Қоғам

Кімдер куәлік пен төлқұжат үшін баж төлемейді?

Куәлік пен төлқұжат үшін мемлекеттік баж төлеуден кімдер босатылады?

ХҚО-ларда кейбір құжаттар алу кезінде Салық кодексіне сай клиенттердің белгілі бір санаты баж төлеуден босатылған. Ондай қызметтер қатарында паспорт, жеке куәлік, тұру ықтиярхаты, азаматтығы жоқ адам куәлігі бар.

622-баптың 4-тармағы бойынша соғыс ардагерлері, оларға теңестірілген тұлғалар,   мүгедектер, мүгедек баланың ата-анасының бірі,   мүгедектер мен қарттар үйлерінде тұратын егде адамдар,      жетім балалар, балалар үйінде не интернатта тұратын ата-ана қамқорынсыз қалған балалар,      «Батыр ана» атағына ие болған, «Алтын алқамен», «Күміс алқамен» наградталған көпбалалы аналар, Чернобыль апатынан зардап шеккендер баж төлеуден босатылған.

– Бұл санаттағы азаматтар паспорт не жеке куәлік алу үшін ХҚО-ға жүгінгенде баж төлемейді. Егер жеңілдік санатының өкілі баж салығын қателесіп төлесе, ақшасы қайтарылады. Ол үшін Ішкі істер министрлігінің аумақтық органына жүгініп, жеңілдік санатын растайтын құжатты ұсынуы қажет. Орган төленген түбіртектің талап етілмегені туралы анықтама береді. Бұл анықтамамен ХҚО-ға жүгіну керек немесе соманы қайтару үшін eGov арқылы өтінім беру қажет, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы Мөлдір Зәруетқызы.

Өтініш қабылданғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде клиенттің шотына қате төленген сома түседі.

 Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button