Қоғам

Кейде өзімді танымал әртістей сезінемін…

Кейде өзімді танымал әртістей сезінемін...


– Мені жаңа ұжым құшақ жая қарсы алды. Жас мұғалім үшін сабақ жоспарын жазу мен журнал толтыру ғой алғашқы қиындықтар. Сондай кезде әріптестерім көп көмектесті, – дейді алғаш қызметке орналасқан кездерін есіне алған ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Айқын Болатов.

Жас маман Б.Майлин атындағы мектеп-балабақша кешеніне (Тарбағатай ауданы, Шолақорда ауылы) 2015 жылы келіп, жұмысқа орналасқан еді. Ашық-жарқын, әрдайым көңілді жүретін ол әріптестер ортасына тез сіңісіп кетті.

– Жұмысқа орналасқаныма үш жыл болып қалыпты, зымырап өтіп жатыр уақыт. Семейдегі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжді тәмамдаған соң, біраз уақыт жұмыс таппай жүріп едім. Содан неге ауылдық жерде жұмыс істемеске деген ой келді де, өз ауданымның білім бөліміне келдім (өзім аталмыш аудандағы Сәтпаев ауылынанмын негізінде. Өкінішке қарай, өз ауылымда вакансия болмады). Ондағы мамандар Б.Майлин мектебінде бос орын бар екенін айтып, мені осы ауылға жөнелтті. Солайша, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасынан тыс дипломмен ауылға келген едім, – деді ол күліп.

Иә, Айқынды мектеп ұжымы құшақ жая қарсы алды. Мектеп қана емес-ау, аядай ауылдың халқы да қуанған еді ол келгенде. Себебі, осынау шағын ғана бір қабатты мектепте ағылшын және информатика пәнінің оқытушылары тапшы болатын. Ылғи да солай болып келді. Тіпті, көрші ауылдағы осы пәннің мұғалімдері келіп-кетіп сабақ берген де кездер болған екен. Соның бәрі артта қалып, балалардың ел қатарлы ағылшын тілін оқып, үйренетіндігі әрбір мектеп жасындағы баласы бар шаңыраққа шаттық сыйлады. Информатика пәнінің маманы Құралай Мұратқызының да құдай айдап осы кезде келе қалмасы бар ма?!

– Мен жалпы кішкене күнімнен тыныштықты жақсы көремін. Осынау айрандай ұйыған берекелі де, мамыражай ауылға келгенім тіптен тамаша болды.
Ауылдың барлық тұрғыны маған мейіріммен қарайды. Баласындай көреді. Көрген жерде хал-жайымды сұрап, бәйек болады. Несін жасырайын, кейде өзімді танымал әртістей сезініп те қаламын, – дейді Айқын. – Ауылда Бауыржан ағаның шаңырағында тұрып жатырмын. Бір мүшесі болдым ол үйдің. Барлық жұмыстарға қол ұшын созып тұрамын. Үйде емін-еркін жүремін. Уай-файымыз да қосулы, ғаламның жаңалығынан тыс қалғамыз жоқ. Осы үйдің балалары қарындастарым болып кетті бүгінде.

Біз ауыл халқы мен мектеп ұжымын айтамыз-ау, ең ерекше шаттанғаны оқушылардың өзі екен ғой. Дәл солай, мектептегі әрбір шарада ағылшынша жарыса тақпақ оқып тақылдап тұрмады ма шіркіндер.

– Оқушыларымды бөле-жармаймын әрине, бірақ айту керек, менің пәніме жетінші сынып оқушылары өте белсенді қатысады. Кейін олардың ішінен ағылшын тілін шебер меңгеріп, тіпті осы салада қызмет атқаратындар да шығар деп үміттенемін. Қазір оқушыларымды аудандық пән олимпиадаларына қатысуға дайындап жүрмін. Болашағымыздың қалай боларын уақыт көрсете жатар. Дегенмен де, әзірге бұл мектептен кеткім келмейді. Тағы біраз жыл жұмыс істейтін ниетім бар, – деді Айқын.

Оқу ісінің меңгерушісі Бану Сағатбекқызы жас маман туралы пікір білдіріп, ақ жол тіледі.

– Айқын Болатов жас та болса, бас болатындай қажырлы әрі еңбекқор маман. Ол өз пәніне қатысты арнайы курстарға барып, шеберлігін шыңдап келеді. Айқын әрбір сабағында көрнекілік құралдарын өте жақсы қолдана білетінін байқадым. Мақтағаным емес, оның шығармашылық қабілеті жоғары, – деді Б.Сағатбекқызы.

Шынар Рысбекова,
бастауыш пәнінің мұғалімі.
Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button