COVID-19 

Кімдерге екпені міндетті түрде алу керек?

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина COVID-19-ға қарсы вакцинация салу туралы түсіндіріп берді.

Карантиннен шығып, қалыпты өмірге оралудың тиімді жолы – ковидке қарсы вакцина алу екендігін атап өткен ол еліміздің  Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына бірінші шілдеде енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға  тоқталды.  Оған сәйкес, төмендегідей ұйымдар мен нысандардың COVID-19-ға қарсы вакцина алмаған жұмыскерлерін (тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және соңғы 3 ай ішінде COVID-19-бен ауырып жазылған адамдарды қоспағанда) офлайн режимде жұмысқа жіберуге шектеу қойылды. Оларға:

  • – қызмет көрсету жөніндегі объектілер (халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО), «Қазпошта» АҚ бөлімшелері, екінші деңгейдегі банктер, қаржы нарығының объектілері, сақтандыру компаниялары, жылжымайтын мүлік жөніндегі агенттіктер, жарнама агенттіктері, айырбастау пункттері, ломбардтар, сұлулық салондары, шаштараздар, химиялық тазалау орындары, кір жуу орындары, фитнес, спорт кешендері, спорттық-сауықтыру орталықтары, СПА және массаж салондары/орталықтары/кабинеттері, моншалар, сауналар, бассейндер, жағажайлар, типографиялық көрсетілетін қызметтер, тігін ательесі, фотосалондар, аяқ киім шеберханалары, гүл дүкендерінің, аяқ киім, киім жөндеу, ұйымдастыру техникасын жөндеу жөніндегі сервис, адвокат, нотариус,  бухгалтер және консалтинг, маникюр және педикюр, косметологиялық қызметтерді көрсету жөніндегі объектілер, өзге де объектілер);
  • -халық тұтынатын өнімдердің және тауарлардың көтерме және бөлшек саудасы (сақтау) объектілері, мәдениет және демалыс объектілері, халықтың тұруы бойынша қызметтер көрсету саласындағы объектілер, (қонақ үйлер, отельдер, хостелдер, мотельдер, жатақханалар, кемпингтер және тағы басқалар), жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын ұйымдар, білім беру және тәрбиелеу ұйымдары, барлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік объектілер (қарттар, мүгедектер үйлері, сәбилер үйлері және басқалары);
  • -денсаулық сақтау ұйымдары, оның ішінде зертханалар, дәріхана ұйымдары, тіршілікті қамтамасыз ету және коммуналдық шаруашылық объектілері, экскурсиялық қызмет көрсететін ұйымдар, демалыс объектілерінің, ойын-сауық ойын объектілері, байланыс және телекоммуникация объектілері жатады.

Осы аталған ұйымдар мен нысандардың қызметкерлері 15 шілдеге дейін вакцинаның бірінші компонентін, 15 тамызға дейін екінші компонентін алуға тиіс.

Департамент басшысының орынбасары сонымен қатар коронавирусқа қарсы вакцинаға қарсы көрсетілімдері бар топтар туралы айтып берді. Республиканың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің №30 қаулысына сәйкес, вакцинаға не оның бір қосымша затына аллергиясы барларға,  күрделі созылмалы аурумен ауыратындар және анамнезінде сезімталдық бар науқастарға, дене қызуы жоғары және бұлшық етке препарат енгізу кезінде қан кету қаупі бар адамдарға, жүкті және бала емізіп жүрген әйелдерге, он сегіз жасқа дейінгі балаларға екпе салынбайды.

Пандемия басталғалы облыстағы медициналық ұйымдар үлкен жүктемемен жұмыс істейді. Он жетінші мамырдан біздің өңір жасыл аймақта. Бірақ арқаны кеңге салуға болмайды. Жағдайды ушықтырмас үшін  бетперде режимін, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, жиын-тойларды ұйымдастырмау, вакцина салдыру маңызды. Егер аурушаңдық деңгейі төмендемесе, біз карантиндік шараларды күшейтуге мәжбүр боламыз,  деп түйіндеді Сәуле Слямғазина.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button