Руханият

«Кербездің» концертінде «Кербез» әнінің тұсауы кесілді

«Кербездің» концертінде «Кербез» әнінің тұсауы кесілді

Әміре Қашаубаев атындағы Семей мемлекеттік филармониясына қарасты «Кербез» фольклорлы ансамблінің құрылғанына 5 жыл болды. Таяуда осы мерейтойға және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып үлкен концерттік бағдарлама ұсынылды. Семей қалалық Мәдениет сарайында өткен өнер кешінің шымылдығын ашардағы:
Өз өрнегін тауып,
дара жол сала
Білген соң да асты асудан қаншама.
Қадам басты дана жасқа лайық,
Беске толған бала жаста болса да, – деген өлең жолдарында айтылғандай, «Кербез» фольклорлық ансамблі аталған аз ғана уақыттың ішінде талай асудан асып, абырой биігінен көріне білді.

2011 жылы дарынды өнер иесі Гүлбаћрам Мұсабекованың жетекшілігімен негізі қаланған шағын ұжым облыс және республика көрермендерінің қошеметіне бөленіп үлгерді. Мұның үстіне сол жылы Шығыс Қазақстан облысының делегациясы құрамында қазақ елі мен Түркия мемлекеті арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатын ту етіп, сол елдің Бурса қаласында болып қайтты. Араға бір жыл салып Ақтөбе қаласында өткен «Жұбанов көктемі – 2013» халық аспаптар ансамблбдерінің халықаралық байқауында жоғарғы кәсіби шеберлігімен танылып, дипломант атанды. Ал 2014 жылы Қытай Халық Республикасының Шәуешек қаласындағы Наурыз мерекесінде және Ресейдің Рубцовск қаласында өнер көрсетті. Сол жылы «Білім және Мәдениет» телеарнасының Алтын қорына концерттік бағдарламасын жазып қалдырды. Келесі 2015 жылдың тамыз айында «Кербез» фольклорлы ансамблі Францияның Конфоле, Кюгант, Клиссон, Блан қалаларында ұйымдастырылған айтулы шаралар – Әлем елдерінің «Мәдениет және дәстүр» атты үш бірдей халықаралық фестиваліне қазақ елінің атынан қатысып зор табыспен оралды. Қазіргі күндері биылғы жазда Португалияда өтетін тағы бір ірі халықаралық фестивальда өнер көрсету құрметіне ие болды. Бүгінде соған дайындық жасау үстінде.
«Кербез» фольклорлы ансамблінің мерекелік кешінде өнер отауы орындаған небір толғақты саздар тындалып, әсем билер тамашаланды және Гүлдана Ноғайбаева, Серәлі Мұхамедсадықов, Мапруза Өтеуленова, Зинура Абдолдинова, Айнұр Асқар сынды тәжірибелі талант иелерімен бірге Жасұлан Тәжиев, Парасат Отан, Әділет Серіков, Динара Тыныбаева, Ербол Тұрғазиев, тағы басқа да жас әншілер мен күйшілер өз өнерлерін ортаға салды. Күні кеше ғана арамызда жүрген сәби жүректі сазгер, тамаша әнші, аяулы азамат Тұрсынғазы Рахимовтың «Сәби болғым келеді» әнін Бақытжан Сибанбаева тебірене әуелеткенде көрермендер көзіне жас үйірілді.
Мерекелік кешті мерейге бөлеген тағы бір тартымды сәт ерлі-зайыпты Қадылбек пен Маржан Омаровтар шырқаған «Кербезім» әні болды. «Кербез» ансамбліне арналғандай бұл туындының әуенін күршімдік әуесқой композитор Нұрсовет Қайыров жазса, өлеңмен өрнектеген – кезінде осы «Дидар» газетінде 12 жыл қызмет еткен қаламы қарымды журналист, бүгінде талай ән мәтіндерімен танымал ақын Мұрат Тастағанов.
Көпшіліктің шын ниетті ыстық ықыласына бөленген әннің тұсаукесер тойы іспетті болған өнер кешіне сонау Күршімнен арнайы келген Нұрсовет ағамыз «Кербез» ансамблінің жетекшісі Гүлбаћрам Мұсабекова мен мүшелеріне ақ алғысын айтып, әнді орындаушыларға сый-сияпатын табыс етті. Қадылбек Омаров болса, филармонияның көркемдік жетекшісі ретінде Нұрсовет Қайыровтың бұдан басқа да бірнеше әні жазылып алынғанын, алдағы уақытта өзге де өнер иелерінің орындауында көрерменмен қауышатынын айтты.
Ән мерекесінің аяқталар сәтінде Семей қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің, филармонияның және қалалық Мәдениет сарайының басшылығы «Кербез» ансамблінің бірнеше өнерпазын Құрмет грамоталарымен, Мақтау қағаздарымен марапаттады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ұлттық мұрамыз бен шетелдік өнер жәдігерлерін насихаттауда өзіндік өрнегі қалыптасып үлгерген фольклорлы ансамбльдің 5 жылдық мерейтойы тамашалаушыларына тартымды әсер сыйлады.

Қайрат Сабырбай

Семей.

Осы айдарда

Back to top button