Киелі орындар картасына 20-дан астам нысан енеді
Облыста рухани жаңғырудың өңірлік бағдарламасы әзірленуде. Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ осы іске жауапты жұмыс тобымен бағдарламаның тетіктерін талқылады.
Бұл бағдарламаны жүзеге асыру талабы Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласынан туындап отыр. Жиын барысында жұмыс тобы мақаланың негізгі бағыттарын сөз етті. Осы негізгі бағыттардың бірі киелі жерлердің картасын жасап, ұлт құндылығы ретінде сақтауды көздейді. Аймақ басшысы бұл тұрғыдан алғанда Шығыс Қазақстанның қастерлі орындарға бай екенін атады.
-Бұл өңірлік бағдарлама өңір мәдениетінің көп қырлылығына негізделу керек. Әсіресе мемлекет басшысы атап өткен үштілділік, «Туған жер» және киелі географиялық орындар мәселесі кеңінен көрініс табуы тиіс, – деді облыс әкімі.
Аталмыш өңірлік бағдарлама аясында облыстың киелі орындары бедерленген арнайы карта түзілмек. Бұл картаға Абай ауданындағы Қоңыр әулие үңгірі, Шілікті қорымы, Сібе көлдері мен өзге де көрнекті жерлер енеді. Осы карта негізінде Қазақстанның қастерлі орындарына енгізілетін нысандардың тізімі анықталатын болады. Тізімге кірген орындардың тарихи әрі ғылыми негіздемелері болуы да ескерілмек. Оған өңірдегі ЖОО ректорлары мен ғалымдардан, басқарма басшыларынан құрылған арнайы жұмыс тобы жауап береді.
Аймақтық коммуникациялар қызметі