Экономика

Кеніш неліктен Бақыршық деп аталған?

Жарма, Шар өңіріндегі Бақыршық кенішінің атақ-даңқын көнекөз қарттар жақсы біледі. Алтын өндірумен айналысатын бұл кеніш заманында бұрынғы одақ бойынша дүркіреп тұрды. Оны осы өңірдің тумасы, халық ақыны Сапарғали Әлімбетов жырға қосып аспандатса, ал заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің соғыс жылдары Бақыршыққа арнайы келіп, кеніш туралы одақтық «Правда» газетінде көлемді мақала жазғаны да бар. Кейіннен кеншілердің мұндағы Бақыршық кенті ғұлама жазушы есімін иеленген-ді.

Кеніш неліктен Бақыршық деп аталған?Бұрынғы мызғымастай көрінетін одақ ыдырап, тарап тынған соң кешегі кеніштің де басынан бақ тайған. Одан кейін бірін-бірі алмастырған шетелдік компаниялар да ештеңе тындыра алмаған. Абырой болғанда қазір мұнда «Бақыршық тау-кен кәсіпорны» деп аталатын жауапкершілігі шектеулі серіктестігі күн өткен сайын күш алып келеді. Соның айғағындай, 500-ге жуық жергілікті азаматтар жұмысқа тартылған. Келер жылы осы маңда алтын қорыту зауыты салынбақ. Бұл ондаған жаңа жұмыс орны деген сөз. Кенттің әлеуметтік мәселелері де серіктестік мойнында көрінеді.

«Аруақ риза болмай, тірі байымайды» дейді халқымыз. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жергілікті азаматтардың күшімен осында Бақыршық бабаға ескерткіш орнатылды. Ал ол кісі кім еді дегенге келетін болсақ, бұл туралы сөз түйіні төмендегідей.

Сонау 1815 жылы осы өңірде өмірге келген Бақыршық жасы 86-ға келіп, дүниеден озған екен. Осы өңірден алтын кенін тауып қана қоймай, алтын өндірумен айналысатын алғашқы кеншілер ұжымын құрған да сол Бақыршық Мамайұлы болғандығы қазірде дәлелденген жайт. Яғни, Бақыршық бабаны халықтың ортасынан шыққан алғашқы кеншінің бірі десе де болады. Демек, арғы бабаларымыз сол заманның өзінде мал өсірумен ғана айналысып қана қоймай, жер байлығын игеруге де талпынып баққан. Осылайша еліне шарапаты тиген жан аузынан иманы төгілген парасатты адам болған деседі бізге жеткен аңыз. Соның бір айғағындай ол алтыннан түскен пайданы астына баса бермей, бес парызының бірін абыроймен орындап, қажы атанып қайтыпты. Кешегі кеңес заманында қажының бір немересі Жұбайхан Шекенбаев мал өсіру саласының майталманы атанып, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атаныпты. Бүгінде не десек те, ол да заманында әркімнің маңдайына жазылмаған өзінше бір бақыт қой. Ендеше халық кеншісі атанған бабаға құрмет көптік етпесе керек.

Әуезов кентінің орталығына орнатылған тамаша монументтің авторы мүсінші Тілеуберді Бинашев болса, ал оның бірден бір демеушісі – осы өңірдің тумасы, алматылық кәсіпкер Жомарт Сәдуақасов. Жомарт атына заты сай шын мәніндегі жомарт азамат. Ол өткен жылы кент мектебінің спортзалын қажетті керек-жарақпен қамтамасыз еткенін де білеміз. «Монумент маңын болашақта саябаққа айналдыруды ойластырудамыз» дейді Әуезов кентінің әкімі Бақытбек Әмірғазыұлы.

Иә, осы өңірдегі жер асты байлығын тауып, алғаш болып оны игерген және оның таусылмас мол қоры бар екендігін болжап айтып кеткен Бақыршық Мамайұлының есімі ешқашан ұмытылуы тиіс емес.

Шаймардан Қалиақпаров,
Дәулет Сейсенұлы

Жарма ауданы.

Осы айдарда

Back to top button