Қоғам

Кестедегі өзгертудің кеселі тие жаздады

Кестедегі өзгертудің кеселі тие жаздады

Ертіс өзенінің деңгейі күрт көтерілуінен Өскеменде орын алған төтенше жағдай қалпына келтіріле бастады. Ең бастысы, өзен суының арнасынан асуының себебі анықталып, дер кезінде тиісті шаралар атқарылды.
Естеріңізге салсақ, Қытай елінің аумағында болып жатқан жауын-шашын мен таудағы қарлардың жылдам еруінен Қара Ертіс өзенінің суы нормативтік болжанған деңгейден төрт есе асып кеткен болатын. Осының салдарынан Бұқтырма су қоймасындағы судың мөлшері күрт көбейіп, айтарлықтай қауіп туғызған.
Апаттың алдын алу үшін облыс әкімдігімен тиісті шаралар қолға алынып, Ертіс СЭС каскадында судың жіберілуін реттейтін арнайы кесте жасалды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Ертіс бассейндік инспекциясы мен аталған суэлектр станциясы мамандарының келісімімен дайындалған аталған кестеге сәйкес қойманың суы реттеле бастаған.
Алайда, 24-маусым күні таңертең күтпеген жерден Өскеменнің бірқатар аудандарын топан су басты. Нақтырақ айтсақ, Аблакетка ықшамауданындағы нысандарға, Пионер, Комсомол аралдарына, Ертіс-2 саяжай аумағындағы 57 тұрғын үйге су жайылды. Тіпті, арнасынан асқан су Пермитин көшесінің көлік жолына дейін жайылып кетті. Төтенше жағдайға байланысты жетпіске жуық адам қауіпсіз орынға жеткізіліп, тиісті жұмыстар шұғыл түрде жүргізілді.
Облыс әкімдігіне жақын сенімді ақпарат көзінің ақпаратына сүйенсек, мұндағы жағдайды көзімен көріп, білмей тұра Ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары жөніндегі комитеттің төрағасы Ислам Әбішев облыс әкімдігімен келіспестен кестеге негізсіз өзгертулер енгізген. Соған сәйкес 23-маусымнан бастап Шүлбі СЭС арқылы өтетін судың мөлшері секундына 3 мың текше метрден 2500 текше метрге дейін кемітілген. Бұл өз кезегінде Ертіс өзенінің Шүлбі станциясынан жоғарғы бөлігіндегі су деңгейінің күрт көтерілуіне әкеліп соқтырды.
Осы жағдайға орай облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ өзі Үкіметке шығып, СЭС арқылы суды жіберу кестесін реттеді. Соның арқасында қазір Ертістің деңгейі біртіндеп төмен түсе бастады.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button