Ел тұрғындарының жекелеген санаттары үшін шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмекті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан қаржыландыру биыл 6%-ға артып, 34 миллиард теңгеге жетті. Осы ретте біз аталмыш қор филиалының бөлім басшысы Салтанат Адамоваға тұрғындар үшін ең өзекті деген сұрақтарды қойған болатынбыз.
– Сонымен, МӘМС қаражаты есебінен нақты кімдерге стоматологиялық көмек көрсетіледі?
– Стоматологиялық көмек жоспарлы және шұғыл тәртіпте 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге көрсетіледі. Шұғыл тәртіпте көмекті азаматтардың төмендегідей жекелеген санаттарына жататын тұрғындар ала алады – Ұлы Отан соғысының ардагерлері, 1, 2, 3 топтағы мүгедектігі бар адамдар, атаулы әлеуметтік көмекті алушылар, жасы бойынша зейнеткерлер, инфекциялық, әлеуметтік мәні бар аурулармен және айналасындағылар үшін қауіп төндіретін аурулармен ауыратын науқастар, мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын және бала кезінен бірінші топтағы мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар, сондай-ақ «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналар.
– Жоспарлы және шұғыл стоматологиялық көмекке не енеді?
– Жоспарлы стоматологиялық көмек – бұл ауыз қуысының, тіс пен қызыл иектің саулығын сақтау үшін операциялық емдеу. Атап айтсақ, тұрақты тексерулер, профилактикалық процедуралар, тісжегіні емдеу, тіс өңезін, тасын алу, химиялық қатайтылған композиттік материалдардан жасалған пломбаны дайындау және салу.
Ал шұғыл стоматологиялық көмек амбулаториялық деңгейде консультациялық-диагностикалық көмек түрінде де, стационарлық жағдайда да көрсетілуі мүмкін. Бұған күрделі тісжегіні, пульпитті, периодонтитті, альвеолитті, невралгияны, невритті, стоматиттің ауыр түрлерін емдеу, күрделі тісті жұлу, абсцесті ашу, одонтогендік жылауықты алып тастау, жоғарғы-төменгі жақ буынының қисаюын түзету, тістердің бөлінуін уақытша бекіту, қатерсіз өсінділер мен эпулисті алып тастау жатады. Еріннің, тілдің жүгеншігі пластикасының операциясы да МӘМС қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Егер тексеру нәтижелері бойынша тіс дәрігері амбулаториялық жағдайда көмек көрсету мүмкін емес деп шешсе, ол науқасты емдеуден бас тартуға және оны жедел жәрдем арқылы ауруханаға жіберуге құқылы. Жедел госпитализацияның көрсеткіштеріне келсек, созылмалы одонтогенді және неодонтогенді қабыну ауруларының жедел немесе асқынуы немесе жақ-бет аймағының жарақаты, қан кету және шұғыл емдеуді қажет ететін жағдайлар кезінде стационарға жатқызылады.
– Ортодонтиялық көмекті МӘМС жаба ала ма?
– Иә, ортодонтиялық көмек жақ-бет аумағының туа біткен патологиясы бар балаларға, Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы заңға сәйкес тіс-жақ аномалияларының әртүрлі түрлері бар аз қамтылған отбасылардан шыққан 6 жастан 12 жасқа дейінгі балаларға көрсетіледі. Атап айтқанда, жақ-бет аймағының туа біткен патологиясы бар балаларға, сондай-ақ ортодонтиялық алмалы-салмалы аппаратты (пластина) пайдаланатын жеткіншектерге, сондай-ақ түрлі тіс-жақ ауытқулары бар балаларға көрсетіледі.
– Қандай стоматологиялық клиникаларда МӘМС шеңберінде емделуге болады және емхананың учаскелік дәрігерінен жолдама қажет пе?
– Жоқ, емханадан жолдама талап етілмейді. Стоматологиялық көмекті емханалар жанындағы стоматологиялық кабинеттен де, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасқан жеке стоматологиялық клиникалардан да алуға болады. Ондай клиникалардың тізімін қордың fms.kz ресми сайтындағы «Медициналық қызметтерді сатып алу – КДҚ жеткізушілер» бөлімінен таба аласыз. Сонымен қатар 1414 нөмірі бойынша бірыңғай байланыс орталығына жүгінуге болады.
Айта кетейік, 1 ақпандағы мәлімет бойынша қор МӘМС шеңберінде стоматологиялық көмек көрсететін 838 медициналық ұйыммен шартқа отырды. Олардың 519-ы – жекеменшік, 319-ы – мемлекеттік меншік нысаны, яғни емханалар мен ауруханалар.
– Егер рентгенографиядан өту қажет болса, тістерді емдеуден бұрын дәрілік аллергиялық сынама жасау керек болса, бұл қызметтер МӘМС-тен төлене ме?
– Иә, егер бұл үшін медициналық көрсеткіш болса, төленеді. Тіс дәрігерінен консультативтік парақ болған жағдайда тіркелген жері бойынша учаскелік дәрігер қосымша тексерулерге жолдама бере алады. МӘМС шеңберінде аппликациялық, өткізгіштік, инфильтрациялық анестезия төленеді.
Тісжегінің көптеген асқынулары бар 4 жасқа дейінгі балалардың, сондай-ақ орталық жүйке жүйесінің функционалды және органикалық зақымданулары, психикалық, мінез-құлық бұзылыстары (мүгедектік) және басқа органдар мен жүйелердің зақымдануы, асқынулар мен ауырсыну қаупі бар науқастардың тісі жалпы ауырсынуды басу препараттарымен және седациямен жұлынады. Мұндай қызметтер анестезиология және реаниматология бойынша медициналық қызмет көрсетуге лицензияға қосымшасы бар және реанимациялық іс-шараларды көрсете алатын стоматологиялық ұйымдарда ғана көрсетіледі.