Өзекті

Кинотеатр ғимаратын пайдаланып жүр

Бұрынғы кинотеатр ғимаратын спорт мектебі ретінде қолданып отырған катонқарағайлық жасөспірімдерге заманауи спорт кешені қажет. Бұл мәселеден хабардар аудан басшылығы алдағы жылдары ауылға осындай ғимарат салып бермек.

Катонқарағай ауылындағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін кезінде облыстық волейбол құрама командасында өнер көрсеткен Бауыржан Дөрбітхан басқарады. Алматыдағы спорт және туризм академиясын ойдағыдай аяқтаған ол Жаркент қаласының спорт мектебінде 18 жыл қызмет етіп, кейін кіндік қаны тамған ауылына қайта оралған.

– Бұл жерде бұрын кинотеатр орналасқан. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін заманауи спорт кешені жоқ. Аудан әкімі Ренат Құрмамбаев жағдайды біледі. Аманшылық болса, келер жылы спорт модулін салып береміз деп отыр. Десек те, жоқтан бар. Кешкілік ауыл тұрғындары осында жиналып, үстел теннисін, волейбол, шахмат ойнайды, – деді Бауыржан Дөрбітхан.

Катонқарағайда волейбол мен қазақ күресі жақсы дамыған. Өткен жылы 2005-2006 жылы туған балалар арасында өткен облыстық волейбол жарысында осы мектептің түлектері 11 команданың ішінде екінші орынды иеленген. Бүгінде волейболдан сабақ беретін Еркежан Ералықызының тобында 30 бала жаттығады.

– Аудан мектептерінде де волейбол, күрес жақсы дамып келеді. Мектептердің денешынықтыру пәні мұғалімдері мен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі арасында жолдастық кездесулер өткізу сияқты жақсы дәстүр қалыптасқан. Катонқарағай өңірінің Шыңғыстай және Өрел ауылдарында спорт мектебінің филиалдары жұмыс істеп тұр, – деп қосты Бауыржан Дөрбітхан.

Оңдасын Елубай

Катонқарағай ауданы.

 

Осы айдарда

Back to top button