Қоғам

Кеше Семейде футбол тойы басталды

Кеше Семейде футбол тойы басталды
Кеше қазақ футболының қарашаңырағы саналатын Семейде «Спартактар» сап түзеген күн болды. Атап айтқанда, Мәскеудің «Спартагы» мен Семейдің «Спартагы» және Өскеменнің «Востогы» жолдастық кездесулер өткізді. 40 жылдан соң алғаш рет толық жөндеуден өткен Семейдегі «Спартак» стадионына еліміздің түкпір-түкпірінен футбол жанкүйерлері жиналып, ерке Ертістің жағасында көптен күткен ел футболының 100 жылдық мерейтойы аясындағы алғашқы ойындарды тамашалап үлгерді. Жанкүйерлер арасында облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ та болды. Мәскеудің «Спартагы» әлі де өзінің күш-қуаты қайтпағанын дәлелдеп, Өскеменнің «Востогын» 3:0, Семейдің «Спартагын» 1:0 есебімен ұтты.

Мұның алдында облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге Семей қаласының тұрғындарымен кездесіп, бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты.

Суық бастауға көпір салынды

Аймақ басшысы Семей қаласындағы жұмыс сапарын Суық бастау ауылының Шүлбі көшесінде салынып жатқан көпір құрылысымен танысудан бастады. Қазіргі уақытта көпірдің негізгі жұмыстары аяқталған. Негізінен абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көпірдің жалпы ұзындығы – 130 метр. «Семей жолдары» субмердігерлік компаниясы аталған құрылысты 1-тамызда бастаған екен. 25-қыркүйекке дейін аяқтауды көздеп отыр. Көпір құрылысына қалалық бюджеттен 60 млн. теңге қаржы бөлінген. Облыс басшысына Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов бұл жерде шағын бұлақтардың көзінен шыққан шағын ғана өзен ағатынын, алайда, көктем уақытында сел жүріп, өткел бермей кететінін жеткізді. Бүгінде көпірдің жақтауы мен табаны бетондалу үстінде.

Облыс Әкімі одан кейін «ЖЭО-1» нысанында жүргізіліп жатқан терможаңғырту жұмыстарымен танысты. Жылу орталығындағы жағымды жаңалықтың бірі – қыстың қырауында апат болған жағдайда да тұрғындар жылусыз қалмайды. Өйткені, ықтимал апатты жағдайда жағармай жағатын жылу қазандығы автоматты түрде іске қосылады. Осы арқылы қалаға жылу беруде кідіріс жоқ дейді мамандар. Қазіргі кезде «ЖЭО-1» қорында 240 тонна жағармай бар.
Өңір басшысы Семей қаласының негізгі қордаланған мәселесінің бірі жылумен қамту болғанын, бүгінде қала және облыс әкімдігінің бел шеше кірісуі нәтижесінде бұл жайттың шешімін тапқанын жеткізді.

– Сондықтан қала жұртшылығы үшін уайымдайтын дәнеңе жоқ. Барлық қысқа дайындық жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Алдағы аптада қалаға жылы су, ал 15-қазанда жылу берілетін болады. Дегенмен, коммуналдық төлемдерді өтеуде тұрғындар мен кәсіпкерлердің біршама қарыздары бар, – деген облыс басшысы аталған қарыздарды өтеу үшін қала әкімдігіне нақты тапсырмалар жүктеді.

«Сәт Транс» – құрылыс материалдарын өндіреді

Өңір басшысы «Сәт Транс» ЖШС үй құрылысы комбинатында болды. Аталған комбинат жылына 50 мың шаршы метр тұрғын үй салуға қажетті құрылыс материалдарын өндіреді. Бұл жобаның құны – 1,2 млрд. теңгені құрайды. Өткен жылы тамыз айында басталған кәсіпорын құрылысы биыл қыркүйек айында аяқталды. Кәсіпкер Нұрлан Байбеков комбинат құрылысы құнының 35 пайызын өздері құйғанын, қалғаны заемдық қаржы екенін атап өтті. Толық қуатында іске қосылған соң 100 адамға дейін жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Кәсіпорын – өңірлік Индустрияландыру картасы, ҮИИД, «Бизнестің жол картасы – 2020» және «Қолжетімді тұрғын үй» сынды мемлекеттік бағдарламалардың белсенді қатысушысы болып табылады.

Комбинатта шығарылатын құрылыс материалдарының ерекшелігі жаңа технологияларға негізделген. Нәтижесінде салынатын үйдің негізгі салмағы мен шығыны азайып, беріктігі арта түседі. Мұнда жұмысшыларға қажетті жағдай жасалған. Асхана, жуыну-киіну бөлмелері бар. Арнайы зертханада құрылыс материалдарының сапасы тексеріліп отырады.

Пәтер жалдаушыларды тіркеуге алу керек

Аймақ басшысы құқық қорғау органдары басшыларының қатысуымен қала тұрғындарымен жүздесті. Аталған кездесулер Офицерлер үйінде және қалалық Мәдениет үйінде өтті. Жиында облыс Әкімі мұндай кездесудің тұрғындардың құқық қорғау органдары басшыларына тікелей арыз-шағымын айтуға, шешілмей жатқан мәселелерін жеткізуге үлкен мүмкіндік екенін атап өтті.

– Біз кеше ғана Күршім ауданында өткен көшпелі мәжілісте облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 8 айын қорытындыладық. Негізгі экономикалық көрсеткіштер былтырғыдан төмен емес, кей салаларда республикалық көрсеткіштерден жоғары тұр. Дағдарысқа қарамастан өндірісте 8 пайызға өсім бар. Ауыл шаруашылығында – 4 пайыз. Шағын және орта кәсіпкерлікте, көлік, құрылыс салаларында да осындай өсім байқалды. Жиын-терін аяқталғанда экономикалық өсім 10 пайыздан төмен болмайды деп үміттеніп отырмыз. Мемлекет басшысы жүктеген міндеттер мен тапсырмаларды толығымен орындап отырмыз деуге болады. Әлеуметтік төлемдерде, коммуналдық қызмет көрсетуде күрделі мәселе жоқ, – деді облыс Әкімі.

Осыған дейін Семей қаласының инфрақұрылымы, оның ішінде, су құбыры, кәріз жүйесі, жылу желісінің 70-80 пайызы тозығы жеткен болатын. 2009 жылы Семей қаласының материалдық-техникалық базасын кеңейту туралы Үкімет қаулысы қабылданғаннан бастап, жыл сайын шаһарға 5-7 млрд. теңге бөлініп, тозығы жеткен нысандар күрделі жөндеуден өтіп, жаңалары салына бастады.

Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Рашид Жақыповтың айтуынша, өткен жылдың 8 айымен салыстырғанда биыл Семейде бұзақылық пен алаяқтық бойынша тіркелген қылмыс саны ұлғайып отыр. Бұзақылық орта есеппен 1,5 есеге, алаяқтық 3 есеге артқан. Мұның негізгі себебі, қалаға келген жастардың тіркелмеуі және азаматтардың сенгіштігі себеп болуда. Мәселен, бұзақылық қоғамдық орындарда, оның ішінде ойын-сауық орталықтарында көп орын алады. Мысалы, қаладағы «Караван», «Инфинити» сынды түнгі клубтарда ұсақ қылмыстар көптеп тіркеледі екен. Осыған орай, түнгі ойын-сауық нысандарында стационарлық патруль қызметін кезекшілікке қою қолға алынды. Нәтижесінде, соңғы айларда ойын-сауық нысандарындағы ахуал толық бақылауға алынып, жағдай тұрақтанды. Қала әкімдігі және түнгі клубтар иелерімен бірге қылмыстың алдын-алу іс-шаралары жүргізілуде. Сондай-ақ, алаяқтықтың артуына да түрлі себептер бар. Мысалы, бір азамат несиені жұмыс өтілі бар адамның атынан ресімдеп алған соң, оны төлеуден жалтарады. ІІД бастығының айтуынша, полиция қызметкерлері бір-бірін танитын, өзара дос адамдардың арасындағы несие рәсімдеу, қарызға ақша алып қайтармау сияқты алаяқтыққа жататын қылмыс түрлерімен жиі кездеседі.

Семейде 180 адамнан тұратын полиция батальоны, оның ішінде ішкі әскердің 150 адамы бар. Бұл – қалада белгіленген бағыттардың 40 пайызын ғана қадағалауға мүмкіндік береді. Осыған орай, биыл облыс бюджетінен бөлінген қаржы арқылы автокөліктер сатып алынып, автопатруль қызметінің саны көбейтілді. Осы арқылы қаланың ауқымды бөлігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік туды.

Кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы қылмыс санын азайту мақсатында да жұмыстар атқарылып жатыр. Тіпті, пәтер тонаушылар арасында 11 жасқа толмаған балалар да кездеседі екен.

– Бұл – ата-аналардың, мұғалімдердің және полиция қызметкерлерінің жасөспірімдермен дұрыс жұмыс істемейтінін көрсетеді. Тамыз айында Семейде 80-ге жуық пәтерді тонаған 6 қылмыстық топтың ісі сотқа тапсырылды. Сараптама жұмыстары көрсеткендей, қылмыс жасаушылардың басым бөлігі сырттан келгендер және пәтер жалдаушылар болып табылады. Олар бірнеше күн пәтер жалдап, қылмыс жасайды. Сондықтан, қала тұрғындары, ПИК қызметкерлері пәтерлерін жалға беруде жалға алушы азаматтарды тіркеуді, оның қайда жұмыс істейтінін, қалаға қандай мақсатпен келгенін анықтауды ұмытпауы қажет. Сондай-ақ, әрбір жалға берілетін пәтер заң жүзінде тіркеуге алынуы тиіс. Қазір осы бағытта тұрғын үйлерге тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Пәтер тонаушылардың, бұзақылардың жолын кесудің жалғыз жолы – осы, – деді Рашид Жақыпов.

Комсомол кентіне су жеткізіледі

Кездесу барысында тұрғындар құқықтық мәселеге байланысты сауалдарын қоюға мүмкіндік алды. Мәселен, қала тұрғыны 2011 жылдан басталған келіспеушілік, дау-дамайға байланысты шығарылған әкімшілік сот шешіміне қарсылығын жеткізді. Айтуынша, 16 пәтерлі үйдің тұрғындарынан электр қуатын қаншалықты тұтынғаны жазылып алынса-дағы, олар жалпы есептеуіш құралының көрсеткіші бойынша төлемақы төлеуге мәжбүр. Бұл ретте дәлізде жағылатын жарық пен басқа да қуат шығындарын тұрғындар төлеп келеді. Осы мәселе турасында прокуратураға шағымданса да, олар істі учаскелік полиция қызметкеріне жібереді деді шағымданушы.

Тағы бір тұрғын 2011 жылы «Горстрой» мекемесінде жұмыс істеген баласын асфальт тегістеуші техника басып кеткенін, дегенмен, бір жыл бойы сот болмағанын, кінәлінің рақымшылыққа ілініп, жазадан аман қалғанын ашына айтып, істі қайта қарау туралы талабын жеткізді.

ІІД басшысы Рашид Жақыпов аталған мәселелерді тыңғылықты тексеру, арызбен мұқият танысу қажеттігін айтып, шағымданушыларды Семейдегі іссапары барысындағы жеке қабылдауына шақырды.

Думан Анаш

Осы айдарда

Back to top button