ӨзектіТОП

– Бұл бір сұрғылт қала…

20 дәрігер мен 28 орта медицина қызметкері зейнеткер болса да жұмыс істеп жүр. Ал 13 адам зейнет жасына таяп қалды.

– Бұл бір сұрғылт қала…

Риддер халқы күрсініп айтады бұл сөзді.

 

«Батысқа қарашы»

 

Көше бойының көбі аласа – екі-үш қабатты «сталинка» аталатын ескі тас үй, сосын ағаш үйлер… Сыры оңып, қабырғасы дымданған ғимараттар… Кейін осы көріністі түсірген видеомызды көріп шығып, бейне бір кеңес одағы кезіндегі киноны тамашалап отырғандай әсерде болдық. Жоғарыда аталған баспаналарға қараған сәтте беті-қолы жара-жара, көзінен  жас, танауынан су тоқтамай ағып жылап тұрған, күтімі кем ойын баласын елестеттік.

Көшеде бізбен тілдескен көп адамның сөзінен реніш сезіледі. Немересін жетектеген әже қыдыратын дұрыс саябақ жоғын айтады. Егде тартқан енді бір әйел адам тазалық жұмысы нашар екеніне, жыл сайын көктемде көше ластанып кететініне қынжылады. «Бұл – сұрғылт, ескі қала» дейді.

«Андрей Воробьевпын» деп таныстырған азамат жанымызға өзі таяп келді. «Сіздер журналиссіздер ме? Айтарым бар» деп, камераға қарап тұрды.

– Қаладан жастар көп кетіп жатыр. Жұмыс жоқ оларға. Әрине, «Казцинк» кәсіпорынында жақсы жағдай істелген. Бірақ ол жалғыз ғой. Ал жалпы алып қарасақ, қаламыз тозып барады. Мысалы, анау тұрған үйді көрдіңіз бе, сыртын жартылай сылап, қалғанын тастап кеткен… Қоғамдық көлікті, міне, өздеріңіз көріп тұрсыздар. Қаншама халықты ұзақ күттіріп келді, келді де бұзылып қалды, – деді ол.

Расымен, аялдамадағы автобус ұзақ тұрды. Жақын барып, жүргізушісін әңгімеге тарттық.

– Жүргіншілерді неге ішке кіргізбедіңіз? – деп сұрадық.

– Автобус бұзылып тұр, – деп жауап берді жүргізуші есікті жауып жатып.

Сұхбаттасушымыз, Андрей Воробьев әңгімесін қайта сабақтады.

– Мұндай көңілсіз жайттардан соң «батысқа қарашы, батыста былай істейді екен, батыста олай істейді екен» деп, күні кешке шейін Еуропаға қызығамыз. Бірақ біз де олар секілді екі қол, екі аяғы бар, басы бар адамбыз ғой. Неге ендеше бізде өмір сүру сапасы төмен? Бәлкім, ақша жетер жеріне жетпейді… Білмеймін енді, неге екенін… – деп сөзін аяқтамай, иығын қозғады.

– Қаланың ортасында әртүрлі автобус өтеді, сондықтан кемшілігі көп байқалмауы да мүмкін. Ал шет жақтан орталыққа жету мұң. Бір-екі сағат тосып қаламыз. Мен өзім кейде көлікпен де жүремін. Жолдар нашар екенін байқаймын. Үйіміздегі көліктің қосалқы бөлшектерін үш-төрт айдан асырмай, жиі-жиі ауыстырып тұрамыз. Көліктердің бұзылуы жолдардың сапасыздығынан, – деді Оксана Семенова.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің ресми жауабына сүйенсек, қалада апатты деп танылған төрт үй бар. Биыл бір жаңа көпқабатты үйдің құрылысы басталмақ.

Бұдан бөлек қалада пайдалану мерзімі асып кеткен, 1933 жылы салынған мектептер бар. Бұл туралы газеттің 11 ақпандағы номерінде жазған болатынбыз.

– Абаттандыру жұмысы жүргізіледі. Биыл 10 ойын алаңқайын салу жоспарланған. Ал ДОСААФ пен Таловка аудандарында футбол алаңын жасау бойынша бюджетке өтініш берілген. «Әйгерім» саябағы мен қаланың кіреберісіндегі стелаға әдеттегі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Құлағалы тұрған ағаштар шабылып, гүлдер мен көшеттер отырғызылады, – дейді бөлім басшысының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Көккөзов.

Нұрсұлтан Көккөзов бір аптадан кейін бізге жіберген ресми жауабында жолаушы тасымалдаушы компанияларға автобустарды кестеден кешіктірмей жүргізу туралы түсіндіру-ескерту айтқанын, олар қазір штат режимінде жүріп жатқанын жазады.

 

«Қыз бала көпірден құлап кетті»

 

Шағын болса да, қыс бойы бетіне мұз қатпай сарқырап жататын өзен бар. Ондағы жүргіншілер көпірінің жағдайы бес жылдан бері мүшкіл. Басшылықтың назары тек биыл, оқушы қыз түсірген видеодан кейін барып ауған.

Түсіндіре кетейік, «Сабаққа күнде осы көпірден өтіп барамыз» деген №12 мектептің оқушысы әлеуметтік желіге видео жүктеген болатын.

Біз видео авторымен бірге аталмыш көпірді барып көрдік. Тақтайлары түсіп, сау қалған тепкішектерінің арасы алшақ жатқан, жақтауы мүлде жоқ және беті тайғақ көпірден кішкентай қыз өзі өтіп көрсетті. Арғы жағаға жеткен соң қайта бері өтуге жүрексінді.

– Туғалы осында тұрамын. Бұл көпір бала кезімнен бар. Тозып тұрғанына бес жыл болды. Қазір колледжге осы жолмен барамын. Күн жылынса, көктайғақ болады. Тайып жығыласың, – деп, пікірін айтты студент Андрей Пушкарев.

– Биыл қыстың басында бір қыз көпірден құлап кетті. Әне, анау тұрған ағашқа дейін ағып барды. Әйтеуір, аман-есен жағаға шықты. Үсті-басы шылқыған су болды. Бұл – өте қауіпті көпір. Түнде тіпті қорқамыз. Күнде қорқып өтеміз. Тақтайлары уақыт өткен сайын сиреп, бітіп барады, – деді Карина Медведева.

Тұрғындардың айтуынша, Риддер өзен жағасында орналасқан қала болғандықтан, жаяу жүргіншілер көпірі өте көп. Көбі ескі, ерте кезде салынған.

Жоғарыда аталған көпір мәселесі көпшіліктің талқысына түскеннен кейін барып шаруашылыққа жауапты бөлімнің қызметкерлері тақтайларды бүтіндеп қойды.

 

Дәрігердің көбі зейнеткер

 

– Қалада үш үлкен мәселе бар десек, ең әуелгісі медицина мәселесі. Сосын азық-түлік бағасы мен көне үйлер…

– О-ой, медицина туралы жақ ашпай-ақ қояйын. Өліп жатыр мүлде… Терапевтің алдына жету мүмкін емес: талон таппайсың.

– Біздегі аурухана нашар. Бұл туралы айтып, уақыт жоғалтудың керегі жоқ тіпті. Құдай ауырғаннан сақтасын деңіз.

– Қашан барсаңыз да, ұзын-сонар кезекті көресіз. Тіпті қазір ат басын солай бұрыңыздаршы, кабинет есіктерінің аузы адамға толып тұрған шығар…

Бізді көшедегі жұртшылықтың өзі қалалық ауруханаға бағыттады.

Ауруханаға кіріп, барлық есіктің аузында кезек күткен пациенттерді көрдік. Жүйкесі тозған кейбір адамдар ұрсысып қалып та жатты.

Мән-жайды бас дәрігерден білдік.

– Проблемаларымыздың бірі – кадр тапшылығы. 17 дәрігер, сегіз орта медициналық қызметкер жетіспейді. Атап айтсақ, бір сәулелік диагностика дәрігері, жеті жалпы тәжірибе дәрігері, бір дәрігер-терапевт, бір неонатолог, бір анестезиолог-реаниматолог, екі клиникалық зертханалық диагностика дәрігері, бір кардиолог, үш педиатр жоқ. Ал орта медициналық қызметкерлер қатарына екі мейірбике, екі емдеу ісі маманы, екі акушер және екі зертханалық диагностика маманы керек, – деді Гүлнар Кітаппаева.

Оның айтуынша, кадрлардың жасы да ұлғайып барады. 20 дәрігер мен 28 орта медицина қызметкері зейнеткер болса да жұмыс істеп жүр. Ал 13 адам зейнет жасына таяп қалды.

– Маман тапшылығы жағдайды қиындатып тұр. Әсіресе учаскелік дәрігерлер жетіспейді. Олар бір емес, бірнеше аумаққа барып қызмет етуге мәжбүр. Сондықтан талон азайып, электронды кезек ұзарды. Пандемияға байланысты ашылған госпитальдерге де сол мамандар тартылғанын айта кету керек, – дейді Кітаппаева.

Қалалық аурухана өз қаражатына резидентурада травматолог-ортопед, интернатурада жалпы тәжірибе маманын оқытып жатыр. Бос жұмыс орындарын сайттар мен еңбек биржасы порталына да жариялаған.

– Өткен жылы 12 дәрігер келді. 13 дәрігер кетті. Келген мамандарға әкімдік арендалық үй беріп, «Казцинк» компаниясы бес адамға бір миллион теңгеден көтермеақы тағайындады, – деді бас дәрігер.

 

P.S. Біздің елде кейінгі жылдары ауылды қойып, шағын қалада да жұрт тұрақтап тұруға бейіл емес. Жаппай үлкен қалаларға көшу белең алып барады. Тұрғындардың өз пікірінше, халықты қызықтырып ұстап тұратын нәрсені әлі ешкім тап басып таба алған жоқ немесе қолында мүмкіндігі барлар шын ниетпен іске кіріспейді. Шекаралық ауылдарда көбіне мал шаруашылығымен айналысатындар, ал Риддерде негізінен кәсіпорында жұмыс істейтіндер тұрып жатыр.

Былтырғы ресми санақ бойынша, қалада 56 455 адам тіркелсе, биыл соның 500-ден астамы азайған – 55 888 адам қалған.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button