Қоғам

Кетеуі кеткен тіршілік

Есікті жұлқи ашып, келін кіріп келді. Шайпау, долы қатын. Көзге сауырына қамшы дарытпайтын жылқы елестеді. Асау бие жалына қол тигізбеді. Жолай бастаса ауыздығын шайнап, тісін шықырлатып тұра қалады. Тым шамкөс, кінәмшіл. Жан баласын жолатпас ессіз. Өңінен жылы шырай білінбеді. Сыздауықша сыздап, іші іріңге толып тұр. Иен тауда мекендеген бейбақ дерсің. Өңінен қара суық есіп тұрды.

Орта жасқа аяқ басса да  жүзінен жылылық сезілмейді. Қайын атасының алдына басын ие жығыла кешірім сұрай ма десең, жоқ, өлсең өмірем қап дегендей былқ етпейді ғой, шіркін. Қанша жыл өтсе де өз үйінен дәм татырмады. Қатын тілінен аса алмаған күйеуге де айтар пәлсапа жоқ. Сөзін өткізе алмады. Жасық, ез.  Өткен ренішті өшіріп, алға ақ-ниетке қарай бет бұра ма десең, олай болмады. Ақ сөз, ақ бата алмай, қарғыс арқалады. Неткен жүзіқара. Болмашы нәрсеге малданып, кеудесі өсті. Ошақ қасына ағайын туған жиналды. Қайын атасы жападан жалғыз жотада қалды. Қуарған қурайдай, қуарып ешкімге керегі болмады. Тіпті туған баласына да. Жетім қозыдай, өз тамағын дайындап өлмес күнін көрді.

Құдай басқа салмасын. Келінің кесір болса, көрер күнің осы екен. Тілін безеп, анайы сөз айтатын келіннен без. Қандай адам шыдап тұрады. Тесік өкпе, жартытөбел. Уақыттан асқан жүйрік жоқ. Қара жер қойнына табыстағанда, қай бетімен сыңсып келер екен. Тіріде сыйласпаса, өлгенде қай атаңның құны бар. Азар болса, малын көздеп келер. Қу құлқынның қамы ғой. Қайран, дүние-ай! Қартайған шақта балаға, келінге керегі болмаса, сол жазылмас жара. Қу томарға ұқсатып, домалатып тастап кетті.

Жүрек көзі мұз, қара ниетті адамға айналды. Ата-ана баласын қанатының астына алып мәпеледі. Одан көрген жақсылығы қәне. Шеше болса, баласының бақыты үшін у ішеді. Қолдан келер қайран жоқ. Келінге өтірік елпілдеп, өбектеп асты-үстіне түсіп әуре. Қолда бар жылы жұмсағын аузына тосады. Жартыкеш басты қоқысқа лақтырса, сол қайырлы. Кетеуі кеткен безбүйрек әйел кімге дәрі.

О, сорлы күйеу, көрген күнің осы. Аңқылдаймын деп, шоқ бастың, отқа түстің. Кім кінәлі? Әйелге сөзін өткізе алмаған еркек көсеу тәрізді. Айыбыңды ащы сумен емдемек боласың. Алдыңда ор тұрғанын сезбейсің. Кетеуі кеткен шыныаяқ. Анау құйрығын көтеріп, ауыздықты шайнап ол кетті. Жел маясын майлауға.

 

Айгүл Ұябаева

Осы айдарда

Back to top button