Қоғам

Кеңпейіл мен мейірімділіктің мерекесі

  Кеңпейіл мен мейірімділіктің мерекесі

Кеше таңертең Өскемендегі Халифа Алтай атындағы облыстық мешітте аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ барша мұсылман қауымын қасиетті де ең ұлық мерекелердің бірі – Ораза айтпен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
Алтын күннің шапағы Алтайдың иығынан шашыраған сәтте-ақ отыз күн ораза тұтып, Жаратушысына мінәжат еткен жамағат айт намазын оқуға мешіттерге ағыла бастады. Облыс орталығындағы мұсылман бауырлар бұл діни рәсімді атқарып, бір-бірін айтулы мейраммен құттықтау үшін жақында ғана Халифа Алтай есімін еншілеген облыстық мешітті бетке алды. Бір байқағанымыз және шүкіршілік ететін жағдай, имандылық жолына түсіп, хақ дінді ұстанған жерлестеріміздің қарасы бұрынғы жылдармен салыстырғанда биыл әсте көп көрінді. Бірнеше мың адамды құшағына еркін сыйдыра алатын зәулім ғибадат үйінің іші-сырты лық толды. Мешіттің айналасы, тіпті, ЖМК ықшам ауданына баратын жолдың бойы қаңтарылған көліктен аяқ алып жүргісіз. Айт мерекесінің нышаны облыстық мешітке кіреберістен айқын білініп тұрды. Бір қапталда бауырсақ, шелпек секілді ұлттық тағамдар молынан қойылған ақ дастархан жайылыпты. Енді бір тұста тай қазанда буы бұрқырап палау пісіп жатыр. Ғибратты әңгімелерге толы діни кітаптар мен газет-журналдар көпшіліктің игілігіне ұсынылды.
Мінберге жайғасқан облыстық мешіттің бас имамы Нұрлан қажы Асанов тағылымды уағыздарымен қарақұрым жұртты ұйытып, намаз алдында салиқалы насихат айтты. Исламның, оның ішінде ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан дәстүрлі дініміздің асыл құндылықтары, елге-жерге деген сүйіспеншілік және басқа да тақырыптарды қаузаған уағыз-насихаттан кейін облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ сөз кезегін алып, жамағатты ұлық мейраммен құттықтады.
– Қадірлі қауым! Сіздерді бүгінгі Ораза айт мерекесінің басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Кеше ғана аяқталған Қасиетті Рамазан айы – істеген істерді таразылап, адам баласын мейірімділікке, бауырмалдылық пен сабырлыққа тәрбиелейтін, жаман әдеттерден тыятын ғибадат. Бұл мереке – исламның ғасырлар бойғы игі дәстүрінің, оның маңызды рухани құндылығы болған кеңпейілдің, жақсылық пен мейірімділіктің көрінісі.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВТЫҢ дана саясатының арқасында Қазақстан халықтары өздерінің мәдениет, тіл, дін ерекшеліктеріне қарамастан бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүруде. «Мәңгілік Ел» идеясымен жігерленген халқымыздың мақсат-мұраты – береке-бірлік, тату-тірлік болып табылады. Олай болса, Ораза айт мерекесі – бейбітшілік, бірлік, мейірімділік сияқты мәңгі адами құндылықтарды нығайтатын ең басты мерекелердің бірі. Елімізде тұратын этностардың бір-біріне деген құрмет сезімі, ең алдымен қазақ халқының ауызбіршілігі тек осы үш күнде ғана емес, басқа уақытта да жүрегімізде мәңгі сақталуы тиіс және солай болады деп сенемін. Біз қоғамдағы ұлттық, мәдени және рухани алуандылықты сақтауға, азаматтар арасындағы өзара құрмет пен сенімнің нығаюына одан әрі ықпал етуіміз қажет.
Құрметті жерлестер! Осынау қастерлі күнде мен баршаңызға рухани күш-жігер, зор денсаулық, әр отбасына амандық пен бақ-береке тілеймін! Ораза айт мерекесі ынтымағымызды нығайтып, шаңырағымызға бейбітшілік пен имандылық әкелсін! Тілеген дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! – деп ағынан жарылды аймақ басшысы.
Облыс әкімінің ақжарма тілегінен кейін мешітке жиналған бүкіл қауым Айт намазын оқыды. Соңынан бас имаммен бірге еліміздің тыныштығын, жеріміздің тұтастығын, Отанымыздың өсіп-өркендеуін, Қазақстанда өмір сүретін әрбір шаңырақтың амандығын тілеп дұға қылды. Бұдан соң намазхан ағайын еліміздің дархан пейіліндей, асып-төгілген ынтымақ-ырысындай болған ақ дастарқаннан дәм татып, бір-бірін айтпен құттықтады. Ақсақалдар жастарға баталарын беріп, ақ тілектерін арнаса, жастар жағы үлкендерге сый-құрмет көрсетті.

  Кеңпейіл мен мейірімділіктің мерекесі

– Барша мұсылмандарды Ораза айт мейрамымен құттықтаймыз. Бүгін күннің райы да, халықтың ниет-көңілі де ерекше. Отыз күн оразадан соң бір жағынан Рамазан айының аяқталғанына өкініш білдірсек, екіншіден, мұндай ұлық мерекенің келуі елдің ынтымағын нығайтып, береке-бірлігін арттыра түсетініне қуанамыз. Аллаға тәубе мешітіміздің іші жамағатқа, әсіресе, жастарға толы. Бұл діни басқарманың ұстанған бағыты дұрыс екенін, халықтың осы жолға ұйыса бастағанын көрсетеді, – деп атап өткен Халифа Алтай атындағы облыстық мешіттің бас имамы Нұрлан қажы Асанов шығысқазақстандықтарды тағы бір мәрте Ораза айт мерекесімен құттықтады.
Бас имамның айтуынша, облыстық мешіт Рамазан айында отыз күн бойы ауыз бекіткен ағайындарға дастарқан жайып, ауызашар берген. Бұдан бөлек мұқтаж жандарға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға хал-қадірінше көмек көрсетіп, қайырымдылық жасаған. Мың күннен де қайырлы қасиетті Қадір түні құран оқып, уағыз-насихат айтумен қатар, жамағат арасында ислам дініне қатысты викториналық ойындар ойнатып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар үлестірген. Енді міне, айтшылап келген әрбір адамға кең жайылған дастарқаннан дәм татқызуда. Осының бәрі елдегі тұрақтылық пен татулықтың, бейбітшіліктің арқасында іске асып отырғанын айтады мешіт имамдары.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button