Қоғам

Кешірім айындағы сауапты істерден кешігіп қалмайық

Он сегіз мың ғаламның жаратушысы Алла Тағаланың жұмыр басты пендесіне жүктеген бес парызының бірі – ораза ұстау. Биыл исі мұсылман қауымы қадір тұтып, ауыз бекітетін, Жаратушы иеміздің ерекше ықыласына бөленген сауабы мол, жыл он екi айдың ішіндегі сұлтаны саналған қасиетті Рамазан айы 20-шілдеден басталып, тамыздың 19-шы жұлдызына дейін жалғасады. Құран Кәрімнің алғашқы аяттары түскен осынау қайырымдылық пен құлшылық айы қарсаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы, Өскемен қалалық орталық мешітінің бас имамы Нұрлан қажы Байжігітұлы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін жинап, баспасөз мәслихатын өткізді.

Кешірім айындағы сауапты істерден кешігіп қалмайықОсы жылғы Рамазан айының ерекшелігі бар. Өйткені, ол дәл қасиетті жұма күні басталады. Нұрлан қажының айтуынша, мұндай құбылыс көп жылда қайталана бермейтін көрінеді. Сол сияқты таяуда ғана Астанада Орта Азияда баламасы жоқ, сәулеті мен салтанаты келіскен Әзірет Сұлтан мешіті ашылды. Одан бөлек, тамыздың 20-сы, Ораза айт мейрамы күні Өскеменде салынып жатқан үлкен мешітіміз қолданысқа беріледі.

Мінеки, бұлардың бәрі де шапағатты айда шапағатқа кенелтетін игілікті істер деген дұрыс. Ал ауыз бекітпей тұрып, 19-шілде күні кешке қарай оразаның бастамасы ретінде Тарауих намазы оқылады.

– Бір айта кетерлігі, ауыз бекіту уақыты жергілікті жердегі діни өкілдіктер бекіткен кестеге сәйкес орындалуы шарт. Өйткені, еліміздің аумағы ұлан-ғайыр болғандықтан, Алматы мен Батыс Қазақстанның ораза кестесі біздің Шығысқа келмейді, – деп түсіндірген Нұрлан қажы Байжігітұлы биылғы Рамазан айында атқарылатын амал істер туралы да айтып өтті.

Оның сөзіне қарағанда, ораза кезінде сонау Түркиядан арнайы келген мұсылман бауырларымыз Өскемендегі орталық мешітте кешкі Тарауих намазында хатым оқиды, яғни, Құран Кәрімді бастан-аяқ толықтай оқып шығады. Хатым дегенде кейбір адамдар өлген адамдарға арналып оқылатын Құран екен деп түсініп қалуы мүмкін, олай емес.

Бәзбір ағайындар Рамазан айының басында үш күн, ортасында үш күн және соңында тағы сонша уақыт ауыз бекітсе болды деп жатады, ол дұрыс емес. Қасиетті айда отыз күн қатарынан ораза тұту – парыз.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфтиіміз Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет жылдағыдай биыл тағы да еліміздің кәсіпкерлеріне, қалталы азаматтарына бағыштап үндеу жасады. Онда Рамазан айында халыққа жеңілдік жасау туралы айтылған. Өткен жылы осы үндеуге біздің облыстан ірілі-ұсақты 220 шығысқазақстандық кәсіпкер мен кәсіпорындар қолдау білдіріп, 5 пайыздан 25 пайызға дейін жеңілдіктер жасаған. Бұл игілікті іс биыл да жалғасын табады. Өскемен орталық мешітінің бас имамы Нұрлан қажының айтуынша, қазірдің өзінде бірқатар жеке кәсіпкерлер, сауда орындарының иелері жеңілдік жасауға ниетті екендіктерін аңғартып отыр. Солардың ішінде жеке кәсіпкер Арман Жүсіп дейтін мұсылман бауырымыз 30%-дық жеңілдік жасайтындығын білдіріпті.

Бұдан басқа мешіттер де әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларға жәрдем беруде. Мәселен, былтыр Өскемен қалалық орталық мешіті жағдайы нашар 57 отбасыға көмек қолын созған. Балаларға мектепке қажетті құрал-жабдықтар, оқулықтар, киім-кешек сатып әперген. Осының бәріне шамамен 4 миллион 300 мың теңгенің үстінде қаржы жұмсалған. Биыл да бұл қайырымдылық акциясы өз жалғасын тауып, өткен жылғыдан асып түспесе, кем емес көлемде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қаржылай көмек жасалмақ.

Реті келгенде айта кеткеніміз дұрыс шығар, аймағымыздағы дін қызметкерлері мұрындық болған «Алтайдың аялы алақаны» атты акция аясында алты отбасының баласы Ресей, Израиль сияқты шет елдерге барып, тегін ота жасатуға мүмкіндік алды. Мұның бәрі адамгершілік, қайырымдылық, бауырмалдық тәрізді бүгінгі қоғамда сиреп бара жатқан ізгі қасиеттердің арамызда сақталуына септігін тигізетіні сөзсіз.

– Кейінгі кездері ел ішінде өздерін мешіт қызметкерімін деп таныстырып, қолындағы бір түрлі құжатын көрсетіп, садақа жинайтындар шығып жүр. Ескертемін, біздің адамдар ешқашан ел аралап, садақа жинамайды. Олар дін өкілдерінің атын жамылып, басқа жақтан келген алаяқтар, – деген Нұрлан қажы Байжігітұлы пітір садақаны әрбір адам мешітке әкеліп беріп, артынан құранын оқытып, батасын алғаны дұрыс екендігін айтты.

Сонымен қатар баспасөз мәслихатында темір тордың арғы жағында отырған мұлсылмандардың ораза тұту жайы да сөз болды. Бұл орайда жергілікті қылмыстық атқару жүйесі комитеті мен Өскемен орталық мешіті өкілдерінің келісімі нәтижесінде абақтыдағы сотталғандарға ораза ұстауға рұқсат етілген. Және олардың ауыз бекітулеріне, құлшылық жасауларына аздаған жеңілдіктер де қарастырылыпты. Мұның сыртында Рамазан айының ішінде мешіт имамдары да абақтыларға ара-тұра ат басын тіреп, ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізіп, сұрақтарға жауап беріп, уағыз-хадистер айтып тұруға бел буып отыр.

Ораза туралы қысқаша

Ауыз бекіту дегеніміз бiр ай бойы iшiп-жеуден ғана емес, өтiрiк-өсек айтудан, бiреудi сырттай ғайбаттаудан, адамгершілiкке жатпайтын әдет-қылықтардан бойды арылту. Ораза балиғат жасына жеткен, ақыл-есі түзу, сырқат емес адамдарға – парыз. Ал хайыз, нифас кезіндегі әйел затына, өзіне немесе баласына зиян тиюі ықтимал аяғы ауыр әйелдерге, бала емізген әйелдерге, ауру-сырқаттарға, жасы кәрі қарияларға ауыз бекіту парыз емес. Мұндай топтағы адамдар оразаның қазасын да өтемейді, тек орнына отыз күн бойы пидия береді. Биыл пидияның мөлшері – 150 теңге. Ендеше 150 теңгеден отыз күн бойы беріп отырса жеткілікті. Жолға шыққан жолаушыға келсек, 90 шақырымнан астам жерге сапарға шықса, ауыз бекітпеуге рұқсат (кейін қазасы өтеледі), егер денсаулығына зиян келмейді деп есептеп, жолға шыққанда да ораза тұтатын болса, оның сауабы еселеп жазылады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.а.) былай дейді: «Үш адамға қалам жазылмайды: Балиғат жасына жетпейінше балаға, ақыл-есі түзу болғанға дейін ақылы кеміске, оянғанға дейін ұйқыда жатқан адамға» (Бухари, Талақ, 11; Әбу Дәәуд, Худуд, 17). Яғни, сана аса маңызды. Аллаһтың әмірі саналы жандарға келген. Жеті жасқа кірген кезден оразаға күші жететін қыз бала мен ер балаға ата-анасы ораза ұстатып үйрету керек. Мақсат – балаларды оразаға баулу. Ақыл-есі кемтар не есінен танып қалған адамдарға уақытша болса да ораза парыз емес. Ақылы орнына келсе, қазасы өтелмейді.

Рұқсат етіледі

Ұмытып ішіп-жеу немесе білмей жыныстық қатынаста болу. Ауыз бен мұрынға су алып шайқау. Бірақ тамаққа кетпеуін қадағалау қажет. Көзге, кұлаққа дәрі тамызу, құлақты сумен жуу, бұлық ағу, көзге сүрме жағу, қан алдыру немесе сүлік салдыру, таңертең жүніп болып тұрса және кешке дейін де солай жүрсе оразасы бұзылмайды. Бірақ намаз оқу үшін ғұсыл алу парыз. Тіс пастасын қолдану оразаны бұзбайды, алайда, жұтып қоймау керек. Абзалы таң намазы кірмей тұрып жуу. Tiс жұлдыру оразаға кедергі жасамайды, тек жұлдырғанда ауыздағы қанды немесе дәріні ішке түсірмеу шарт. Тамаққа түтін немесе топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшылары еріксіз кірсе, түкірікті жұтса оразаға зиян бермейді. Тек оларды әдейілеп ішке тартпаған жөн. Гүл, әтір секілді жақсы иістерді иіскеуге болады. Салқындау үшін жуыну, жүзу немесе ылғалды бір көйлек кию оразаны бұзбайды. Бірақ су жұтпастан суға батып жүзу қиын болғандықтан, шомылмаған абзал.

Тыйым салынады

Біле тұра ішіп-жеу, дәрі ішу, ләззат беретін нәрсені ауыздан өткізу және жима (әйелімен қосылу) оразаны бұзады. Оразаны бұзатын нәрселер біле тұра жасалса әрі қаза, әрі кәфарат керек болады. Сонымен бірге қан алдыру секілді оразаны бұзбайтын іс-әрекеттерден кейін оразам бұзылды деп біле тұра ішіп жеу. Тамаққа кірген жаңбырды, қарды өз қалауыңмен жұту. Темекі шегу. Мұрынға сұйық дәрі құю. Мұрнына иіссу тарту (иіскеуге болады). Мұрынға тартқан нәрсенің ауыздан шығуы. Басқа адам шеккен темекі түтінін өзі қалап иіскеу. Денеге инемен дәрі егу. Өзі қалап, қинап, ауыз толтырып құсу. Тісі қанаған немесе тісін жұлдырған адам аузындағы қанды жұту немесе түкірікпен бірдей мөлшерде аралас қанды жұту. Сәресі уақыты біткенін білмей жеп-ішу. Күн батты деп ойлап, ауыз ашу. Тістердің арасында қалған ноқат үлкендігіндегі нәрсені жұту.

Ауырған тісін морфий салдырып, жұлдыруға мәжбүр болған адам ораза бұзылғандықтан жеп-ішсе, тек қаза етуі керек болады. Дәрет алғанда, ауызды шайғанда тамаққа су кету. Талып қалған адамның есін жиғызу үшін немесе ұйықтап жатқан адамның аузына су құю. Ораза екенін ұмытып, жеген кезде ораза бұзылды деп біле тұра жеуді жалғастыру. Астма ауруларының дерті қозғанында дәрі-спрэй қолданғанында ораза бұзылады. Аурулардың тіл астына дәрі қойып, дәрі қабылдауы, жұтпаса да оразаны бұзады.

Тарауих намазы

Тарауих – Рамазан айына ғана тән 20 рәкаттық намаз. Ол «тынығу, демалу, рақаттану» деген мағынаны бiлдiредi. Рамазан айында Тарауих намазын оқу Ислам рәмiзiне жатады.

Қадiр түнi

Ләйләтүл-қадр, яғни, Қадыр түнiн атам қазақ баяғыда «Қадыр ата қасиеттi түнi келiп, несiбемiздi береді, тiлектерiмiздi орындайды» деп сенген. Ендеше қасиетті түнi исi мұсылман Аллаға құлшылық етiп, тiлек тiлеуден жалықпауы тиiс. Қадыр түнiнiң нақты уақытын Жаратушы иеміз әдейi көрсетпеген. Себебi, Алла Тағаланың шарапаты мен шапағатына, алғысына ие болуға асыққан құлдар әр түндi қасиеттi түн ретiнде қабылдауға, тынбай құлшылық етуге мүдделi.

Биыл, яғни 2012 жылы мұсылмандық ай күнтізбесі бойынша қасиетті Рамазан айы – 30 күн.
1.Тамыздың 14-нен 15-не қараған түн – Ләйләтул қадр, яғни қасиетті Қадір түні.
2.Сәресі ішу таң намазына 10 минут қалғанда тоқтатылады.
3.Ақшам намазының уақыты кірісімен ауызды құрма не сумен я болмаса басқа да жеміспен ашқан жөн.
4.Тарауих намазы Құптан намазының парызынан кейін оқылады, ал Үтір-уәжіп намазы ең соңынан жамағатпен оқылады.
5.Пітір садақасын Рамазан айының басынан айт намазына дейін беруге болады. Өскемен аймағы бойынша – 150 теңге.
6. 19-тамыз (жексенбі) күні Ораза айт мейрамы басталады, айт намазы Өскемен аймағында сағат 7.00-де оқылады.

Әзірлеген – Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button