Қоғам

КӘСІПКЕРЛЕР ҮЙ САТЫП БЕРДІ

Қуанышты жаңалық. Асыраушысынан   айырылған көпбалалы  анаға  кәсіпкерлер баспана сатып  берді.

Аудан басшысы Алмат Ақышовтың өтініші бойынша басқа жақта кәсіптерін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер Сарыөлең ауылында тұратын жалғызбасты көпбалалы анаға үй алып берді.

Сарыөлең ауылдық округінің әкімі Серік Ақсартов жалғызбасты ананың ауыр жағдайы туралы аудан әкіміне айтқан. Жағдайдан толық хабардар болған аудан басшысы  2022 жылы асыраушысынан айырылып, тағдырдың сынағына тап болған көпбалалы анаға  көмектесуге ниетті демеуші тапқан. Бес  бүлдіршіннің үлкені төртінші сыныпта оқыса,  кенжесі әлі жасқа толмаған жалғызбасты ананың қолында 80 жасқа келген енесі бірге тұрады. Бұрынғы тұрған үйлері апаттық жағдайда деп танылып, тұруға болмайтын дәрежеге жеткен.  Осындай қиыншылыққа бетпе-бет келген қайсар ананың қолтығынан сүйеп, басына баспана сыйлаған азаматтарға кейуана ақ батасын берді. Округ әкімшілігі  азаматтардың демеушілігімен ауласын қардан тазартып, жаңа қонысқа отын-көмір түсіріп берген.

Бес балам бар, Бұрынғы үйіміз тұруға жарамсыз болғандықтан, басқа баспана сатып алуға жағдайымыз келмей отырған болатын. Біздің осындай қиыншылығымызды ескерген аудан әкіміне, қолдау көрсеткен кәсіпкерлерге рахметімді айтамын, – дейді Сарыөлең ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Арайлым Серікханова.

80 жастағы қарт әжей Бикамал Алиакперқызы қыстың ішінде баспана әперіп, отын-көмірін түсірген азаматтарға ақ батасын берді.

Көгедай Шәмерханұлы

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button