Кәсіподақтар мәртебесін көтеру керек
Президенттікке кандидат Мейрам Қажыкен Семейде Абай облысының кәсіподақ жетекшілерімен кездесті. Ол сайлауалды бағдарламасын таныстырып, сұрақтарға жауап берді.
М.Қажыкен түрлі саладағы жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің мүдделерін қорғайтын ұйымдарды қалыптастыру үшін қолайлы жағдай жасау қажеттігін атап өтті.
– Кәсіподақтардың мәртебесін көтеру керек. Оларды тәуелсіз қоғамдық ұйым ретінде саяси-экономикалық шешімдер қабылдау жүйесіне тарту қажет, – деді кандидат.
Тараптар еңбек заңнамасында еңбек демалысын толық алу, еңбекке уақытша жарамсыздық парағындағы қаражатты төлеу сынды мәселелерді талқылады.
«Семей инжиниринг» зауыты жұмысшыларымен кездесуде кандидат экономикалық реформалардың бір бөлігі ретінде ең төменгі жалақыны қалыптастыру, азаматтық қоғам, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбына тоқталды.