Қоғам

Кеңшардың орнын басқан «Көкжыра» кооперативі

Кеңшардың орнын басқан «Көкжыра» кооперативі


Шалғайдағы шекаралық аймақта алғашқы болып өндірістік ауыл шаруашылығы кооперативін құрып, бүгінде шаруасы шалқып отырған «Көкжыра» кооперативі облысқа үлгі болып отырған ұжымдардың бірі.

Кеңестік кезеңде «Амангелді» кеңшары болған мыңғырған қойы, табын-табын сиыры, үйір-үйір жылқысымен аты шыққан ауыл нарықтық жүйеге өткенде берекелерін кетірмей, мал-мүлікті, техниканы бөле-жармай, 116 үлескер болып бас біріктірді. Күре жолдың бойында тұрған осы «Көкжыра» кооперативінің төрағасы Бағдат Сағынаевпен жүздестім.

-1994 жылы өзіміз қатарлы кеңшарлар жапа-тармағай бөлінгенде ауыл тұрғындары ақылдаса келе, бірауыздан тек бірлік керек, тірлік керек деп, өз үлестерін ортаға салды. Осылайша, 70 пайыз үлеспен «Көкжыра» өндірістік кооперативі болдық. «Көз қорқақ, қол батыр» демекші, осы бірліктің арқасында талай дағдарыстан қысылмай- қымтырылмай аман-есен өттік. Қазір жағдайымыз тіптен жақсы, бәрін де өзімізде өндіреміз, өзіміз шығарамыз, Елбасының қолдауымен ет бағытын ұстап, қазір өнімдерімізді шетке шығаруға үміттеніп жүрміз, оған барлық жағдайымыз бар. Ең бастысы, ауыл шаруашылығы техникаларын, кеңшардан қалған инфрақұрылымды толықтай сақтап, ұжым игілігіне айналдырып отырмыз. Барлығына осы бірігуіміздің арқасында қол жеткіздік, -дейді төраға.

Бүгінде ұжымда 1600 бас асыл тұқымды қой, 300 бас асыл тұқымды ірі қара, 470 бас жылқы бар. Бордақы алаңдары жұмыс істейді. Кооперативте бұрынғы білікті ауыл- шаруашылық мамандары жұмыс істейді, қыстақтарға жарық тартылған, кей қыстақтарда интернет жүйесі бар. Ұжымда 116 адам қысы-жазы тұрақты жұмыс істейді, жалақыларын уақытында алады. Жыл соңында еңбегіне қарай сыйақы беріледі, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайлары жақсы. Жоғарыда айтқандай, ұжым барлығын да өзі өндіреді. 500 га жерге көп жылдық шөп, арпа, бидай, жүгері сияқты дақылдар егіледі, ұжымда ауыл шаруашылығы техникасы да жеткілікті. Осы бірігудің арқасында ұжымның техникасы «Қаз Агро» АҚ лизингі арқылы 70 пайызға жаңарған, қазір 35 трактор, 5 комбайн, 21 жүк машинасы бар. Олар биылғы көктемгі егіс науқанына сақадай сай дайын тұр. Кооператив ет өндіру бағытында ауданда алдыңғы қатарда тұр, ет сою алаңдары, диірмен дамылсыз жұмыс істейді. Кооператив төрағасы Б.Сағынаевтың айтуына қарағанда, науқан кездерінде тұқым, жанар-жағармай үшін жоғарыға жаутаңдамайды. Ұжымда 200 тонналық астық қоймасы, 50 тонналық көкөніс қоймасы бар. Көкөніс демекші биыл кооператив бау-бақша салуға басымдық бермек. Таяу күндері оңтүстік өңірден бау-бақшаға ептілеу келетін 4 отбасы оралман ағайын келмек және олар баспанамен қамтамасыз етіледі. Бұл ауылда жатып ішерлер мүлде жоқ, жұмысшы тапшы, науқан кезінде 50-60 қосымша жұмысшы орны болады.

Кооператив жыл сайын мемлекет тарапынан тиісті субсидиясын уақытында алып отыр. Істің көзін тауып, бірлесіп істеген еңбектің арқасында ғасырлар бойы жерден несібесін терген ағайынның еңсесі күн санап көтеріліп келеді.

Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button