Қоғам

Кестеден кешіккен құрылыстың жайы талқыланды

Кестеден кешіккен құрылыстың жайы талқыланды


Риддер қаласында облыстық мәслихаттың «Нұр Отан» партиясы фракциясының жанындағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі комиссиясының көшпелі отырысы өтті. Мәслихат депутаттары мен партия өкілдері «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынып жатқан 280 орындық балабақшаның құрылысын талқылады.

Шараға қала әкімдігінің, партияның қалалық филиалының, облыстық сәулет және құрылыс басқармасының өкілдері мен «Нұрлы жол» бағдарламасының жүзеге асуын бақылау комиссиясының мүшелері қатысты.

– Елбасы тапсырмасымен еліміздің барлық қалалық, аудандық мәслихаттары жанынан әлеуметтік маңызы бар құрылыстардың салыну барысын бақылау үшін арнайы комиссия құрылған болатын. Аймақта мұндай нысандар қатары – 34. «Нұр Отан» партиясы жанында осы әлеуметтік нысандар құрылыстарын бақылау үшін бес комиссия құрылған. Біз Тарбағатай, Ұлан, Шемонайха аудандары, Курчатов, Семей қалалары аумағындағы бес мектеп және Риддердегі балабақша құрылысын қадағалаймыз. Осы балабақша құрылысының жалпы сомасы – 3 млрд. 178 млн. теңге. Нысандардың ішінде осы балабақшаның құрылысы ғана белгіленген кестеге сәйкеспей, тым созылып келеді. Бастапқы жоба бойынша мұның алдындағы мекеменің жауапсыздығынан жаңа оқу жылында бүлдіршіндер бұл балабақшаға кіре алмайды, – деді комиссия төрағасы Жасұлан Шаймарданов.

Бүгінгі таңда бұл компания мемлекеттік тапсырыс алуға сенімсіз мекеме ретінде танылып, жұмыс алаңынан шығарылған. Алайда, бұл әлеуметтік нысан құрылысы аяқсыз қалады дегенді білдірмейді. Балабақшаға 450 млн. тенгенің көлемінде құрылыс жұмыстары жүргізілген.

Жиын барысында аталған мәселені біртіндеп шешіп, нысанды пайдалануға берудің жолдары талқыланды. Мамандар тарапынан тезірек конкурс жариялап, тиісті ақшаны жаңа құрылыс мекемесіне беру керектігі, сол арқылы балабақша құрылысын жаңа жылға дейін аяқтауға болатындығы айтылды.
– Мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша біз тапсырыс беруші ретінде «ВК Д&Д» ЖШС-мен 600 млн. теңгенің келісімшартын жасаған болатынбыз. Былтыр мердігер құрылыс кестесіне сәйкес 146 млн. тенгенің жұмысын толық орындаған болатын. Ал биыл келісімшарттың кейбір талаптарын орындамағаны үшін мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа келісімшартты тоқтату туралы арыз түсірілді. Қазіргі уақытта біздің барлық талаптарымыз орындалды. Қалған жұмысты жандандыру үшін жаңадан жобалық-сметалық құжаттама жасалып жатыр, – деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Қанат Дырынбаев.

Жиын соңында комиссия мүшелері облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы, мемлекеттік сатып алу және қоммуналдық меншік басқармаларына тез арада байқауға қатысу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындау міндетін жүктеп, партияның қалалық филиалына мердігердің тапсырыс беруші алдындағы міндеттерін мүлтіксіз орындауын қадағалауды тапсырды.

Назерке Көпенова,
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы

Осы айдарда

Back to top button