Қоғам

Кезекті толқынға толық дайынбыз

Бүгінгі таңда облыста коронавирус жұқтырған 350 науқас инфекциялық стационарда жатыр. Олардың үшеуінің жағдайы өте ауыр, 28 адамның жағдайы ауыр, 319 пациент орташа ауыр жағдайда. Соңғы тәулікте 28 адам ауруханаға жатқызылды. Қазір төрт адам ӨЖЖ аппаратына қосылған.

Кеше облыстың эпидемиологиялық жағдайына арналған брифингте облыстық денсаулық сақтау  басқармасы басшысы Ермек Омарбеков осындай мәліметтермен бөлісті.

-Жыл басынан бері өңірде ковид індетінен жиырма бес науқас көз жұмды. Олардың жиырма екісі Семей қаласындағы инфекциялық госпитальда, үшеуі Өскемендегі инфекциялық стационарда қайтыс болды. 23-25 сәуір аралығында Семейдегі госпитальда облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия жұмыс істеп,  адам өліміне жол берілу себептерін тексерді. Жұмыс қорытындысы бойынша госпиталь басшылығы мен менің Семей қаласындағы орынбасарым жауапқа тартылады, – деді басқарма басшысы.

Ермек Омарбеков жалпы алғанда облыс пандемияның кезекті толқынына толық дайын екендігінен хабардар етті.

Облыста барлығы 3544 инфекциялық төсек дайындалса, қазір төсек қорының 9,9 пайызы ғана қолданылуда. Оның ішінде 319 реанимациялық орын  Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес мониторлар,  перфузорлар, оттегімен қамтамасыз ететін аспаптар сияқты қажетті құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Оттегі магистральдері орталықтандырылып, оттегі стансалары орнатылған. Қазіргі таңда індетпен күреске 533 дәрігер мен 1483 орта буын медициналық қызметкер жұмылдырылды. Басқарма басшысы компьютерлік томография қызметіне тоқталғанда, Семейде төрт аппараттың істемей тұрғанын айтты.

-Семей шаһарында барлығы алты  КТ аппараты бар. Олардың төртеуі жиырмасыншы наурыздан бастап бұзылып тұр. Қазір оларды жөндеу кестелері жасалған, он бесінші мамырға дейін іске қосылуға тиіс. Бүгін инфекциялық госпиталь мен бұрынғы облыстық ауруханадағы аппараттар тәулік бойғы 7/24 режиміне ауыстырылды. Сонымен қатар, ядролық медецина орталығында ковид жұқтырған науқастарға арналған  тағы бір жаңа КТ аппарат қосылады. Осы үш аспапта науқастарды кезексіз, ешқандай дүрбелеңсіз тексерулерден өткізе аламыз. Өскемен қаласында барлық КТ аппараттары жұмыс істеп тұр, – деп түсіндірді Ермек Омарбеков.

Облыста барлығы 22 ПТР зертханасы жұмыс істейді. Олардың қуаты тәулігіне 13 мың зерттеу жүргізуге жетеді. Бұл жағынан облыста ешқандай проблема жоқ.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қанат Тұрдиев өңірдің эпидемиологиялық ахуалын сатистикалық мәліметтермен жеткізді. Өңірде пандемия басталғалы 24507 ковид жағдайы тіркелген. 19-25 сәуір аралығында ғана 621 жаңа жағдай анықталыпты. Облыс республикалық көрсеткіштер бойынша «сары» аймақта орналасқанымен, науқас саны жоғары Өскемен мен Семей қалалары, Аягөз ауданы  «қызыл» аймақта. Өскеменде пандемия басталғалы 7245 науқас тіркелсе, 19-25 сәуір аралығында 214, соңғы тәулікте 33 жағдай белгілі болды. Семейде барлығы 6259 науқас, бір аптада 205 жағдай, соңғы тәулікте 30 жағдай тіркелді. Ал аягөздіктер арсында ковид жұқтырғандар саны соңғы аптада 87 адамға, соңғы тәулікте он адамға толығып, барлығы 865 адам жұтырған.

Департамент басшысы жағдайды ушықтырмас үшін облыстың бас санитарлық дәрігерінің соңғы қаулысындағы талаптарды қатаң орындау қажеттігін тағы бір еске салды.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button