ҚоғамТОП

Кәсібінің көзі – жұдырықтай құс

Қарекетке – берекет. «Бірдеңемен айналысу керек еді», «анандай кәсіппен шұғылдансам шығыны көп», «мынандайды қолға алсам табысы жоқ» деп желкесін қасып жүргендерге Зайсан қаласындағы қос қыздың жүргізіп отырған кәсібі үйреніп, үлгі аларлықтай. Олардың бизнесі бөлек, бөдене өсіру.

Зайсанда тұратын Аяулым Бақытқызы мен Нағима Тоқтарбекқызы бөдене өсіріп жатыр. Аңға шыққан қазақ құр, қырғауыл, бөдене  аулағанымен, әсте, бұл құстарды бағып, кәсіп етіп көрген емес. Бүгінде облыстың әр ауданында бөдене өсіріп, оның еті мен жұмыртқасын пайдаланып отырған, саудалап жатқан кәсіпкерлер бар. Аяулым мен Нағима да былтырдан бастап солардың қатарын толықтырған. Зайсан қаласының шетіндегі тау етегінде мың бас бөдене өсіріп жатыр.

– Бөденені ұстаудың, бағудың тәсілдерін ғаламтордан, Тик-токтан қарадым. Көбінесе еліміздің оңтүстігінде жақсы дамып келе жатқан кәсіп екен. Олар жылы жерді жақсы көреді, суық жерде жұмыртқаламайды. Тұрақты температура 15-20 градустай жылы болуға тиіс. Ғимараттың іші жылы, газ, су келіп тұр, газбен жылытып отырмыз. Құстарға күніне екі уақ жем береміз. Жұмыртқалары  домалап тордың төменгі жағына өздігінен түсіп отырады. Жем-суын уақытында беріп, күтіміне ерекше көңіл бөліп отырмыз, дұрыс бағып-күтсе бөдененің беретін табысы мол екеніне көзіміз жетті, – дейді ферма иесі Аяулым.

Өздерінің бөдене фермасынан бізге арнайы видеолар, суреттер жолдап, тәптіштеп бизнестерімен таныстырып шыққан Аяулым мен Нағима құс фермасын бейнетүсірілімде көрініп тұрған тау жоталарының етегінен ашудың сырын түсіндірді.

Бөденелер табиғатынан шулы жерді жақтырмайды екен. Сол себепті бұл құстарды өсіретін жерді Аяулым қала шетіндегі тау жотасының баурайынан таңдапты. Ел аузында «Алматының шағын макеті» делініп жүрген Зайсан қаласы тау жоталарын бөктерлей  жатыр, нулы, сулы мекен.

Аяулым былтыр көктемде жасыл желекті жотаның етегінде орналасқан, жанында сылдыраған бастауы, алма ағашы, таңқурай, қарақаты бар бау-бақшалы үш бөлмелі үйді сатып алып, күзде үш бөлмесін де бөдене балапандарына толтырыпты. Алғашында бөдене фермасын салатын жер іздестіреді, жер үлескісі табылмаған соң ақыры тұруға сатып алған үйін  фермаға айналдыруға тура келеді. Әр бөлмеге арнайы құс ұяларын, торларын жасап, әуелі Алматыдан төрт мың жұмыртқа және балапан басып шығаруға арналған екі инкубатор сатып алып, құстың жемі мен дәрумендерін де алдын ала алып келеді. Сөйтіп, алдымен құстың қорасын жақсылап сайлап алған. Аяулым көршісі Нағима екеуі кеңесе келе бірлесе кәсіп көзін ашуға келісіп, өз қаражаттарына бөдене өсіруге керек-жарақтың бәрін алып келген соң, 2023 жылдың қазанында кішігірім бизнестерін бастап кетеді.

Қазір олардың Зайсандағы «ALTYNZER EKO ferma» деп аталатын шаруашылығының бөдене фермасында мың бас аналық құс бар. Дала құсы бөдененің дертке дауа еті мен жұмыртқасын Зайсан ауданының, көршілес Тарбағатай, Күршім, Марқакөл аудандарының тұрғындары да тұрақты түрде сатып алып жатыр. Бөдененің жұмыртқасы 50 теңгеден, 100 дана алғанға 40 теңгеден саудалайды. Бір құс күніне бір жұмыртқа береді. Тағамдық жұмыртқаларды сатса, балапан шығатын жұмыртқаларды инкубаторға салып, құс басын көбейтіп, құс етін де саудалауда. Аудандардағы тұтынушылардың тапсырыстарын такси арқылы жөнелтіп жатса, қала ішіндегілерге өз көліктерімен де жеткізіп береді. Бөденеге де, оның жұмыртқасына да сұраныс жоғары. Қиындау болып тұрғаны – құстардың жемі. Жемді Өскемен қаласынан сатып алып отыр.

– Ешқандай мемлекеттік бағдарламаға қатысып несие немесе қаржылай грант алған жоқпыз. Өз қаржымызға, өз күшімізге сеніп, осы кәсіпті бастап кеттік. Екі инкубаторымыздың әрқайсында екі мың жұмыртқа басып шығарылады. Құстың жүнін жұлатын аппарат та сатып алғанбыз. Бір жолғыда он құстың жүнін жұлады. Бүгінде бизнесіміз жақсы дамып келе жатыр. Өткізу жағынан ешқандай мәселе жоқ. Жанымызға бір жұмысшы алдық, қазір үшеуміз. Жердің тарлығынан, жер үлескісінің жоқтығынан құс басын көбейтуге мүмкіндік болмай тұр, әзірге мың құспен ғана шектеліп отырмыз. Құс саңғырығының жағымсыз иісі болғандықтан бөдене шаруашылығын қала шетіне ұстаған жөн, құс фермасын кеңейтуге басқадай бос жер жоқ, – деген Аяулым бізбен алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісті.

Аяулым мен Нағима енді бөдене етін тұздап, маринадтауды, құстың жұмыртқасынан табиғи майонез жасауды қолға алмақшы. Табиғи майонездің асқазанға пайдасы зор. Құстардың саңғырығын да далаға тастамай, оны биогумусқа, шылаушын құрттарын қосу арқылы   табиғи тыңайтқышқа айналдырмақ.

Жапон халқын құтқарып қалған

Ғаламторды қарасақ, бөдене өсіру Шығыс Азия елдерінде, соның ішінде, Қытай, Жапония және Үндістанда айрықша дамыған. Жапонияда тек бөдене өсіру ісімен айналысатын ғылыми-зерттеу институттары жұмыс істейтін көрінеді. Бүгінде бөдене өсіріп, оның жұмыртқасын саудалауда Қытай алдыда келеді. Көршілес Ресейде де жақсы дамуда.

– Чернобыль апатынан кейін ғалымдар апат аймағында радиациядан жапа шеккен балаларды бір орталыққа жинап, тәжірибе жүргізеді. Бір топтың балаларына бір ай бойы бөдененің жұмыртқасын ішкізсе, екінші топтағы балаларға жұмыртқа бермейді. Бір айдан соң бөдене жұмыртқасын ішкен балалардың ағзасын тексергенде ғалымдар бөдене жұмыртқасы радиацияны ыдырататынын анықтаған. Осыдан кейін көпшілік бөдене жұмыртқасын жаппай тұтына бастады. Бөдене жұмыртқасы адамның иммунитетін көтеретін қасиетке ие. Жалпы аурудың басым бөлігі қан айналымының дұрыс болмауынан туындайтынын ескерсек, бөдене жұмыртқасын тұтыну адам денсаулығына қаншалықты пайдалы екенін байқауға болады. Біздер бөдене жұмыртқасына тәжірибе жүргізгенімізде, оның дәрумендік құрамы тауық жұмыртқасына қарағанда 3-4 есе жоғары екеніне көз жеткіздік. Кезінде АҚШ Жапонияға атом бомбасын тастап, үлкен экологиялық апатқа ұшыратқаннан кейін, жапондар бөдененің адам бойындағы радиацияны ыдырататынын біліп, міндетті тамақ рационына енгізген. Сол кезде әрбір жапон баласы таңертең міндетті түрде бөдене жұмыртқасын шикідей ішетін болған. Осының арқасында жапон халқы денсаулығын түзеп, ойлау қабілетін дамытты. Бүгінде бұл ел жоғары деңгейде дамыған мемлекеттердің көшін бастап келеді. Бөдене жапон халқын құтқарып қалды десек те болады. Кезінде Шыңғыс ханның өзі жаралы жауынгерлеріне бөдененің жұмыртқасын ішкізіп, аяққа тұрғызғанын тарихи кітаптардан оқығаным бар, – депті бір сұхбатында Қазақстанда бөденені алғаш зерттеген ғалым Мұхтар Байбатшанов.

Әлгі ертегідегі «маңғыт» деген түлкіге «аузыңа саңғыт» деп ұша жөнелетін жыл құсы бөдене өзін өсіріп жатқанның бәріне береке әкеліп жатыр осылай. Шаруашылық иелері Аяулым мен Нағима аймақта бөдене бақсам, табыс тапсам дегендерге, кәсіптің осы түрін дамытуды мақсат еткендерге жол сілтеп, кеңес беріп, жұмыс жүргізу тәсілін үйретуге әзір.

Бүгінде өңірдегі кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен ауыл  тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған ұлттық жоба аясында  «Кәсіпке бағыт» жобасы бойынша кәсіпкерлерге, тұрғындарға тегін оқыту, тәжірибе алмасу курстары өтуде. Осы жоба  бойынша өз кәсібін өркендетіп, ісін ілгерілетіп отырған кәсіпкерлер қатары артып келеді. «Кәсіпке бағыт» жұмыс істеп тұрған жеке кәсіпкерлік нысандарының, бизнес субъектілерінің кәсіпкерлік әлеуетін арттыру мақсатында құзыреттерді оқытуды және салалық, бейіндік оқытуды қамтиды. Салалық оқыту, үйрету тегін жүргізіледі. Оқуды аяқтағаннан кейін оқудан өткені туралы сертификат беріледі. Облыста кәсіпкерлер омарташылық, балық өсіру, малды қолдан ұрықтандыру, жылыжай ұстау сияқты түрлі кәсіптерді меңгеріп, дамыту үшін кәсіпкерлік субъектілеріне апарылып, солардың базасында оқытылып, тәжірибе жинақтап жүр. Мұны айтып отырғаным, қыз да болса қиын да қызықты кәсіпті бастаудан қорықпай, жұдырықтай құстан, түймедей жұмыртқадан табыс тауып жатқан Аяулым мен Нағиманың да өзгелерге үйретері көп. Жер-жерде, аудандарда кәсібін кеңейтудің ретін, жөнін білмей жүргендер, шаруасын дамытсам деген тұрғындар, жастар жағы облыс кәсіпкерлері палатасына хабарласып, өтініштерін жеткізіп, үлкен шаруашылықтарды ғана емес, осындай іскер, ізденімпаз жастардың кәсіптерін де барып көріп, тәжірибе алса одан ұтылмасы анық.

 Жанаргүл МҰҚАТАЙ

Осы айдарда

Back to top button