ҚоғамТОП

Кішкентай қызды өрт ішінен алып шыққан

«Мен өз мамандығымды жақсы көремін, бұл салада рухы мықты және қашанда өзгеге көмектесуге дайын адамдар ғана еңбек етеді», – дейді облыстық ТЖД мамандандырылған жасағының өрт сөндірушісі Шыңғыс Сейлханов.

Бүгінгі кейіпкеріміздің төтенше жағдайлар саласында қызмет етіп жүргеніне екі-ақ жылдың жүзі болған. Соған қарамастан, ол осы бір жауапты әрі машақаты мол мамандықты таңдағанына еш өкінбейді. Өз кәсібін жанындай жақсы көреді. Шыңғыс бүгінге дейін 20 шақты өртті сөндіруге қатысып, тіпті бір балақайдың өмірін ажалдан арашалап қалыпты.

Оның күнделікті жұмыс күні өрт сөндіру бөлімінде ауысымды қабылдап-тапсырудан басталады. Артынша сапқа тұру, техника мен жабдықты тексеру дегендей. Барлық олқылық жұмыс басталғанға дейін анықталып, жойылуы керек. Егер шақырулар болмаса, өрт сөндірушілер тек жатпай, білімдерін жетілдіріп, нормативтерді пысықтайды, жауынгерлік орналастыруды зерделейді. Теорияны қайталап, түрлі нысандардағы өртті сөндіру карточкаларын зерттейді, өрт гидранттарының жарамдылығын тексеруге шығады.

– Психологиялық дайындық сабақтары, түтін камерасындағы сабақтар өтеді. Егер осы уақытта өрт туралы қоңырау түсе қалса, бәрін тастап, адамдарға көмекке асығамыз. Жұмыс барысында денешынықтыру, спортқа да көңіл бөлеміз. Күні бойы бөлімнің аумағын ретке келтіріп, таза ұстау да – біздің міндетіміз. Онсыз болмайды, – дейді Шыңғыстың өзі.

Жалпы, өрт сөндіруші дегеніміз – тәуекелі мол мамандық қой, кез келген шақырудың соңы немен аяқталатынын, алда қандай сынақ күтіп тұрғанын тісқаққан өрт сөндірушілердің өздері де біле бермейді. Алайда Шыңғысты бұл да тоқтата алмаған. Өйткені, ол «бала кезімнен өрт сөндіруші болуды армандадым» дейді.

Оның үстіне, Шыңғыстың ағасы да көп жыл бойы осы салада қызмет етіп, інісінің осындай таңдау жасауына елеулі үлесін қосқан.

– Ең алғашқы рет өртке шыққан кезім кешегідей есімде. Екі жүк көлігі мен бір жеңіл автокөлігі бар үлкен гараж отқа оранды. Қызыл жалынмен біраз арпалысуға тура келді. Оңай болған жоқ. Алайда, діттегенімізге жетпей қоймадық. Жалынды ауыздықтадық. Міне, өрт сөндіруші ретіндегі тәжірибемізді осылай жинақтай бастадық, – деп еске алады Шыңғыс.

Кейіпкеріміз 2023 жылы Абай облысында болған алапат орман өртін сөдіруге де қатысқан. Дәл сол жылы Өскемендегі көппәтерлі үйдің бірінен от пен түтіннің ішінен кішкентай қыз баланы аман-есен алып шығып, әріптестерінің қошеметіне бөленген. Сондай-ақ 2022 жылы Күршім ауданының біраз жерін шарпыған өртті сөндіруге де атсалысқан.

«Өрт сөндіруші қандай болуы керек?» деген сұрағымызға Шыңғыстың өзі «Риясыз және тәртіпті, өз кәсібіне жан-тәнімен берілген адам болуы керек» деп жауап қайырды.

– Қорқынышты емес пе?

– Қорықпайтын адам жоқ шығар. Бәрі қорқады ғой. Және бұл – дұрыс. Біз бұл сезімді жеңіп, оттың ішіне кіреміз. Әйтпегенде, бізден басқа бұл жұмыста кім атқарады?!

– Достарыңыз сіздің мамандығыңыз туралы не дейді? Отбасыңыз ТЖ қатарындағы қызметіңізге қалай қарайды?

– Жақындарымның бәрі қызметіме құрметпен қарайды. Бұл мен үшін қаншалықты маңызды екенін түсінеді. Әзірге отбасын құрмадым. Дегенмен үйде жұмысқа кеткен мені тағатсыздана күтіп отыратын бір жан бар. Ол – менің анам. Анамды қатты жақсы көремін, ол – менің ең басты қолдаушым. Мен отбасындағы жалғыз ұлмын, сондықтан анашым маған ерекше үміт артады, мені мақтан тұтады, – дейді Шыңғыс Сейлханов.

Шыңғыс айтқандай, өрт сөндіру бөлімі екінші үй, ал ұжым жақын туыс ретінде қабылданады. Негізі, адамның бұл жұмысқа жарайтыны не жарамайтыны алғашқы бірнеше жылда-ақ анықталады екен. Егер бұл сыннан сүрінбей, қиындықтарға шыдап кетсе, онда зейнетке дейін осы салада жұмыс істейтін көрінеді.

– Өйткені, бұл қауіпті жұмыс фанатизмге ұқсайды. Тәуелділік пайда болады және оған үйренген адам енді өзін басқа жұмыста елестете алмайды, – дейді кейіпкеріміз.

Осы айдарда

Back to top button