Кешен салынбайтын болды

Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентінің іргесінен пайдалану мерзімі өтіп кеткен медициналық дәрі-дәрмектерді өртейтін кешен салынады деген сыбыс шыққалы тұрғындардан маза кеткені шындық. Дүкенге бас сұқса да, дәріхана мен шаштаразға кірсе де тұрғындардың айтатыны – осы. Әрине, улы ауаны кім жұтқысы келеді дейсің. Олардың өздерінің, бала-шағаларының денсаулығына алаңдауы орынды. Ақыры өткен жұмада болған қоғамдық тыңдауда бұл мәселе оң шешімін тауып, нүкте қойылды. Тұрғындардың да мойнынан бір жүк түскендей болды.
Қазіргі ақпараттық технологияның дамығаны соншалық, аузыңнан шыққан сөз ғана емес, тасқа басылып, хатталған жазуың да айшылық алыс жерлерге сол мезетте-ақ жетеді. Бір жағынан алғанда, әлеуметтік желінің әлеуметке тигізіп отырған пайдасы да осында. Кент іргесінен бой көтермек кешен жайлы хабар да осы желінің құдіретінің арқасында тез тарап, тұрғындар әп-сәтте құлағдар болды. Көзі ашық, көкірегі ояу тұрғындар бұл кешеннің халықтың денсаулығына тигізер кері әсері көп екенін бірден түсінді. Оның үстіне кенттен небары 1200 метрде орналасқан кешеннен ауаға тарайтын 11 заттың үшеуі 2-ші санатты қауіптілікке жатады екен. Ал бұдан кейін қалайша үндемей қалуға болады? Тұрғындар қарсылығын білдіріп, қол жинауға кірісіп кетті.
Сөйтіп, 1-наурыз күні таңертеңгі сағат 11-ге белгіленген қоғамдық тыңдау түскі сағат 3-те бір-ақ басталды. Қоғамдық тыңдауды ұйымдастырушылар халықты осылай шаршатып, діңкесін құртқысы келді ме, әлде тапсырыс берушілер мінген ұшақ шынында да, Астанадан Өскеменге кешігіп жетті ме, біз ол жағын анықтамадық. Бірақ қоғамдық тыңдауды неліктен жаңадан салынған көпқабатты үйдің жертөлесінде өткізуді ұйғарғаны бізге түсініксіздеу болды. Сөйтіп, шағын ғана жертөленің іші кент тұрғындарына лық толды. Ең алдымен тұрғындар тапсырыс беруші «ЭКО-РБК» ЖШС өкілдерінің сөзіне құлақ қойды. Айтуларынша, халықтың аузын толтырып зауыт деп айтып жүргендері, жылына небары 8 тонна ғана көмір жағатын шағын ғана пеш көрінеді. Тек аты ғана дардай. Қалдықтарды өңдейтін кешен деп аталады. Теміртау қаласында шығарылатын мұндай пеш-инсинераторлар қазіргі күні Қазақстанның барлық қаласында бар екен. Небары 29 шаршы метрді ғана алатын нысан 3 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде пеш орналасатын болса, екіншісінде медициналық қалдықтар сақталады, ал үшіншісі жұмысшыларға арналады екен. Жалпы, кез келген қалдық қайта өңделуі немесе өртелуі, жерге көмілуі керек. Оның ішінде медициналық қалдықтардың өзі 5 топқа бөлінеді. Ал мұнда «Б» және «В» тобына жататын қалдықтар зарарсыздандырылмақ. Бұл топқа жататын медициналық қалдықтарды лақтыра салуға болмайды, олардың қоршаған ортаға тигізер залалы орасан. Бұл қалдықтар қауіпті жұқпалы аурулардың нағыз ошағы болып саналады. Оның үстіне Қазақстанның «жасыл экономикаға» бет бұрғаны бәрімізге аян. Сондықтан да әрбір адам медициналық қалдық мәселесіне бейжай қарамауы тиіс. Жаңағы пеш-инсинераторда шприцтер мен инелерге дейін түгі қалмай балқып кететін көрінеді. Қоршаған ортаға да еш залалы жоқ. Оның үстіне кешен Қ.Қайсенов кентінен 1200 метр қашықта орналасады. Ал Астана қаласында мұндай нысан тіпті көпқабатты үйдің жанында тұр.
Бірақ жиналған тұрғындар бұл жобаны түсіндерген бойжеткеннің ешбір сөзіне иланғысы келмеді.
Иә, медициналық қалдықты жоятын нысан кенттен 1200 метр қашықта орналассын дейік. Бірақ тапсырыс берушілер неге Қ.Қайсенов кентінің күн сайын өсіп, өркендеп келе жатқанын естен шығарады? Кент тұрғындарының қатары жыл сайын артып отыр. Оның үстіне бұл маңдағы жерлердің бәрі ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерлер. Ал осыдан кейін шаруа қожалығын ұстап, мал өсіріп отырғандарға экологиялық таза азық-түлікті өндір деп қалай айтамыз? Оның үстіне саяжайда бау-бақша өсіріп отырған ағайын қаншама? Бұл кешенді неге халық аз қоныстанған, елсіз жерге апарып орналастырмасқа?
– Мұндай қоғамдық тыңдауға алғаш рет қатысып отырған жоқпын. Талай тыңдауға қатыстық. Сіздер секілді адамдар келіп, талай тыңдау өткізген. Олардың барлығы да уәдеге жомарт. Бірақ шындап келгенде олардың ешқайсысы Ұлан ауданы үшін ештеңе де істеген емес. Бүгін де сіздер халықты жинап алып, жобаларыңызды таныстырып жатырсыздар. Ал ақиқатын айтсақ, сіздер бүгін өздеріңіздің мәселелеріңізді ғана қозғап отырсыздар. Шынында да, бүгінгі күні медициналық қалдықтарды жою – өте өзекті екеніне дауымыз жоқ. Бірақ мен сіздердің кешеннің қоршаған ортаға зәредей залалы жоқ деген сөздеріңізге сенгім келмейді. Өйткені мен көп жылдар химия пәнінің мұғалімі болдым. Тақырып таныс, бәрін жақсы білемін. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, сіздер күніне 8 сағаттан, жылына 360 күн бойы түтіндетсеңіздер, қалай ғана қоршаған ортаға зияны жоқ деп айта аласыздар? Иә, қазір бәрі ақырындап өзгеріп жатыр. Әлем өзгеруде, өмір өзгеруде. Бірақ біз оның жаман жаққа қарай өзгергенін қаламаймыз. Қасым Қайсенов кенті өсіп келеді. Мұнда туу көрсеткіші де жоғары. Иә, біздің кенттің экологиясының нашарлауына жанымыздағы құс фабрикасы да «үлес» қосып жатыр. Бірақ ол біздің өзіміздің – құс фабрикамыз. Бұл фабрика кенттің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту үшін қаншама шаруалар атқаруда. Біздің бұл фабрикаға айтар алғысымыз шексіз. Ал сіздер кент тұрғындары үшін ештеңе істеуге ниет танытып отырған жоқсыздар, – деді қоғамдық тыңдауда сөз алған кент тұрғыны, зейнеткер Людмила Михеева.

– Мен осы кенттегі №19 үйдің тұрғынымын. Өзім он бес жылдан бері Өскемендегі дәріханалардың бірінде фармацевт болып жұмыс істеймін. Осыдан біраз жыл бұрын онкологиялық ауруханада да қосымша жұмыс істедім. Мен медициналық қалдықтарды өңдеу деген мәселені жақсы білемін. Медициналық қалдық дегеннің не екенін, өртегенде қандай затқа ыдырайтынын, адам денсаулығына қаншалықты зиян екенін білгеннен кейін, мен бұл кешенді салуға қарсымын. Бұл мини-зауыттың Ұлан ауданы жерінде болғанын қаламаймын, – дейді кент тұрғыны Гүлжанат Құсайынова.
Ұландық кәсіпкер Бауыржан Байыркенов те бұл кешеннің бой көтеруіне үзілді-кесілді қарсы екенін жеткізді. Айтуынша, кез келген кәсіпкер өзінің айналысып отырған кәсібін дамытқысы келетіні сөзсіз. Бүгінгі қоғамдық тыңдауда жоба иелері медициналық қалдықтарды өртейтін бір-ақ пеш орнатамыз деп отырғандарымен, ертең оның қуатын арттырғысы келетіні, тағы да бірнеше пеш орнатуды алдарына мақсат етіп қоятындары сөзсіз. Халықтың алаңдап, қарсы болып отырғаны да сол. Сондықтан да бұл халықтың пайдасына оң шешіледі керек деп санайды.
– Кейбір тұрғындар бұл мәселеге жергілікті билікті кінәлауда. Тіпті «жерді беріп қойыпты» деп те айтуда. Бұл жерде мына нәрсені ескеру керек. Жергілікті билік тыйым салынбаған кез келген бизнеске кедергі келтіре алмайды. Тыйым салса, ол жергілікті билік тарапынан заңбұзушылық болып табылады. Біз бизнеске кедергі жасаған болып табыламыз. Олардың бизнес бастау үшін жер сұрауға да, қоғамдық тыңдау өткізуге де құқығы бар. Бірақ жоба жүзеге аспас бұрын бірнеше келісім кезеңінен өтуі тиіс. Соның бірі – қоғамдық талқылау. Қоғамдық талқылауда халық қандай шешім қабылдаса, сол болады, – дейді Ұлан ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы Болатбек Мамырбаев.
Қоғамдық талқылаудың нүктесін аудан әкімі Н.Сақтағанов қойып, жиналған халықтың қарсы болуына байланысты жердің қайтадан мемлекет меншігіне қайтарылатынын жеткізді.
Мейрамтай Иманғали