Кәсіпкерлік негіздерін қайдан оқиды?
– Бірнеше жыл бұрын оқу орындарының базасында жас кәсіпкерлерді бизнес негіздеріне оқытатын мектеп болған еді. Соңғы жылдары осы мектеп туралы естімедім. Ұлым осындай мектепте тәлім алып, бизнес негіздерін үйренсем бе деген еді. Осы жайындағы ақпаратты қайдан білуге болады?
Бақытжан, Өскемен қаласы
Бұл сұраққа жауап облыстық Кәсіпкерлер палатасының ақпараты негізінде дайындалды.
«Облыстық Кәсіпкерлер палатасының хабарлауынша, жастарды бизнес негіздеріне машықтайтын «Авангард плюс» мектебі 2016 жылы өз жұмысын бастаған. Бірақ пандемиялық шектеулерге байланысты ол біраз уақытқа тоқтап қалған. Дегенмен биылдан бастап жұмысын қайта жандандырып, өткен көктемде Өскемен қалалық білім бөліміне қарасты Бейінділік мектебінде курстар өткізді. Ал қазан айының алғашқы аптасында Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында аталмыш мектептің IX маусымы басталған.
– Бізде қандайда бір оқулық, я болмаса әдістеме жоқ. Мұнда тек осы салада көпжылдық тәжірибелері бар әрі тікелей кәсіпкерлікпен айналысатын адамдар өз тәжірибелерімен бөліседі. Жас кәсіпкерлер мектебінде тәлім беретін азаматтардың барлығы жас ұрпақтың кәсіп ашу бағытындағы білімдерін жетілдіру үшін ақы алмайды.
Екі айға созылатын сабақтарды 11 тәлімгер жүргізеді. Сонымен қатар жастар өңірде өз жұмыстарын сәтті жүргізіп жатқан кәсіпорындарға да экскурсия жасайды.
«Авангард плюс» мектебіндегі сабақтар әр бейсенбі сайын сағат 16.30-дан 18.30-ға дейін Дәулет Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың бас ғимаратында, G-1-101 аудиториясында өтеді. Өз ісін бастаудың жөнін білмей жүрген жастар болса, аталған мектептің курстарына жазылуға болады.