Қоғам

Әкесінің қабірі жетпіс жылдан кейін табылды

Әкесінің қабірі жетпіс жылдан кейін табылды

Өткен ғасырдың сұрапыл қырғыны – Ұлы Отан соғысының қасірет өрті шарпымаған шаңырақ елімізде некен-саяқ. Мыңдаған үй отбасының тіреуі болар ер-азаматтарынан айырылып, қайғының қара шапанын жамылып қалса, талай боздақтар артынан бір ауыз хабар келмей, із-түссіз, хабар-ошарсыз жоғалып кетті. Қаншама аналар майданға кеткен ұлының жолына қарап, сарғая тосумен өмірден өтсе, мыңдаған баланың балалығын соғыс ұрлап, жетім атанып, әке алақанының жылуын сезбей өсті. Жарына деген адалдығы мен ыстық махаббатын жүрегіне сақтап, тағдырдың сан түрлі теперішінен тізесі бүгілмей өткен нәзік жандар қаншама…

Орлов-Курск маңындағы шайқастарға қатысқан

Әкесінің қабірі жетпіс жылдан кейін табылды

Зайсандық еңбек ардагері Рәш Хасанқызының әкесі де соғыстан оралмаған. Өкініштісі, әкесінен келген «қаралы қағаз» жоғалып қалып, әкесінің бейітін іздеп табуды осы уақытқа дейін армандап келген. Адамның үміті үзілген бе? Кеңестік уақытта тиісті орындар іздеуді былай қойып, оған талпыныс жасауға да мүмкіндік бермесе, тәуелсіздіктің лебі ескен жылдарда өшкен үміті қайта жанғандай болады. Ақыры, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл толып отырған шақта әке қабірі табылып, басына барып құран бағыштауға, туған жер топырағын салып қайтуға мүмкіндік туыпты.
Бұл жағымды жаңалық Рәш апаның қызынан туған жиен немересі, белгілі журналист, республикалық «24kz» телеарнасының АҚШ-тағы меншікті тілшісі Жігер Сәрсеновтің үздіксіз журналистік ізденісінің арқасында мүмкін болғанын атап өткен орынды. Ол Подольск қаласында орналасқан бұрынғы КСРО-ның Қорғаныс министрлігінің орталық мұрағатына, майдангер соғысқа кірген Ресейдің Орлов облысының әскери комиссариатына кідіріссіз сұрау сала жүріп, төмендегі деректерді анықтаған.
Сол жақтағы жергілікті Ұлы Отан соғысын зерттеушілер жіберген мәлімет бойынша қатардағы қызыл әскер Хасан Ішпекбаев атқыш ретінде Орлов-Курск маңындағы шайқастарға қатысқан. 1943 жылдың ақпан айының басында 70-ші армияның 28-атқыштар корпусының полковник В.Махлиновский қолбасшылық ететін, екінші жасақталған 211-ші атқыштар дивизиясы Фатежский және бұрынғы Верхне-Любажский аудандарын жаудан азат ету шайқастарын жүргізген. Жау басып алынған жерлерді қайтарғысы келмей, табанды қарсылық танытқан. Осы ұрыстардың бірінде қызыл әскер Х.Ішпекбаевтың қаза тапқаны айтылады. Жауынгер қаруластарымен бірге осы маңдағы Никольское ауылындағы бауырластар зиратына жерленген. Алайда, аты-жөні бауырластар зиратына өзге де көптеген жауынгерлермен бірге кірмей қалған. Никольское – бүгінде қазіргі Орлов облысы, Тросна ауданына қарасты елді мекен. Бұл жерде Орлов-Курск соғысында, Курск иініндегі шайқаста, оның ішінде Соборов даласы аумағындағы ұрыстарда қаза тапқан көптеген жауынгерлер жан-жақтан жинастырылып, жерленген. Қазір мұнда жерленгендердің есімдерін анықтау, тақтаға қашап жазу жұмыстары қолға алынуда. Солармен бірге Хасан Ішпекбаевтың (төменгі суретте) да есімі тас тақтаға қашалмақ.
Мұрағаттық деректерден осы ақпан айында мұнда кескілескен ұрыстар болғанын, кеңес әскерлері жеңіске жеткенін аңғару қиын емес. Себебі, 1943 жылдың 14 ақпанында В.Махлиновскийге генерал-майор әскери шені берілген. Бұл дивизия 1942 жылдың 2 мамырынан 1945 жылдың 11 мамырына дейін соғыста болған. Курск доғасындағы соғысқа қатысып, Украина, Белоруссия, Польша, Чехословакия жерлерін жаудан азат еткен.
Орлов облысының аумағында жергілікті зерттеушілердің мәліметінше, 715 мыңдай кеңес жауынгері қаза тапқан екен. Өкініштісі, солардың көбінің аты-жөндері нақтыланбаған. Бұл мәліметтер өткен ғасырда құпия болып келсе, жаңа ғасыр басында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің Жарлығымен құпиялылық таңбасы алынып, ондағы мүрделерді анықтау, мәңгі есте сақтау үшін мәліметтерді ОБД «Мемориал» сайтына орналастыру ісі қолға алынды. Аталмыш сайтта Х.Ішпекбаев туралы да толық мәліметтер бар.
Хасан Ішпекбаев 1911 жылы Зайсан ауданының Қуаныш ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Егіздің сыңары Құсайын сегіз жасында ертерек қайтыс болып кетеді де, өзге бауырларынан ересек Хасан жастайынан колхоз шаруасына араласады. Рәш Хасанқызының айтуынша, қарапайым ауыл тұрғындарының бірі болған, көбінесе аң аулағанды, саятшылық құрғанды ұнатқан екен. Қанжығасының бос қайтқан күні болмапты. Әкесінің Қалкеш деген әпкесі, одан кейін Сақасын, Рахметолда, Рахия, Рақыпбай, Рәбиға есімді бауыр-қарындастары болған. Бүгінде солардан Зайсанда Рахия әжей мен Рақыпбай ақсақал бар.

Майданға аттанғанда соңында екі баласы қалды

Жігіт шағында Хасан Зайсанмен шекаралас Марқакөл өңірінің Маңқан деген жерінде алтын шайқауға барады. Сол жақта марқакөлдік Бәтіш (Бибәтима) Бәкенқызымен танысып, 1930-шы жылдары шаңырақ көтереді. Жас отбасы Қуаныштағы ұжымдық шаруаларға елден қалмай белсенді араласады. Соғыстың алғашқы жылында-ақ майданға алынып, елмен бірге Отанды неміс басқыншыларынан қорғауға аттанады. Соғысқа аттанған ағасын кенже қарындасы Рахия шығарып салған. Сол шақтан осы сурет қана сақталған.
Майданға аттанғанда артында 1934 жылы туылған, жеті жасар ұлы Ақан мен одан төрт жас кіші қызы Рәш (Ражан) қалады. Қайран әкеге үйге қайта оралуды тағдыр жазбады. 1943 жылдың 11 ақпанында қаза тапқаны туралы қара қағазы келеді. Ол кезде Ішпекбай ақсақал пошта тасушы екен. Қайғылы хабардан туыстарының есін жия алмай абдырағаны соншалық, Хасанның қайда жерленгені жазылған мәліметтері бар қаралы қағазды жоғалтып алады. Анасы белді бекем буып, балаларын күйеуінің әке-шешесінің қолына тапсырып, колхоздың бар шаруасына араласады. Сиыр да сауады, егін де салады. Қыста Зайсаннан өгіз шанамен Тұғылға астық та тасиды. Қысқасы, соғыс уағындағы бар қиыншылықты бастан өткереді. Жастық өмірі осылай өтеді. Бертін Қуаныш ауылында ашылған пима басатын цехта жұмыс істейді. Кейін кеңшардың алдыңғы қатарлы жұмысшысы болды. Екі баласын қатардан қалдырмай өсіруге бар күш-жігерін арнайды. 1974 жылы дүниеден өтеді.
Ұлы Ақан да 12 жасынан еңбекке араласып, егін, шөп науқандарына қатысады. Зайсандағы СПТУ-дан (ауылшаруашылық кәсіби-техникалық училище) тракторшы мамандығын игереді. 1957 жылы үйленіп, жұбайы Орынбасар Орынбасар (Омкен) екеуі төрт ұл мен үш қыз тәрбиелеп, жеткізеді. Зейнетке шыққанша совхозда тракторшы болады. Бүгінде округ орталығы Біржан ауылында тұрады. Рәш апа да мектепке есейіп барып, Благодарнен мектебінен (Қаратал ауылы) 1958 жылы 10 класты аяқтап, Өскемендегі кооперативтік техникумды бітірді. Жолдасы Сәбен Зейнешұлымен 53 жыл бірге отасып, алты баланы өсіріп, жеткізді. Жоғары білім алғызып, бір-бір үй етті. Олардан 19 немере, 14 шөбере сүйіп отыр. Өзі 30 жыл еңбек етіп зейнетке шықса, Сәбен аға да ұзақ жыл Кендірлік, Ақарал кеңшарларында үлкен жүк көлігін тізгіндеді. Биыл наурыз айында өмірден өтті.
– Біз бала боп ойнамадық, қарнымыз тойып тамақ ішпедік. Тәтті дегеннің не екенін білмей өстік. Тек тынымсыз еңбек еттік. Өмір сүруді ғана ойладық. Бүгінгі бейбіт күніміз – сол әкелеріміздің ерлігінің арқасы. Құдай денсаулық берсе, алдағы жазда немерем Жігермен бірге әкемнің басына барып қайтуды жоспарлап жүрмін. Сұм соғысты еліміз енді көрмесін. Елімізде бейбітшілік болып, көк туымыз көк аспанда желбірей берсін, – дейді бүгінде Жезқазғандағы балалары мен немерелерінің ортасында отырған Рәш апа.

(Жоғарыдағы суретте: Хасанды майданға аттанарда туыстары шығарып салуда, алдында отырғандар арасында сол жақтан бірінші отыр)

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button