Қоғам

Кездесулер жаңа форматта өтті

Кездесулер жаңа форматта өтті


Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар халықпен есепті кездесулерін жаңа форматта өткізіп жатыр. Яғни, бұрынғыдай қала басшысының мінберден баяндама жасауынсыз, қағазсыз, микрофонсыз өтуде. Сахнадағы жазуларда толық латын әріптерімен жазылған.

Алғашқы жиын Жібек маталар комбинаты ықшам ауданындағы №47 орта мектеп ғимаратында өтіп, оған ЖМК ықшам ауданы, А.Күленов, Жыланды, Үлбі кенттері және қаланың Сол жағалау бөлігінің тұрғындары қатысып, өздерін толғандырған сауалдарға қала әкімінен нақты жауап алды.

Кездесу алдында Өскемен қалалық әкімдігінің дербес бөлімдерінің басшылары және қаладағы «Өскемен жылу жүйелері», «Өскемен тазалық», «Өскемен су арнасы» секілді коммуналдық мекемелердің басшылары тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдап, олардың сауалдарына жауап берді. Мұнда тұрғындардан барлығы отыздан астам сауал келіп түсті. Ал екі жарым сағатқа созылған кездесуде Жақсылық Омар 2018 жылы атқарылған шаруаларды, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы негізгі көрсеткіштерді және 2019 жылғы мақсаттар мен міндеттерді әр сала бойынша үлкен экрандағы слайд арқылы қос тілде ұғынықты етіп баяндап шықты.

Қала әкімінің айтуынша, шаһарда дамудың оң динамикасы қалыптасқан. Орташа жалақы 9,3 пайыз өсіммен 150,3 мың теңге болса, жұмыссыздық деңгейі 6,1 пайызды құраған. Іске асқан инвестжобалардың арқасында шығарылған өндірістік өнім көлемі артып, шағын және орта бизнес саласында тоқсан мың адам жұмыспен қамтылған. Қала экономикасындағы шағын кәсіпкерліктің үлесі 18,7 пайызға жеткен. Атқарылған шаруалардың барлығы да Президенттің халыққа Жолдауында, Бес әлеуметтік бастамасында айтылған тапсырмаларға орай жүзеге асырылуда.

– Елбасының алдымызға қойып отырған басты міндеттерінің бірі – кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай туғызу. Сол бағытта «Бизнестің жол картасы-2020», «Ақ ниет» және тағы басқа мемлекеттік бағдарламалар қолдау көрсетуде. Биыл үш мың жұмыс орнын құрумен 67 жаңа коммерциялық нысан ашу жоспарланып отыр, – деген қала әкімі қала халқының саны да өсіп келе жатқанын атап өтті. Қазір 343 606 өскемендік болса, оның тең жартысы экономикалық белсенді тұрғындар қатарынан. Өсім 2542 адамды құраған. Бұл – облыс бойынша үздік көрсеткіш.

Кездесулер жаңа форматта өтті

Сонымен бірге, қаладағы білім, денсаулық сақтау саласындағы жұмыстарды баяндаған Жақсылық Омар есепті жиында Өскеменнің Сол жағалау бөлігінің соңғы жылдарды қарқынды дамып келе жатқанын атап, жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлерге, әлеуметтік нысандарға, тұрғындар үшін жасалып жатқан инфрақұрылымдарға тоқталды. Соған орай тұрғындар сауалы да абаттандыруға, жаңа үйлерге апаратын жолдарды жөндеуге, кеңейтуге, жаңа ықшам аудандарда жарық, жол, су мәселелерін шешуге, қыста қардан тазартуға, оқушылар мен кішкене балаларға қауіпті мектеп маңындағы қаңғыбас иттерді азайтуға, ЖМК ауданында кітапхана мен ардагерлер үйін ашуға қатысты болды. Алғашқы жиында түскен елуден астам сұраққа жауап берген Жақсылық Омар мәселелердің барлығы да нақты бақылауда болатындығын жеткізді.

Келесі кездесу Меновное ауылында өтіп, оған Меновное, Прудхоз, Самсоновка, Новотроицкое, Ахмер және осы аумақтағы тұрғын аудандар халқы қатысты. Мұнда тұрғындар ауылдарда қаптап кеткен иесіз иттерді ату, Қабанбай батыр ескерткішіне дейінгі аумаққа аялдама орнату, Шығыс, Жаңа Ахмер ауылдарындағы баспаналарды жекешелендіру, Новоявленка ауылына көшелік жарық тарту, Самсоновка ауылына ұялы байланыс орнату, қаланың бүкіл қалдығы төгілетін Очистное аумағында қалыптасқан жағымсыз иісті жою, экологиялық жағдайды оңалту, ауылдарға жүретін қалалық маршруттардағы автобустарды жиілету мәселелерін көтерді.

Дәл осындай есепті жиындар Өскеменнің Октябрь, Үлбі секілді орталық аудандарында, Жаңа Согра ықшам ауданында да өтті. Қала әкімі Металлургтер мәдениет сарайында және «Өскемен ТМК» ЖШС-нің Мәдениет үйінде тұрғындармен кездесіп, 2018 жылы атқарылған шаруаларды баяндады, олардың тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Кездесулерге Октябрь, Аблакетка, Прохладный, Кірпіш зауыты, Әуежай шағын аудандарының, Согра және Жаңа Согра кенттерінің тұрғындары қатысты.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button