Қоғам

Кірпік қақпай күзетеді іргені

Биыл Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл. Бұл тұрғыда, Тарбағатай шекаралық аудан болғандықтан, тұрғындары іргемізді бекемдем, күндіз-түні қырағылықпен тыныштығымызды күзетіп жүрген әскерилердің еңбегіне құрметпен қарайды.

Әсіресе шекара белдеулеріне жақын орналасқан Жаңаауыл, Жетіарал, Құйған, Ойшілік ауылдық округтері әскери шекара бөлімшелерімен тығыз әрі достық қарым-қатынаста. Атап айтқанда, Қасым Қайсенов атындағы, Хабарасу, Құйған, Орта Ласты, Терісайрық, Жаңаталап, Күзеуін шекара бөлімшелері  мемлекеттік шекараның қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етіп отыр.

Жуырда Қарасу ауылының өнерпаздары Орта Ласты шекара бөлімшесіне барды. Ауылдық округ әкімі Шалқар Мүслімов «алаңсыз, тұрақтылықта өмір сүріп жатқанымыз сіздердің еңбектеріңіз» деп ақжарма тілегін білдіріп, басшылығына алғыс хат тапсырды.

Бұл ілкімді әрі игі үрдісті Тұғыл да іліп әкетіп, ауыл маңында орналасқан 31767 «И» әскери бөліміне ауыл әкімі Қанат Шеризатұлы арнайы барып, әскери бөлім қызметшілері мен сарбаздарға өзінің және аудан әкімінің атынан алғыс хаттар табыстаған. Сол күні әскери қызметке енді орналасқандар ант қабылдапты. Мәдениет үйі қызметкерлерінің концертімен жалғасқан іс-шара тұрғындар мен әскерилер арасындағы жылы байланысты беки түскендей.

Ал Жетіарал ауылының мәдениет қызметкерлері, ауыл әкімі аппаратының қызметкерлері, жастар маманы өздері барған шекара бөлімшесінде әскери қызметшілермен бірлесіп шырша көшеттерін отырғызыпты.

«Ел тыныштығын әуеде, құрлықта, теңізде қорғап, өз тағдырын ел тағдырымен байланыстырып жүрген әрбір әскери қызметші, сарбаз Отанымызға адал қыз етуде. Шекарашылармен кездескен сайын айрықша патриоттық рух аламыз. Мектеп оқушыларын апарып, әскери өмірмен жан-жақты таныстыру дәстүрі жолға қойылған. Бұл өте қуантады. Қазіргі жастарға да жетіңкіремей тұрғаны ел қорғаны болуға деген ұмтылысы. Бұрын әскерге баруға жанталасатын, қазіргі кезде кейбір жағдайларда міндетті борышын өтеуден жалтарып жатады. Бірақ бәрі емес, ел қорғаны болып жүрген жастар қаншама! Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс – күймейсің!» деген сөздерінен ел намысын өз тағдырынан әрқашан жоғары қойғанын байқайсың. Бар өмірін әскери қызметке арнап, өз қызметін мінсіз атқарып жүрген сардарларымыз бен сарбаздарымызға айтарымыз тек алғыс», – дейді Жетіарал ауылының тұрғыны Нұрбол Тұрсынов.

Расымен, Тәуелсіз алған жылдардан бастап еліміздің өзіндік қорғаныс жүйесі, айбынды әскері қалыптасты. Кешегі кеңестік атаулар да арыла түсті. Соның бір дәлелі 2019 жылы Ойшілік ауылына жақын жерде орналасқан шекара бөлімшесіне  Халық қаһарманы Қасым Қайсенов есімінің берілуі болды. Тарихи әділеттілік орнап, қазаққа қылмағаны жоқ В.В.Кондюриннің есім-сойы шекара бөлімшесінен алынып тасталды. Застава қандықол қарақшының атымен аталмауы тиістігі баспасөз беттерінде оқтын-оқтын айтылып жүрді. «Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің  2017 әскери бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесінің «В.В.Кондюрин атындағы» шекара заставасын қайта атау туралы» қаулыға сәйкес, 2019 жылғы 18 сәуірден бастап осы шекара бөлімшесі «Қасым Қайсенов атындағы шекара бөлімшесі» болып ресми түрде бекіді. Расымен, шекара бөлімшесіне Қасым атамыздың атымен бірге рухы да атойлап келгендей. Аудан тұрғындары қатты қуанды. 2019 жылғы Шекарашылар күні қарсаңында Қасым Қайсенов атындағы шекара бөлімшесінде арнайы іс-шара ұйымдастырылып, салтанатты түрде батыр тұлғаға арналған ескерткіштің ашылуы болды. Мерекелік шараға Қасым Қайсеновтың ұлдары Мұрат, Болат ағалар да келіп қатысты. Тағы бір баса айтарлығы, аталған шараға арнайы келген «Qazaqstan ardagerleri» қауымдастығының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл салтанатты жиында Қасым Қайсеновке өлең шумақтарын арнаған еді.

Шығыс Қазақстандағы шекаралық бөлімшесіне тек осы өңірдің ғана емес, бүкіл еліміздің мақтанышы саналатын батыр Қасым Қайсенов атының берілуі бал бөбектердің тыныш ұйқысы мен күміс күлкісін қорғаған сардарымыз бен сарбаздарымыздың рухын көтеріп, жүректеріне мақтаныш сезімін ұялатқаны сөзсіз.

Бүгінгі таңда шекара бөлімшелеріне жастарды көбірек тарту жұмыстары жүйелі атқарылып келеді. Мәселен, Зайсан мен Тарбағатай аудандары бойынша 83 адам әскери қызметке тұрған. Әскери қызмет саласында еңбек етем дейтін азаматтарды мемлекет тарапынан жасалған әлеуметтік пакет барынша ынталандыра түспек. Ауданымыздың жастарын патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында шекара бөлімшелерімен қарым-қатынасты одан әрмен нығайта түсудің мәні зор.

Ерлан БАПАНОВ6 ТАРБАҒАТАЙ.

Осы айдарда

Back to top button