Кеншілер қаласында керемет жобалар көп
Риддерде биыл мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында үш бірдей балабақша іске қосылады. Сонымен бірге, бұл шаћарда спорттың бірнеше түрін қамтитын әмбебап спорт кешені құрылып, шаңғышы және биатлоншы жеткіншектерді даярлайтын арнайы интернат ашылмақ. Осы және өзге де игі бастамалармен кеше облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ кеншілер қаласына жұмыс сапарымен барғанда танысты.
Аймақ басшысы ат басын бұрған алғашқы нысан Президент тапсырмасына сәйкес мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында Балаларды қорғау күніне орай ашылған жекеменшік балабақша болды. 150 балаға дейін қабылдай алатын тәрбие ошағын аралаған облыс әкімі ондағы үстел, төсек-орындық, шкаф сияқты жићаздардан бастап, басқа да қажетті құрал-жабдықтар өзімізде өндірілген отандық тауарлар екендігіне аса мән берді. Ең бастысы, мұнда кішкентай балақайлар үшін барлық жайлы жағдай жасалғанын ерекше атап өтті. Қазір бұл мекемеде жетпіске жуық балдырған тәрбиеленуде. Соның жетеуі өзіміздің қарадомалақтар. Алдағы уақытта олардың қатары көбейе түсетініне сенім білдірген балабақша басшылығы көп ұзамай-ақ қазақ тобы ашылатынын да тілге тиек етті.
Жалпы, аталмыш мектепке дейінгі тәрбие орнын «Детская планета» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Расул Курбанов ашып отыр. Жобаға тартылған жалпы инвестиция көлемі – 73 млн. теңге. Ал мемлекет ұсынған несие қаражатының мөлшері – 65 млн. теңге. Оның ішінде несиенің пайыздық мөлшерлемесін 10% субсидиялау моноқалаларды дамыту бағдарламасы арқылы жүргізілмек.
Айта кетерлігі, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік барлық жағынан ұтымды болып тұр. Өйткені, ата-аналар бір баласының қазіргі заман талаптарына сай үлгідегі балабақшада тәрбиеленуі үшін айына бар-жоғы 12 мың теңге ғана төлейді. Бұл әрине, ата-аналарға тиімді дегенмен, тәрбие беру мекемесі үшін өте мардымсыз сома. Сондықтан әрбір бүлдіршін үшін қосымша төленетін 19 мың теңге бюджеттен қарастырылған мемлекеттік тапсырыс. Екеуін қосып есептегенде кәсіпкер айына әр балаға 31 мың теңге көлемінде қаражат алады.
Риддерде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында қолға алынған тағы бір балабақша алдағы тамыз айында есігін айқара ашады. Қазір ол жерде жөндеу жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Оған 160 млн. теңге көлемінде инвестиция салыныпты.
Естеріңізге сала кетейік, бұл ескі ғимарат бұрын Риддер қаласының коммуналдық меншігіндегі мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы түзету мектеп-интернаты болған. Қаңырап бос тұрған нысанды жергілікті билік мемлекеттік-жекеменшік балабақша ашу мақсатымен кәсіпкерге берген-ді. Соның арқасында биыл шаћарда 420 орындық «Балдаурен» бөбекжай-балабақшасы ашылады. Жоспарға сәйкес бірінші кезеңде 200 баланы қамту көзделсе, екінші кезеңде 220 бала қабылданбақ.
Құрылыс барысын көзімен көрген облыс әкімі аталмыш нысанның иесі Айгүл Құдашевадан алдағы жоспарлары туралы біліп, жөндеу жұмыстарын жүргізуші «Күршім Құрылыс» ЖШС-ге жүктелген міндетті сапалы әрі кестеден кешіктірмей орындауға тапсырма берді. Сондай-ақ, мердігер компания басшысын қалада іске асатын басқа жобаларға атсалысуға, оның ішінен тұрғын үйлер салуға шақырды. Өз кезегінде қала әкімі Жомарт Мұратов баспаналар салуға қажетті жер телімдерін тауып беретіндігін айтты.
Ресми мәліметтерге жүгінсек, қазір Риддерде мектепке дейінгі тәрбие мекемесіне кезекте тұрғандардың жалпы саны 2300-дің үстінде. Осының ішінде 2-ден 7 жасқа дейінгілердің үлесі 1200-ден астам баланы құрайды. Егер биыл ашылған және күзге дейін ашылатын балабақшаларды есепке алсақ, онда кезекте тұрған кішкентай бүлдіршіндерді толығымен қамтуға мүмкіндік туады.
– Президентіміз баса назар аударатын мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында Риддерде биыл үш балабақша ашылады. Соның арқасында біз бір-бір жарым жылда бұл қаладағы балақайларды мектепке дейінгі тәрбие орнымен қамту мәселесін толығымен шешеміз. Бұл әрине, мемлекеттік қолдау арқылы жеке кәсіпкерлер үшін қаржылық және шығармашылық әлеуеттерін жақсартуына мүмкіндік, – деп атап өткен аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ кеншілер қаласында әлеуметтік мәселелер өз шешімін тауып жатқанын жеткізді.
«Қазцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылымдық бөлімшесі болып табылатын Риддер металлургиялық кешенінде өндірісті өрге оздыратын ноу-хау іске асырылуда. Өңірдегі алпауыт кәсіпорынның жасыл экономикаға бағытталған гидрометаллургия жобасымен танысқан облыс әкімі болашағы бар бастамаға оң бағасын берді.
2011 жылы қолға алынған «ГидроПолиМет» деп аталатын эксперименттік жоба бүгінде өзінің тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Жобаның алғашқы кезеңінде «Төмен сортты концентраттарды атмосфералық сілтісіздендіру (шаймалау) тәжірибелік-өнеркәсіптік қондырғысын салу және жобалау» жұмыстары атқарылған. 2012 жылы «Қазцинк» пен «Engineering Dobersek» компаниялары мамандарының бірлесуімен технология жасалып, келесі жылы Риддер металлургиялық кешеніндегі гидрометаллургиялық цех базасында қондырғы орнатылады және іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізіледі. Осының бәріне шамамен 2,5 млн. АҚШ доллары сомасында қаражат жұмсалыпты.
Былтыр Риддер металлургиялық кешенінің зерттеу орталығы «Engineering Dobersek» мамандарымен тізе қосып жобаның екінші кезеңін іске асыруға кіріскен. Мұндағы міндет жаңа технологияны өндірістік ауқымда енгізудің тиімділігін анықтау болса, мақсат – аталған қондырғылардың жетіспей жатқан тұстарын толықтыру. Екінші кезең осы жылы толық бітеді. Оның жалпы шығыны – 200 мың доллар.
– Бұл инновациялық бірегей жоба. Оны жүзеге асыру арқылы «кедей» кендердің проблемасын шешетін боламыз. Ағымдағы жылдың соңына қарай бұл жұмыс аяқталады. Сөйтіп, «Қазцинк» компаниясы Мемлекет басшысының индустриялық-инновациялық даму жөніндегі өнеркәсіп саясатын толығымен орындай отырып жаңа межеге шықты. Оның арғы жағында жаңа көкжиектер ашылады. Соның арқасында біз өзіміздің өңірден ғана емес, сонымен қоса еліміздің басқа аймақтарынан, тіпті шетелдерден де шикізаттар алып, өңдейтін боламыз, – деп түсіндірді облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ.
Риддер металлургиялық кешенінің директоры Андрей Зайцевтың айтуынша, ноу-хау технологияның артықшылығы сол, төмен сортты концентраттарды сілтісіздендіру тәсілін қолдану арқылы қайта өңдеу.
– Бұл процесс жабық ыдыстың ішінде белгілі мөлшерде оттегіні бере отырып сілтісіздендіру арқылы жүреді. Сілтісіздендіру нәтижесінде түзілген қатты қалдық одан металл алуға қорғасын өндірісіне бағытталады, қоспа мырыш алу үшін мырыш зауытының гидрометаллургиялық цехына жөнелтіледі. Жаңа энергия жинақтаушының айта кетер артықшылығы бүгінгі таңда қолданыста жүрген тәсілден, яғни, пайдаланатын аса қымбат оттегіні бұрынғыдан 10 есеге аз талап етеді. Қысқасы, процесс барысында туындаған диспергациялық жүйе өндірістегі ноу-хау болып табылады, – деп нақтылаған Андрей Зайцев аталмыш жобаның экологиялық жағынан да теңдессіз екенін мақтанышпен баяндады.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ қаладағы спорттық нысандардың жағдайын көрді. «Қазцинк» компаниясының демеушілік қаражаты есебінен салынып жатқан жаңа хоккей модулінің қазіргі жай-күйімен танысты. Құрылысы біразға созылған бұл модульде енді балалар хоккей ойнамайтын болды. Есесіне, футбол, волейбол, баскетбол, күрес, бокс, гимнастика сияқты спорттың бірсыпыра түрінен жаттығады. Қала әкімінің аталған хоккей модулін әмбебап спорт кешені етіп өзгертіп, ел игілігіне беру туралы ұсынысын облыс басшысы қолдап, құрылысты аяғына жеткізу үшін қаражат бөлінетінін айтты.
– Айтып отырған ұсыныстарыңыз өте орынды. Спорттың көптеген түрлерін қамтитын әмбебап кешен Риддерге керек-ақ. Жаңа ғимараттың іші балалардың күлкісіне толып, жастарымыз денсаулықтарын нығайтып жатса қандай жақсы. Сондықтан кешенді тездетіп бітіруге тапсырма беремін. Және құрылысты жүргізуші мердігер мекеме ғимараттың іші кең болуы үшін адамдар отыратын трибунаны алынбалы-салынбалы етіп жасасын, – деп ескерткен аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ хоккей модулі бұл қалада болашақта болатынын айтты.
Сонымен қатар, облыс әкімі Өскемендегі амбулаториялық орталықтың еншілес мекемесі болып табылатын Риддер қалалық амбулатория орталығында, республикалық мамандандырылған олимпиадалық резерв мектеп-интернат-колледжінде болды.
Аталған медицина мекемесінің төменгі үш қабаты «Қазцинк» компаниясының жұмыскерлеріне қызмет көрсетеді екен де, жоғарғы екі қабаты қонақүй ретінде пайдаланылуда. Осы қонақүйге келешекте облыстың аудан-қалаларынан іріктеліп алынған шаңғымен жүгіруге және биатлонға қабілеті күшті жүзден астам дарынды бала келіп қоныстанады. Былайша айтсақ, қазіргі қонақүй енді шаңғышы мен биатлоншы балаларға арналған интернат немесе пансионат болып құрылады. Ал әйгілі шаңғышы жерлесіміз Алексей Полтораниннің бапкері Алексей Наконечный бастаған білікті мамандар осы интернатта тұратын балаларды өңіріміздің әрбір елді мекенінен іздеп жүріп, «жүздің ішінен жүйріктерін» іріктеп алмақ. Бұл жөнінде облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Елдос Чикеновке және басқа да жауапты мамандарға тапсырма берілді.
Бұған қоса аймақ басшысы қаладағы бұрыннан жұмыс істеп тұрған спорт кешенін аралады. «Қазцинк» кәсіпорынының бос тұрған ғимараттарының бірін кешенге айналдырған жергілікті биліктің бұл бастамасын облыс әкімі қолдады және жауапты басқарма басшысына Риддердің тәжірибесін өзге аудандар мен қалалардағы спорт кешендерінде қолдануға тапсырма берді.
Өскемен-Риддер тас жолы осы жылдың 1-ші қыркүйегіне дейін орташа жөндеуден толық өтетін болды. Жүз шақырымнан асатын трассаны жөндеу міндетін мойындарына алған сегіз компанияның басшыларымен өткізілген жиында аймақ басшысына мердігер мекемелер осындай уәде берді. Әрбір мердігер компанияның басшысынан олардың дайындықтарын, туындаған мәселелер жайында жеке-жеке сұраған облыс әкімі кейбіреулеріне ескерту де жасады.
– Бір аптаның ішінде жөнделетін жолдың әрбір шақырымы көрсетілген жұмыс кестесі жасалсын. Бұл жұмысты облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен жауапты орындар қатаң бақылауда ұстасын. Өздеріңіз айтқандай, құрылыс 1-ші қыркүйекте бітуі тиіс. Өйткені, сапалы жолды бәрі күтіп жүр. Жолдың жөнделуі Риддерге еліміздің әр түкпірінен және шетелдерден келетін туристердің легін көбейтеді. Сіздерден тек қана жұмысты уақытында сапалы орындау талап етіледі. Бастаған істі аяқсыз қалдырмаңыздар. Сіздермен немесе сіздерсіз жол бәрібір жөнделеді. Сондықтан шаруаны тас-түйін етіңіздер, – деп қадап тұрып айтқан облыс әкімі өзге қалалардан келіп өңірімізде күрделі және орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізуші компанияларға облыс аумағында салықтық есепке тұру қажеттігін ескертті.
Серік Әбілхан