Қоғам

Кезекке тұрған көпбалалы отбасылар саны бес есе өсті

2021 жылы ШҚО-да 1250 көпбалалы отбасы баспанамен қамтылады. Көпбалалы отбасыларды мемлекеттік әлеуметтік қолдау жылдан-жылға күшейіп келеді.
Осы санаттағы оқушыларды мектеп формасымен, аяқ киіммен және тамақпен қамтамасыз ету қарастырылған. Көпбалалы ата-аналар мектепке дейінгі мекемелерге ақы төлеуден босатылған. Техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде оқитын студенттер тегін тамақпен және жатақханаларда тұрумен қамтамасыз етілген.
ШҚО әкімі Даниал Ахметов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында хабарлағандай, 2021 жылы 115 көпбалалы отбасы жеңілдетілген шарттармен 248 млн теңге көлемінде шағын несие алды. Ал соңғы екі жылда оларға жалпы сомасы 803 млн теңгенің 239 шағын несиесі берілді.
Сонымен қатар көпбалалы отбасыларына кезең-кезеңмен тұрғын үй беру бағдарламасы аясында кезекте тұрғандардың 40 пайызы, яғни 1625 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Биыл 1250 отбасы жаңа тұрғын үйдің кілтін алады. 2017 жылдан бастап кезекте тұрған көпбалалы отбасылардың саны бес есеге өскенін атап өткен жөн.
– Бұл бағыттағы жұмыс көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілгенге дейін жалғасады, – деді аймақ басшысы.

Осы айдарда

Back to top button