Қоғам

Кестені көңіл сызып, қол тігеді

Кестені көңіл сызып, қол тігеді

Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алып жүрген Айзада Мұзафар қолөнерді жастайынан меңгерген.
Түрлі-түсті әдемі бұйым көрсе, көзі тұнбайтын қыз жоқ. Айзада да сол санаттан. Ол оқудан қолы қалт еткенде өзінің сүйікті ісімен айналысуға тырысады. Жас қыздың шебер қолынан шыққан көздің жауын аларлық көпшік-жастықтар, өзге де кестелі бұйымдарға басқалардың қызығушылығы жоғары. Айзаданың айтуынша, осы уақытқа дейін көптеген жастық пен кестелер тоқыпты. Тіпті, кісі есімі жазылған кестелі орамалдар да бар. Бір жастықты жасап, әдемілеу үшін төрт сағат уақыт керек екен.
– Ал кестені көңіл сызып, қол тігеді, көз санайды. Сызбам арқылы қолдың икемін келтіріп, буынның әрбір қимылын жаттықтырып отырамын, – дейді Айзада.
Айтпақшы, оның осындай қолөнер бұйымдарын жасауға қызығушылығын оятқан – анасы Балжан Сатыбалдиева. Айзаданың университетте оқып жатқан мамандығы – алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі. Сонымен қоса, ол қолөнер бұйымдарын тігіп, табыс тауып жүр. Оның айтуынша, ең бастысы, төзім мен қызығушылық, жақсы идеялар көп болса, мұндай заттарды әрбір ару өзі-ақ жасап алуына болады.
Қазіргі кезде оның жасаған заттарына басты тапсырыс берушілер – туыстары мен таныстары. Өскеменге «Серпін-2050» бағдарламасы арқылы оқуға келген Айзада өткен жылдың желтоқсан айында «серпіндік» студенттер арасында ұйымдастырылған «Аламан» фестиваліне қатысқан. Осы фестивальде «Үздік START UP бизнес идея» аталымының жеңімпазы атанып, тігін машинасын сыйға алған.
– Тігін машинасымен жұмысым жеңілдеді. Уақытымды үнемдейтін болдым. Әйтпесе, бұрын жастық жасау үшін бір күн кететін. Ал қазір төрт сағатта тындырамын, – дейді Айзада.
ҰБТ тапсырған кезде төмен балл жинап қалған Айзадаға мектептегі мұғалімдер «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша грантқа оқуға түсуге мүмкіндік барын айтыпты. Содан ол құжаттарын тапсырып, оқуға түскен.
– Кейде «оқумен жұмысты қалай қатар алып жүресің?» дейтін жандар да табылып жатады. Сонда: «Әрине, жеңіл емес. Бірақ жұмыс істеген соң жауапкершілікті сезінесің. Сенің жасаған затыңды күтіп отырған адам барын естен шығармайсың» деп жауап беремін. Күнделікті табысым өзіме жетеді. Бір күнде кеміне 2500 теңгедей табыс табамын. Көбінесе, бұйымдарды жасалу қиындығына және көлеміне қарай бағалаймын, дейді ол.
Сондай-ақ, шебер қыз келешекте дизайнерлік курсын оқып, бұл өнерді жалғастыратын ниеті барын айтты.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button