Кесте тіккен ұлдың келешегі қалай болмақ?

Ұл бала қашанда шаңырақтың иесі, әулеттің отын тұтатушы болып саналады. Ұл тәрбиелей отырып, еліміздің, жеріміздің иесін тәрбиелейміз. Ата-бабамыз ұл баланы ертеңгі абыройлы әке, қадірлі отағасы, ел қорғайтын ер, би, ақын, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, өнер-білімге, салт-дәстүрімізді сақтауға тәрбиелеген. Қазақ отбасының ерекшелігі – әке тұрып ұлдың сөйлемеуінде. Ал қазір ше? Ұлдардың үлгі тұтар идеалы, бүгінгі күннің батыры кім? Қаншама тағдыр тәлкегін көрсе де, қайсарлығы мен тектілігін жоғалтпаған дана халқымыздың кей ұрпағы неге әскерге барудан саналы түрде бас тартып, шашын бояп, құлағына сырға салуға құмар болып барады?
«Бояушы-бояушы дегенге, сақалын бояпты» дегендей, қазір мектептерде төртінші сыныпта оқитын он жастағы ұлдарға оқу бағдарламасы бойынша мұғалімдер кесте тіктіретін болды. Бұған ата-аналар да наразы. Өйткені кесте тігуге ер бала тұрмақ, барлық қыз баланың бірдей икемі, бейімі бола бермейді. Сабақ үстінде бастаған кестесін үйден аяқтап келуге тапсырма береді. Сонда балалар математика, әдебиет, ағылшын, орыс тілі сияқты пәндерден берген үй жұмысын қарауы керек пе, әлде кесте тігіп отыруы тиіс пе?
Қазақ ұл баланы «он үште отау иесі» деп тәрбиелеген. Дүниеге сәби келгенде, «Ат байлар ма, кесте тігер ме?» деп сұрайтыны да тегін емес. Өйткені кесте тігу қыздың ісі, ал ұлдарға үйрететін шаруа жетіп артылады. Мейлі, бұл жаңартылған оқу мазмұнының талабы болса да, мұғалімдер еңбек сабағында кестені қыздарға үйретіп, ал ұлдарға құстың ұясын жасау, конструктор құрау, қайшымен қиып, бөлшектерді жабыстыру сияқты қолөнер түрлері, ер балаға қажетті тағы басқа пайдалы істерге баулуға болады ғой. «Тіпті ұлдар міндетті түрде ине ұстап үйрену керек болса, түйме тағып үйретсе де болар еді» дейді ренжулі ата-аналар.
Бүгінгі күннің батыры – «Ninety one» ба?
Қазіргі мектептерде ер мұғалімдер азайып барады. Бұрын ұлдарға еңбек, денешынықтырудан ер мұғалімдер сабақ берсе, қазір бұл пәндерден де көп жағдайда әйел мұғалімдер сабақ беріп жүр.
Жақында аулада ойнап жүрген 10-13 жас аралығындағы ұлдардан кімді үлгі тұтатындығын сұрап, жауабын естігенде аң-таң болдым. Қазіргі жеткіншектердің үлгі тұтып тыңдайтын идеалы – «Ninety one» тобы екен. Құлақтарына сырға тағып, шашын, көзін бояп, қазақ жігітіне тән емес стилімен көпшіліктің наразылығын тудырып жүрген топтың әніне ме, киіміне ме, несіне қызықты екен? Сыныптағы ұл-қыздардың барлығы олардың фанаттары дейді. Әндерін жатқа айтады, тіпті киім кию стиліне дейін еліктейді. Өкінішке қарай, қазір киелі сахнада жүрген бірқатар «жұлдыздар» теледидар арқылы өскелең ұрпаққа үлгі болып жүргенін білсе де, ол жағына бас қатырмайтын сияқты.
Өкінішке қарай, әскерге денсаулығы жарамайтын, жараса да барудан қашатын әлжуаз, ынжық жастар көбейді.

Ұстаздың мәртебесін көтеру керек
Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы мәдени құндылықтары қалыптасады. Қазақ отбасында үлкеннің алдын кесіп өтпейді, үлкен тұрып кіші сөйлемейді. Отбасында әкені, үлкенді құрметтеу әдеті жауапкершілікке, адамгершілікке баулиды. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» дейтін халқымызда әкелер өзінің білетін бар өнерін ұлдарына үйретіп, оларды намысшыл, жігерлі, өнерлі, қайратты, «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт етіп тәрбиелеген. Сондықтан ананың жұмсақ тәрбиесімен бірге әкенің салмақты сөзі де ауадай қажет.
Осы мәселе төңірегінде саналы ғұмырын ұстаздыққа, мектеп басқару ісіне арнаған ардагер ұстаз Әлібек Нұрмұхамедов былай дейді:
-Білімді ұстаздың шәкірті тәлімді болады. Отбасында әкені, ағаны сыйламаса, ол жанұяда ешқандай береке болмайды. Бұрнағы жылдары мектепте сабақ беретін ер мұғалімдер біршама болатын. Тарбағатай ауданының өзінен Исламбек Қамажанов, Асқар Ислямов, Қызырбек Билялов, Қазыбек Ыдырышев сынды аты аңызға айналған әйгілі ұстаздар шықты. Ол кездері үйдегі, сырттағы тәрбие қабысып жататын. Үйдегі ата-анамыз, мектептегі мұғалімдеріміз үлкеннің алдынан көлденең өтпеуді үйрететіндіктен, сыртта да тәртіп сақтап жүретінбіз.
Ұл балаға кесте тіктіру, әрине, дұрыс емес. Қазір қайдам, кезінде еңбек сабағында қыздар жағы үй шаруашылығына қажетті жұмыстарды орындаса, ұлдарды ағаш жону, ұшақ жасау, қаңылтыр кесу сияқты жұмыстарға бейімдеп, бөлек тапсырма беретін. Сондықтан еңбек, денешынықтыру, алғашқы әскери дайындық, басқа да пәндерден ер мұғалімдердің сабақ бергені дұрыс. Балаларды имендіретін еркектің дауысы болмаса, тәртіп те болмайды.
Қазақтың бала тәрбиесі жөнінде өз заңы бар. Тыйым сөздердің өзі тұнып тұрған тәрбие ғой. Өкінішке қарай, соңғы жылдары ер мұғалімдердің азайып бара жатқаны ұстаз жалақысының төмендігінен болар. Не дегенмен, азамат отбасының асыраушысы ғой. Ұстаздардың жалақысы дұрыс болмаса, іс оңбайды. Сондықтан мұғалімнің беделін, мәртебесін түсірмеу керек. Бұрын мұғалімге үй берілетін, тегін көмір түсіріп беретін, жағдай жасалатын, қазір оның бірі де жоқ. Ата-ана, мұғалім, оқушы арасында тығыз байланыс орнатып, жұмысты жұмыла істейтінбіз. Мұғалім баланы үйіне іздеп баратын. Қазір баланың таңға дейін қайда жүргенін білмейтін ата-ана мен мұғалім де бар ғой.

Бізге білім берген ер мұғалімдерге еліктеп, бір сыныпта оқыған Әскербек Аймұхамбетов, Кәкімбек Тұрғанбаев сияқты 8-9 бала ұстаздық мамандығын таңдадық. Кейін бәріміз де өмірімізді халық ағарту ісіне арнадық.
Айтарым, отбасында да, мектепте де ер баланың тәрбиесіне ерекше мән беріп, арнайы тәрбие бағдарламалары жасалуы қажет.
Қаперіңізде жүрсін
*Ақ-қараны ажырата бастаған уақыттан бастап балаңызды үлкендер отыратын салиқалы жиындарға қатыстырыңыз. Естияр баланы қонақ келгенде ересектермен бірге отырғызу оның зерек болып өсуі мен тез жетілуі жолындағы мол мүмкіндік.
*Баланы ешқашан біреудің көзінше сөкпеңіз, оған тәрбиені оңашада сіңіріңіз, сонда бала жасқаншақ, жалтақ болмайды.
*Балаңызбен кейде ақылдасып, кеңес сұрап тұрыңыз. Қате ісін түзетіңіз, бұл оның ойлау жүйесін дамытып, өзіне деген сенімін оятады.
*Балаңызбен сырласып, оған құпияларды сеніп тапсырыңыз, бұл оның сырға беріктігі мен аманатшыл қасиетін қалыптастырады.
*Баланы үйдегі қонақтардың алдында сөйлетіп, ойын еркін жеткізуге үйретіңіз. Бұл оның сөзге шебер әрі көпшіл, ортамен тез тіл табысатын болып өсуіне себеп.
*Балаға уәде берсеңіз, оны міндетті түрде орындаңыз. Олай болмаған жағдайда бала сертінде тұрмай, өтірікші болып өседі.
*Үйде балаға шамасы жететін, әрі сол үшін жауап беретін маңызды іс тапсыруды әдетке айналдырыңыз. Үнемі істің нәтижесін сұрауды ұмытпаңыз. Бұл оны жастайынан еңбекқорлыққа, жауапкершілікке баулиды.
*Тәрбиенің негізі баланың кімді үлгі тұтатындығына байланысты. Өйткені оның бойындағы барлық қылықтар еліктеу арқылы қалыптасады.
*Балаңызды атқа мінуге, жүзуге, күресуге бейімдеңіз. Бұл оның ширақ болып өсуіне септігін тигізеді.
Айжанат Бақытқызы