Қоғам

Кейбір жәдігерлердің 300 жылдық тарихы бар

Кейбір жәдігерлердің 300 жылдық тарихы бар


Зыряндағы өлкетану залында түрлі көрмелер, тақырыптық кездесулер, жастарға арналған квестер мен экспедициялар күн сайын өтеді. Мұндай тағылымды шаралар аудан жұртшылығының да қызығушылығы мен белсенділігін арттырғандай. Бүгінде мұнда келушілердің де, мұражайдың қорына жәдігерлер тапсырушылардың да саны бірнеше есе артқан.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыруда Зырян қалалық кітапханасының өлкетану залына ерекше үміт артып отырмыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, әр адам өзінің туып-өскен жерінің тарихы мен мәдениетін білуге міндетті. Себебі өткеніңнен қол үзу болашағыңа балта шабумен бірдей, бұл – үлкен қасірет. Осы орайда, жерлестеріміздің өлкетану тақырыбына деген қызығушылығы, ынта-ықыласы қуантады. Тұрғындар өлкетану залына өздеріне қымбат заттарын әкеліп, тапсыруда. Ол заттардың кейбірі – сонау ХVII-XVIII ғасырлардың жәдігерлері. Ішінде екі-үш ғасырлық тарихы бар кітаптар да бар, – дейді Зырян ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарова.

Оның айтуынша, алдағы уақытта аудан басшысы Нұржан Тоқсейітовтің тапсырмасы бойынша өлкетану залының жанынан «Алтай – ортақ үйіміз» деп аталатын музей ашылмақ.

Негізі, ауданда осы тәрізді музей ашу зыряндық зиялы қауымның көптен бергі арманы болыпты. Енді, міне, Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқасында бұл арманның да жүзеге асатын күні алыс емес сияқты.

– Біздің қорда 10 мыңнан астам экспонат бар. Олардың арасында ХVII-XVIII ғасырлардың заттары да бар. Біздің өлкеден табылған осындай көне жәдігерлердің бірталайы тіптен қаз-қалпында сақталған. Мәселен, қорымыздан сол заманнан жеткен тоқыма бұйымдарының түр-түрін табуға болады. Көбі бүгінге дейін бүлінбей жеткен. Осыған қарап-ақ бірнеше ғасыр бұрын да бұл аймақта бай-қуатты адамдардың тұрғанын аңғаруға болады, – дейді өлкетану залының меңгерушісі Денис Никитин.

Кейбір жәдігерлердің 300 жылдық тарихы бар

Маман соңғы кездері өлкетану залының қорына жәдігерлер тапсыратындардың қатары біршама артқанын жасырмайды. Мәселен, осыдан біраз бұрын бір жерлесіміз соғысқа дейінгі жылдары шығарылған фотоаппарат пен радиоқабылдағышты сыйға тартыпты. Бүгіндері сирек кездесетін мұндай заттарды қабылдау – кез келген мұражай үшін бақыт дейді ол.

– Жуықта өлкетанушы Владимир Миков залымызға альпинистерге арналған керек-жарақтар жиынтығын тапсырды. Жалпы, бұл кісінің бізге сыйлаған заттарының өзінен-ақ бір музей ашуға болады. Мысалы, осыдан біраз бұрын Владимир Феофанович тапсырған жәдігерлерден минералогия залын ашудың мүмкіндігі туды. Ардагер бізге ескі карталар мен минералдардың үлгілерін, сондай-ақ құнды ақпараттық стендтерді сыйға тартты. Геологтардың сөзіне сенсек, бүгінде мұндай заттардың құны өте жоғары екен, – дейді Д.Никитин.

Осы ретте, аудан орталығында орналасқан өлкетану залының жұмыс тәртібі туралы да бір ауыз сөз айта кеткенді жөн деп таптық. Негізі, Денис Никитин басқаратын мекемеде қатып қалған ереже жоқ, зал қызметкерлері жаңаша форматта жұмыс істеуге тырысады. Әсіресе өскелең ұрпаққа қызықты болатын дүниелерге басымдық беріледі.

Кейбір жәдігерлердің 300 жылдық тарихы бар

– Бүгінгінің баласына құрғақ ақпарат қажет емес. Оларға белгілі бір нәрсені өз көздерімен көріп, қолдарымен ұстаған әлдеқайда қызықтырақ. Сол себепті балалардың тарихқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында оларға кез келген экспонатты ұстап көруге, жәдігермен жақынырақ танысуға мүмкіндік береміз. Бұл тұрғыда «Музейдегі түн» акциясының да тигізер пайдасы мол, – дейді ол.

Денис Никитин бүгінде Зырян ауданында сәулеттік және археологиялық маңызы бар 14 ескерткіш орналасқанын атап өтті. Олардың кейбірі туралы зыряндықтардың көбі әлі де білмейді екен.

Оксана Сосновская
Зырян аудандық ішкі саясат
бөлімінің тапсыры бойынша әзірленді

Осы айдарда

Back to top button