Қоғам

Көгілдір отынның игілігін көріп отырғандар аз

Көгілдір отынның игілігін көріп отырғандар аз

Кеше облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Зайсан ауданының елді мекендерін газбен қамтамасыз ету мәселесін талқылаған жиын өткізді.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айтқазы Шерубаевтың мәліметіне жүгінсек, бүгінге дейін Зайсан қаласындағы 470 тұрғын үйге газ құбыры тартылып, жоспарланған жұмыстың алғашқы кезеңі толық аяқталыпты. Алайда, осы үйлердің қазір 49-ы ғана және бірнеше білім беру мекемелері көгілдір отынның қызығын көруде. Қалғандары әзірше есігінің алдына келген газ құбырына қосылуға асықпай отыр.
– Енді биыл «Тарбағатай Мұнай» ЖШС-нің қаржысы есебінен аталған ауданның 9 елді мекеніне газ құбыры жүргізіледі. Мұны қазан айына дейін аяқтау керек, себебі, қыс түскенше сол ауылдардың әрбір шаңырағына тартылатын құбырлардың құрылысын аяқтап үлгеруге тиіспіз. Ол үшін бізге 1 млрд. 276 млн. теңге қаржы қажет, – деген Айтқазы Шерубаев облыс Әкімінен республикалық бюджеттен бөлінетін осы қаржыға тезірек қол жеткізу мәселесін шешуге көмектесуін сұрады.
Басқарма басшысы өзінің баяндамасында құбыр тартылған әрбір үйдегі газ қабылдағыш аппаратты орнату міндеті кімге жүктелетінін, яғни, оны қай мекеме немесе серіктестік атқаратынын «ҚазТрансАймақ» АҚ әлі күнге дейін анықтамағанын айтты.
Жалпы, «ҚазТрансАймақ» бұл шаруаны өз күшімен орындауға ниетті болғанмен тезірек тиянақтауға мүмкіндіктері жетпейтін көрінеді. Осы орайда Зайсанның өзінде газдандыру жұмыстарын стандарттарға сай жүргізе алатын, қолында рұқсат қағазы бар 4-5 мекеме ықылас білдіруде, соларды жұмылдыру туралы ұсыныс тасталды.
Аймақ басшысы берген екінші тапсырма автокөліктерді газға көшіру болатын. Бұл бағытта да біраз жұмыстың басы қайырылыпты. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы осы салада қызмет ететін ресейлік компаниямен келісімге келіпті. Қазір аталған компания біздегі көгілдір отынды тұтыну мөлшерін есептеуде. Егер бірінші кезеңде анықталған 790 техниканың бар екені расталса, ресейліктер Өскеменде өздерінің алғашқы газ толтыру станциясын іске қосады. Бұған қоса автокөліктерді сұйылтылған газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жылжымалы станцияны пайдалану да жоспарда бар. Ресейде өндірілген оның біреуінің құны 35 млн. теңге тұрады екен. Алдағы уақытта «Тарбағатай Мұнай» серіктестігі жылжымалы станцияның бірін сатып алып, Зайсан қаласында қолданысқа енгізіп қойса, еш ұтылмайтынын айтады мамандар. Өйткені, қазірдің өзінде бұл өңірде көгілдір отынға көшуге ниетті 80-ге жуық техника бар.
Айтқазы Шерубаевтың келтірген деректеріне жүгінсек, әу баста табиғи газбен жүруге бюджеттік мекемелердің мәшинелерін тарту қажет, кейіннен жеке меншіктегі темір тұлпарлардың иелері өздері-ақ келіседі. Себебі, біріншіден, бензинмен салыстырып қарағанда бұл отынның бағасы 40 пайызға арзан, қалтаға салмақ түсірмейді. Айталық, қазір бензиннің бір литрі 115 теңге тұрса, сұйылтылған газдікі – 79 теңге. Екіншіден, техниканың тартымы ешқандай кемімейді және қозғалтқышы өте таза жұмыс істейді. Жағымсыз иісі де жоқ. Ал қыс кезінде мәшинені басында бензинмен оталдырып, сәл қыздырған соң салондағы түймені басу арқылы газға ауысады. Мәшинеге тиісті қондырғы сатып алу, оны орнату шығындарын түгел қосқанда, көлік қожайыны қалтасынан 200 мың теңге көлемінде ақша шығаруы қажет екен. Есесіне бензинге жұмсалатын ақшаны үнемдеу арқылы бұл шығынды бірер айдың ішінде ақтап алуға әбден болады.
– Біз табиғи газдың игіліктерін барынша пайдалануымыз керек. Өкінішке қарай, әзірге өзімізге тиесілі шикізатты толық игере алмай жатырмыз. Сондықтан Зайсан ауданының әкіміне, басқа да жауапты орындардың басшыларына тапсырма беремін, жұмыстарды ширата түссін, – деп қатаң талап қойған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ газдандыру мәселесі өзінің қатаң бақылауында болатынын ескертті.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button