еселеніп келеді.

Кітап оқу ой-өрістің кеңейюіне, жан-жақты дамуға, ойлау қабілетін жетілдіруге, шығармалардағы кейіпкердің мінез-құлқындағы жағымды тұстарын бойға сіңіруге көмектеседі. Адамды тәрбиелейді және рухани байытады. Бүгінгі бала тек мұғалім берген білімді игеріп қана қоймай, оны ары қарай өзінің белсенді, зерделі іс-әрекетімен сабақтастыра білгені жөн. Абай атамыз «Артық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге», «Танымның  бар тамашасы – кітапта, оған қол жеткізу үшін кітап оқудан жалықпа» деп насихаттайды.

Сондықтан  уақытымыздың бір бөлігін кітап оқуға арнайық.

Ж.Байсейітова, Қаратал орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Осы айдарда

Back to top button