Киелі жерлерге саяхат
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы еліміздегі жалпыұлттық киелі нысандардың тізімін жариялаған болатын. Ұзын саны 185. Оның құрамына өңірімізден 13 нысан енді. Табиғи мұра ескерткіштер: Мұзтау, Қоңыр Әулие үңгірі, Алакөл. Бірегей жәдігерлер: Берел қорғандары, Шілікті жазығы, Ақбауыр кешені. Тарихи тұлғалар және діни орындар: Ырғызбай әулие, Қозы Көрпеш-Баян сұлу, Ер Жәнібек батыр мазарлары мен «Жидебай-Бөрілі» мәдени-тарихи кешені. Жалпыұлттық қасиетті нысандар: Ф.Достоевский атындағы әдеби мемориалдық музей, «Алаш арыстары» музей-үйі және «Өлімнен де күшті» ядролық сынақ құрбандарына арналған ескерткіш. Осы нысандарды халыққа кеңінен таныту мақсатында облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Шығыс Қазақстан. Қасиетті мекендерге саяхат» атты көрме ашылды.
Көрмедегі көрнекті жәдігер
– Өңіріміз рухани байлығы, тарихи жәдігерлері бойынша тек республика ғана емес, Еуразия құрлығы бойынша бірінші қатарда тұр. Бұлай деуіме басты себеп – облысымыздың орналасу жағдайы. Картадан қарасаңыз, Сібір, Алтай, Қытай, Жетісу, Сарыарқа, Орталық Азия біздің жерді қаумалап тұр. Яғни, түрлі мәдениеттердің тоғысқан нүктесіндеміз. Мына көрме де осынау байлығымызды келешек ұрпаққа таныту, көрсету мақсатында ашылып отыр. Әлбетте бір ғана бөлмемен әлгінде сөз қылған бай мәдениетімізді толық қамти алмаймыз. Тіпті бір ғимаратты түгел арнасақ та… Дегенмен де, бұл жерден қадау-қадау нысандар мен тарихи тұлғалар турасында біршама ақпарат алуға болады, – деді Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті құрамындағы «Алтайтану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, археолог Елдос Кариев.
Бұл көрмедегі көрнекті жәдігер – Берелдегі №5 қорғанның қабірінен табылған патшайымның қалдық бұйымдары. Сақ кезеңіне жататын бұл жәдігер былтырғы қазба жұмыстары кезінде табылғандығын айтады Елдос Кариев.
Мұнда алтын киімнің сынықтары, жылқының және өзге де аңдардың кескіндері мен түрлі ою-өрнектер бар. Оларға қарап сол кезеңде ұлт немесе басқа да бөлінушіліктің болмағандығын аңғарамыз. Мыңжылдықтардың тоғысында бұл мәдениеттің ғұндардан жеңіліп, бытырап кеткендігі мәлім. Түркі, иран, славян халықтарының генофондында осы дәуірде мекен еткен адамдардың гені бар. Бұл да бір Қазақстан тарихының ажырамас бөлігі.
Табиғат таңғажайыптары
Жоғарыда сөз болған жалпыұлттық киелі нысандармен бірге «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы 500 аумақтық қасиетті жерлерді де тізбелеген-тұғын. Олардың 25-і біздің облыста. Музей қызметкерлері мен өлкетанушылар бұл нысандарға да қысқаша тоқталды.
– Ашутас – Күршім ауданындағы геологиялық-палеоботаникалық ескерткіш. Ол менің балалық шағымның «бесігі». Әлбетте, оның мұндай керемет ескерткіш екенін ол кезде білмедім. Менің ауылым осы таудың бөктерін жайлайтын. Бір топ бала жабайы сарымсақ алу үшін ғана басына шығып, шекара сызығынан қайтып жүретінбіз. Ғалымдар өлкеміздің осыдан 25-30 миллиондай жыл бұрынғы субтропиктік климаты туралы мәліметті Ашутастан табылған өсімдіктердің тозаңынан ғана жорамалдай алды. Бұл жерден мәңгі жасыл өсімдіктердің тасқа айналған түрі мен инелік сынды көптеген жәндіктердің ізі кезіккен, – деп қазақ даласындағы әр таң сайын күн нұры бірінші болып маңдайынан сүйетін киелі мекен – Ашутас туралы көрген-түйгенімен бөлісті Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Константин Прокопов.
Бөрітастаған (Тарбағатай ауданы) – айдалада жатқан алып тас. Жай тас емес, өн-бойында тарихтың тамыры бүлкілдеп жатқан тірі тас. Тек тіл бітсе деңіз… онда талай сырды жайып салмақ… Халық бұл жұмбақ жаратылыстың құпиясын білуге әлдеқашан ұмтылған.
– Алаш арысы Отыншы Әлжановтың ғасыр бұрын «Дала уәлаяты» газетінде Бөрітастаған туралы ел аузынан жазып алған қиял-ғажайып әңгімесі жарияланған екен. «Тарбағатай тауының солтүстіктегі һәм Қалба тауының оңтүстіктегі бөктерлерінің ортасында Сарыдала деген жазық бар. Бұл даланың ортасында Бөрітастаған деген недәуір биік тау жартасы жападан-жалғыз тұрады. Ұшар басында үйілген тастар бар. Жұрт оны бұрынғы шамандар болған заманнан қалған деседі. Бұл оқшау тау турасында ел былайша айтады: «Бұрынғы заманда бір үлкен алып дәу Тарбағатай тауында ешкі бағып жүріпті. Бұл алыптың денесінің зорлығы сонша, Түйемойнақтың басында отырғанда мұның аяғы Ботамойнақта жатады екен. Күндердің бір күні бұл алып дәудің қосағы ешкілерін бағып, жіп иіріп отырғанда кебенектеріне қасқыр шауыпты. Оның бөрілерге лақтырған ұршығы барып Сарыдаланың ортасына түсіп, сол арада тау болып қалыпты дейді» деп жазады Отыншы Әлжанов. – Бөрітастағанда бейнеленген суреттер қола дәуіріне тән, – деді музей қызметкері Елена Зинченко.
Қазіргі Бөрітастаған төңірегінде айтылатын қияли әңгімелер де Отыншы Әлжанов жазып қалдырған әңгіменің желісінде. «Бөрітостаған, Бөрітостаған, Жұмбағыңды айтшы, кәрі тас маған? Таңырқасын деп жердегі пенде, Аспаннан бәлкім пері тастаған…», деп Несіпбек Айтұлы жырлағандай, ғажайып тастың құпия кілтін әлі күнге іздеп жүрген жайы бар…
Бір бөлмемен қамтып көрсете алмаған киелі жерлерді біздің бір мақаламен ашып айтып беруіміз тіпті мүмкін бе. Шет-жағасын ғана шалып өткенімізді аңғарған боларсыз. Абзалы – көрмені тамашалау. Ең дұрысы таңғажайып мекендерді көзбен көру шығар, шіркін…
– Мен жиһангезбін. Біршама қаланы араладым, бірталай жерді адақтадым. Бірақ шығыстай шырайлы жерді таппадым. Оның жанға рақат жасыл орманы түгіл, қылтанақ бітпейтін айтақыр даласын да сүйемін. Бас иемін. Бұл өлкеге деген махаббатымның құдіреті соншалық, Астананы да артқа тастап, Катонқарағайға көшіп келген жайым бар, – деді көрме тамашалаушысы Зарина Мастикбаева.
Иә, таулары мен қырлары – ертегі, өзендері мен көлдері – жыр, байтақ даласы – аңыз өлкенің қиыршық тасы да, құлақтанып шыққан жусаны да қасиетті ғой.
Тасқын Болатұлы