Қоғам

Кептелістен құтылатын күн жақын

Кептелістен құтылатын күн жақын
Өскеменде көлік кептелісіне себепкер болған жол жөндеу жұмыстары екі аптаның ішінде аяқталады. Бұл туралы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Руфат Акрамов айтты.
Жаңа оқу жылы басталғалы бері Өскеменде көлік кептелісі тұрғындарға жайсыздық туғызуда. Оған себеп – қаланың бірнеше бөлігінде жүріп жатқан жол жөндеу жұмыстары. Ең үлкен кептеліс Сәтпаев даңғылының бойында пайда болған. Таңертең шаһардың ЖМК ауданынан орталыққа, кешке орталықтан ЖМК ауданына кіру мұң болып тұр. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руфат Акрамов журналистермен бірге жөндеу жұмыстарының басына барып, жағдайды түсіндірді.
Оның айтуынша, Сәтпаев даңғылын кеңейту жұмыстары келер жылдың күзінде толық аяқталмақ. Ал биыл К.Маркс көшесінің қиылысынан Ә.Байбатшин көшесіне дейінгі бөлігін тапсыру жоспарланып отыр.
-Көшені кеңейту қосымша жолақтар төсеуден бөлек жан-жағын абаттандыру, арық тарту сияқты жұмыстарды талап етеді. Қозғалыс қиындағандықтан, аталмыш бөліктегі жолды келесі аптада қолданысқа береміз. Әзірге бұрынғыдай әр бағытқа екі жолақ қызмет ететін болады. Қазір жолдың астыңғы қабаттары төселіп болды. Осы аптаның аяғына дейін екі қатпар асфальт жаямыз. Содан кейін кептеліс сейілуі тиіс, – дейді Руфат Акрамов.
Кептелістің екінші ошағы Крылов және Протазанов көшелерінің қиылысында қалыптасып отыр. Мұндағы жұмыстар қыркүйектің аяғына қарай бітеді деген есеп бар. Осы қиылыс пен Астана көшесін жалғап тұрған Үлбі көпірінің құрылысы да екі аптаның ішінде бір жағына шығуы тиіс. Кеңейту жұмыстарынан кейін Протазанов көшесінде бұрынғы екі жолақты қозғалыстың орнына үш және төрт жолақты қозғалыс пайда болса, Астана көшесінде бұрынғы екі жолақтың орнына 3-6 жолақ төселуде. Ал Үлбі көпірінің ені 6,5 метрден 8,1 метрге кеңейтіліп отыр. Руфат Акрамовтың айтуынша, бұған дейін көпірдегі екі жолақты қозғалыс нормативке қайшы болған. Қос қапталдағы жаяу жүргіншілер жолын көпірге қосу арқылы жолақтар нормативке сай кеңейтіліп отыр.
-Бұрын сәл үлкен көлік кірсе, мұндағы екі жолақты қозғалыс бұзылатын. Енді әр бағыт бойынша көліктер екі жолақпен емін-еркін өтетін болады. Ал жаяу соқпақ екі бағыттың ортасынан орын тепті. Әуелі көпірдің бір жағы қолданысқа беріледі. Екінші жағы біткенше көліктер ерсілі-қарсылы бағытта бірінші бөлікпен қатынайтын болады, – дейді Руфат Акрамов.
Үлбінің екінші жағасындағы Астана көшесінде көлік қозғалысы аракідік тоқтатылуы салдарынан Тәуелсіздік даңғылында да жиі кептеліс орын алуда. ТҮКШ бөлімінің басшысы бұл мәселе ертеңнен бастап жойылатынын атады.
-Ертең Астана көшесінің өн бойында қозғалыс жанданады. Тек Үлбі көпіріне жол жоқ Ал Потанин көшесі мен Тәуелсіздік даңғылына дейін жол ашық. Енді екі аптадан кейін бүгінгі кептелістің бәрі сейіледі, – деді Руфат Акрамов.
Жөндеу жұмыстарына жауапты мердігерлер барлық нысанды уақытынан бұрын тапсыруға дайын екендерін айтады. Ол үшін қаржы да, адам күші мен техника да жеткілікті көрінеді. Биыл аталған көшелердің жолдары жөндеуден өтсе, келер жылы маңайы абаттандырылып, түрлі гүлзарлар мен веложолдар, балалар адаңқайы мен аялдамалар орнатылатын болады.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button