Дін

Кешірім айы келгенде

Кешірім айы келгенде


Мамыр айының алтысынан бастап он екi айдың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айы басталады. Құран Кәрімнің алғашқы аяттары түскен осынау кешірім мен құлшылық айы қарсаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы, облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұқатай брифинг өткізді.

Бас имамның айтуынша, әдеттегідей Рамазан айына бір күн қалғанда өңірдегі мешіттерде қас қарая тарауих намазы оқылады.

– Ауыз бекіту және ашу уақыттары жергілікті жердегі діни өкілдіктер бекіткен кестеге сәйкес орындалуы керек. Өйткені еліміздің аумағы ұлан-ғайыр болғандықтан, Алматы мен Батыс Қазақстанның ораза кестесі біздің облысқа келмейді. Жалпы, ораза – бiр ай бойы iшiп-жеуден ғана емес, өтiрiк-өсек айтудан, бiреудi сырттай ғайбаттаудан, адамгершілiкке жатпайтын әдет-қылықтардан бойды арылту. Ораза – бәлиғат жасына жеткен, ақыл-есі түзу, сырқат емес адамдарға парыз. Ал денсаулығында кінәраты бар жандарға Жаратушы иеміз кешіріммен қарайды, – деп түсіндірген Ермек қажы Мұқатай биылғы Рамазан айында атқарылатын игілікті істер туралы да айтып өтті.

Оның айтуынша, ораза кезінде бір ай бойы «Рамазан такси» жобасы қолға алынады. Жоба аясында діни қызметкерлер жамағатқа тегін қызмет көрсетеді. Бұл таксилер ауызашардан соң оқылатын тарауих намазына келетін адамдарды ақысыз тасымалдайтын болады. Өйткені түнге қарай қоғамдық көліктер тоқтап қалатындықтан, қаланың әр шетінде тұратын адамдарға мешітке келу қиындық туғызады. Осы жайтты ескерген имамдар қасиетті Рамазан айында адамдардың алаңсыз құлшылық жасауына мүмкіндік туғызу үшін аталмыш жобаны қолға алмақ.

Брифинг барысында облыстық «Халифа Алтай» мешітінің имамдары қайырымдылық айында мұқтаж жандарға көмек көрсетуді де жоспарлап отыр. Бұдан бөлек имамдар ораза ұстаған қауымға күн сайын мешіттерде ауызашар ұйымдастыратын болады.

Сонымен қоса биыл ораза кезінде Түркиядан арнайы шақыртумен қари келуі мүмкін. Мұны бізге Ермек қажы Мұқатай айтты.
– Біздің облыста да Құран Кәрімді жатқа оқитын қарилар тәрбиеленуде. Бұл – қуантарлық жағдай, – деді Ермек қажы Мұқатай.

Биыл мұсылман күнтізбесі бойынша қасиетті Рамазан айы 30 күн. Мамырдың алтысы күні басталып, маусымның төрті күні аяқталады.

Мамырдың 31-інен маусымның біріне қараған түн – қасиетті Қадір түні.

Ақшам намазының уақыты кірісімен ауызды құрма немесе сумен, жеміспен ашқан абзал.

Пітір садақасын Рамазан айының алғашқы күнінен айт намазына дейінгі аралықта беруге болады. Оның мөлшері – 300 теңге.
Бесінші маусымда Ораза айт мейрамы басталады.

Ажар САҒАТБЕКОВА

Осы айдарда

Back to top button